Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3370 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3370

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья К.Р. Айтжанов, судьялар Н.О.Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі Б.Б. Орынбековтың, жауапкер өкілі Т.А. Исмагуловтың, үшінші тұлғаның өкілі Ә.С. Ұзақбаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер жеке кәсіпкер Назигуль Жарилкагановна Арапованы жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Басқарма) жеке кәсіпкер Н.Ж. Арапованы жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер Н.Ж. Арапова жосықсыз қатысушы деп танылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін және үшінші тұлға өкілін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады. Жергілікті соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғаны: 2024 жылғы 3 мамырда талап қоюшы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурс жариялаған.

2024 жылғы 10 маусымдағы конкурс қорытындыларына сәйкес жеке кәсіпкер Н.Ж. Арапова женімпаз болып танылып, тапсырыс берушімен № 48 келісім шарт жасалған.

Конкурсқа қатысқан ЖК Н.К. Нурмаханова талап қоюшыға «ЕOtinish.kz» платформасы арқылы түскен шағымында Н.Ж. Арапованың конкурстық өтініміндегі біліктілік талаптарында дұрыс емес ақпарат бар екенін көрсеткен.

Жауапкердің әлеуетті өнім беруші ретінде бiлiктiлiгi туралы дұрыс емес ақпарат бергені сотта өз дәлелін тапқан. Конкурстық өтінімде ұсынған аспызшылар Г.К.Сегізбаева мен Ж.Р. Утембетованың «Тамақтандыру мекемелері маманы» мамандығы бойынша білімін растайтын дипломдардың оларға берілмегені және дипломда көрсетілген мамандық колледж тарапынан оқытылмайтыны анықталған.

Жоғарыдағы еңбек ресурстары туралы мәліметтер біліктілік талаптарына жатады деп соттар дұрыс тұжырымдаған, сондықтан, біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берілген жағдайда бұндай өнім берушілер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Осы Қағидада жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру тәртібі айқындалған. Қағидалардың 4-тармақшасына сәйкес, оған конкурс жеңімпазы деп таныған жағдайда шарт жасасудан жалтарған; олармен жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін

орындамаған немесе тиісінше орындамаған; біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) енгізіледі.

Қағиданың талаптарына сәйкес конкурсқа қатысқан кезде дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) аталған тізбеге енгізілуге жатады.

Көрсетілетін қызмет әлеуметтік маңызы бар қызмет болып табылады, сондықтан қызмет көрсетушінің қонкурсқа қатысуға берген өтінімде біліктілік талаптарына әсер ететін құжаттарға қатысты кез келген анық емес мәліметтер өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану үшін негіз болып табылады.

Жауапкердің кассациялық шағымда көрсетілген мән-жайлар жергілікті соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, олардың негізсіздігі тиісті уәждер келтіріле отырып, сот актілерінде көрсетілген. Іс бойынша мән-жайлар толық көлемінде анықталған, оларға соттармен дұрыс құқықтық баға берілген, құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан сот актілер күшінде қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

К.Р. Айтжанов

Төрағалық етуші

Судьялар Н.О. Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.