ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 қыркүйек 6003-25-00-4к/1405 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып, прокурор С.Пернеевтың, талап қоюшы өкілі С.Бегалиевтың, қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының мекемесіне (әрі қарай – Қоғам) жауапкер «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Тексеру комиссиясы) нұсқамасы мен аудиторлық қорытындысының бір бөлігінің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 қыркүйектегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыруды сұраған. Жауапкер Астана қаласына бара алмауына байланысты, бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтінішін келтірген. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала
хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2024 жылдың 11 қаңтардағы Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шара жүргізу тапсырмасымен Қоғамда тексеру жүргізу тапсырылған.
Тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндігі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасында 2024 жылдың 12 қаңтарында тіркелген.
2024 жылғы 4 маусымда жауапкермен № 12-Н нұсқамасы қабылданып, талап қоюшыға орындауға жіберілген.
Талап қоюшы сотқа жоғарғы аталған нұсқаманың 2-тармағының 2.5) тармақшасының күшін жоюды және аудиторлық қорытындының 1-тармағының 4-тармақшасының күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Нұсқаманың дауланып отырған бөлігінде талап қоюшыға 2023 жылғы 27 желтоқсандағы жауапты шартқа сәйкес төленген 20 000 000 теңге көлемінде келтірілген шығынды Кәсіпорынның есеп шотына өтелуін қамтамасыз етуді талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, аудитор жүргізу кезінде аудиторлар 2023 жылдың желтоқсан айына 1,496,4 мың дана тауық жұмыртқасының қалдығы болуын, сондай-ақ тауық жұмыртқасының тез бұзылатындығына
байланысты, өздерінде тауық жұмыртқасын сақтау мүмкіншілігі және мұндай көлемде қажеттілік болмауына қарамастан, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №1 және 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 2 тауарды жеткізу өтінімдері бойынша тиісінше 3.0 млн. дана және 2.0 млн. дана тауық жұмыртқасына «STATUS AREA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) тапсырыс бергендігін анықтаған.
Қоғамның қызметкері Б.О.Сопаевтың тарапынан 2023 жылғы 27 желтоқсанда жауапты сақтау актісіне сәйкес 500,0 млн. дана 1-санаттағы тауық жұмыртқасын «Байлық-2014» жеке кәсіпкердің (бұдан әрі - ЖК) директоры К.К. Тойбаеваның қол қоюымен жауапты сақтауына берілгендігі анықталған. Сонымен қатар, 2023 жылғы 27 қаңтардағы №57-23/ОХ жауапты сақтау шартының 1.1-тармағына сәйкес 1 дана 1-санаттағы тауық жұмыртқасының сақтау құны 4 теңге жалпы сомасы 20 000 000 теңгеңі құрайтындығы айқындалған. Қоғамның 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №5888 төлем тапсырмасымен аталған қаражат «Байлық-2014» ЖК-ге банктік есеп шотына толық аударылғандығын анықтаған. Аудит барысында аудиторлық қорытындыда сақтау құны 4 теңге қандай есептеулерден пайда болғаны туралы құжаттар ұсылмағандығын көрсеткен. Жоғарғы аталған кемшліктердің салдарынан талап қоюшыға 20 000 000 теңге көлемінде шығын келтірілген деген қорытындыға келген.
Талап қоюдың уәждерінен аңықталғандай, 2023 жылғы 16 қарашадағы № 108 негізгі азық-түлік, азық-түлік емес тауарларды және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс атқаратын облыстық штаб отырысының хаттамасының 2-тармағының 6)тармақшасындағы тапсырмаға сәйкес тұрақтандыру қорына қосымша қалыптастыру және тауық жұмыртқасының бағасын тұрақтандыру мақсатында, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерден 5 (бес) миллион көлемінде тауық жұмыртқасын (1 санаты) тауарын сақтау және жеткізу құнымен, сатып алуды қамтамасыз етілсін деп тапсырма берілген. Қоғам және «STATUS AREA» ЖШС-гі арасында 2023 жылғы 21 желтоқсанда 5 000 000 дана (1 санаттағы) тауық жұмыртқасын сатып алусату шарты жасалғандығы анықталды.
Аталған шарттың 1.6 тармағына сәйкес шарттың қолдану мерзімі ішінде тауар сатып алушының қажеттілігін ескере отырып, сатушы сатып алушының орындауға қабылданған өтініміне сәйкес санына және мерзімде тауар жеткізіледі деп көрсетілген.
Сонымен қатар, шарттың 2.1 тармағына сай тауардың бағасы тауарды жеткізуге байланысты барлық шығындарды қамтиды деп белгіленген.
Шарттың 3.2, 3.4 тармақтарында тауардың жеткізу шарттары көзделген. Жеткізу сатушымен сатып алушының өтініміне сәйкес сатып алушының сату нүктесіне дейін немесе қоймасына дейін жеткізіледі және
жеткізу кезінде жеткізілген тауардың жарамдылық мерзімі осы тауарға арналған нормативтік және регламенттеуші құжатттарға сәйкес барлық жарамдылық мерзімнің ¾ кем болмауы тиіс деп көрсетілген.
Шарттың 9 тармағына сәйкес шарт қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және толық орындалғанға дейін қолданылады деп көрсетілген. Яғни, шарт орындалғанға дейін күшінде, мерзімсіз.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшы шарттың 1.6 тармағын ескермей, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 1 және 2024 жылғы 10 қаңтардағы № 2 тауарды жеткізуге өтінімдері бойынша тиісінше 3.0 млн. дана және 2.0 млн. дана тауық жұмыртқасына «STATUS AREA» ЖШС-не тапсырысты негізсіз беріп, салдарынан «Байлық-2014» ЖК-мен 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 57-23/ОХ жауапты сақтау шартын негізсіз жасап, Кәсіпорынға 20 000 000 теңге көлемде шығын келтірілді деген қортындыға келді. Аталған тұжырыммен апелляциялық сатыдағы сот келіскен.
Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарымен келіседі, себебі сатып алу шартының міндеттемелерінде тауар сатып алушының қажеттілігін ескере отырып, сатып алушының өтініміне сәйкес жеткізіледі деп көрсетілген. Яғни, сатып алынған жұмыртқаның қажеттілігі болған кезде Қоғамның өтінімі бойынша сатушыға жеткізілетіне қарамастан, Қоғам заңсыз сақтау шартын жасап, негізсіз 20 000 000 теңге шығынға түскен.
Одан бөлек, №57-23/ОХ жауапты сақтау шарты 2023 жылғы 27 желтоқсанда жасалған.
Осы күні жүк беруші Қоғамның қабылдау-беру актісіне сәйкес, 5 000 000 дана тауық жұмыртқасын сақтаушы «Байлық-2014» ЖК-не сақтауға тапсырды, ал сақтаушы қабылдады деп көрсетілген.
Алайда, Қоғам сатушы «STATUS AREA» ЖШС-не тапсырысты 2 рет, яғни 2023 жылғы 28 желтоқсанда және 2024 жылғы 10 қаңтарда берген. Қоғам сақтаушы «Байлық-2014» ЖК-не 5 000 000 дана тауық жұмыртқасын тапсырмаған.
Істің бұл тұрғысында соттардың талапты қанағаттандырудан бас тартуы заңға сәйкес қабылданған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім
қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 қыркүйектегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.