ВС РК - Постановление от 16.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/777 (Административное)

№6001-23-00-6ап/777

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 16 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер Ақмола облысы, [...] әкімі Х[...] қатысты әрекетті заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған.

Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Сот алқасы кассациялық шағымдарының уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген. Іс материалдарына қарағанда, Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округі әкімінің 2018 жылғы 14 қарашадағы №102 өкіміне сәйкес талап қоюшыға тұрғын үй салу үшін Сабынды ауылдық округі Сабынды [...] аумағынан уақытша өтеулі қысқа мерзімге үш (3) жылға жалға 0,1000 га жер учаскесі берілген.

Жалға беру мерзімі аяқталғаннан кейін, 2022 жылғы маусым айында талап қоюшы берілген жер учаскесінде құйылған бетонның ауыл әкімі сүріп тастағанын анықтаған.

Ауылдық округ әкімінің аталған әрекетіне талап қоюшы Қорғалжын ауданының әкіміне шағымданған.

Ж[...] шағымы Қорғалжын ауданы әкімі аппаратымен тиістілігі бойынша Сабынды ауылдық округінің әкіміне жолданып, оның 2022 жылғы 10 тамыздағы хатымен жауап берілген.

Талап қоюда Ж[...] Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округінің әкімімен берілген жер учаскесінде құйылған бетонның сүріп тастаған әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтарып, талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізілгенін, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруге негіз жоқ екендігін көрсеткен. Соттардың бұл тұжырымы негізді және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Соттардың талап қою арызын талап қоюшыға кері қайтару туралы тұжырымы негізді, өйткені талап қоюшы процестік мерзім өткізілмеген деп мәлімдеп, істі негізінен қарауды сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюды заңды түрде қайтарған, сондықтан шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.