6001-21-00-3гп-531
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 25 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасының м.а. Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Н.Қ.Сұлтановтың,
прокурор Д[...], талап қоюшы «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...],
жауапкер «Technodom Operator» (Т[...]) акционерлік қоғамының өкілі Ш[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Тапсырыс беруші), жауапкерлер «Technodom Operator» (Т[...]) акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам), «МС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік):
мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану;
Қоғамнан 102 834 900 теңге, Серіктестіктен 183 123 202,5 теңге тұрақсыздық айыптарын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Мекеме сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімімен Мекеменің талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Қоғамнан мемлекет пайдасына 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыппұл, 3 085 047 теңге мемлекеттік баж салығы және Серіктестіктен мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұл, 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.
Жауапкерлерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызының бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талапты қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Арызданушы өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қоғам талап қоюшының өтінішхатына келтірген пікірінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдырып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Серіктестіктің өкілі кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, Серіктестіктің өкілінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын оның өкілінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша талап қоюшы Мекеменің өкілі С[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкер Қоғамның өкілі Ш[...] өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың апелляциялық сатыдағы сот актісінің жаңа шешім қабылдаған бөлігінде күшін жойып, осы бөлігінде бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін және оған Қоғамның келтірген пікірін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Мекеме мен Қоғамның арасында 2020 жылғы 27 тамызда № 165 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (бұдан әрі – № 1 Шарт).
№ 1 Шарттың 2.1-тармағы мен № 1-қосымшасына сәйкес Қоғам «қашықтықтан оқытуға арналған ноутбук» тауарын 3 427 830 000 теңгеге 2020 жылғы 30 қазанға дейін жеткізуге міндеттенген.
Сонымен қатар, Мекеме мен Серіктестіктің арасында 2020 жылғы 27 тамызда № 166 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (бұдан әрі – № 2 Шарт).
№ 2 Шарттың 2.1-тармағы мен № 1-қосымшасына сәйкес Серіктестік «қашықтықтан оқытуға арналған ноутбук» тауарын 3 427 672 500 теңгеге 2020 жылғы 30 қазанға дейін жеткізуге міндеттенген.
Тауарлар аталған шарттарда көзделген мерзімде жауапкерлермен жеткізілмеген.
Бірінші сатыдағы сот тұрақсыздық айыбын өндіру туралы шешімін жауапкерлермен шарттардың 7.3-тармақтарында көзделген міндеттемелердің орындалмағанымен тұжырымдаған.
Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танудан бас тарту туралы тұжырымын тапсырыс беруші үшін жағымсыз салдардың туындамағанымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, тұрақсыздық айыбын өндіруден бас тарту туралы қабылдаған шешімін, жауапкерлердің шарттар бойынша міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындау үшін өздеріне байланысты шаралардың барлығын қолданғандарын, бірақ бой бермейтін күштің, тойтаруға болмайтын мән-жайлардың салдарынан тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндіктері болмауымен қорытындылаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272-бабының талабына сай мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.
АК-нің 293-бабына сәйкес тұрақсыздық (айыппұл) заңнамамен немесе келісім-шартпен анықталған, борышкер міндеттемелерді орындамағанда немесе тиісінше орындамағанда, сонымен бірге мерзімінен кешіктіргенде несие берушіге төлеуге міндетті ақшалай сома болып табылады.
№ 1 және № 2 Шарттардың 7.3-тармағында тауарды жеткізу мерзімін өткізіп алған жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушіден ол міндеттемелерін тиісінше орындамаған (ішінара орындамаған) жағдайда мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттемелер сомасының 0,1 пайыз мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алады. Бұл ретте тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы шарттың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс деп көрсетілген.
Сол себепті талап қоюшы № 1 Шарттың құнынан 30 күнге 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыбын есептеп Қоғамнан өндіруді, ал № 2 Шарттың құнынан 57 күнге 183 132 202,5 теңге тұрақсыздық айыбын есептеп Серіктестіктен өндіруді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот жоғарыда келтірілген заң талаптарына сілтеме жасай отырып, талап қоюшының тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талабын мәлімделген шегінде қанағаттандырып, жауапкерлерден өндірген.
Іс құжаттарына қарағанда, Қоғамның 2020 жылғы 12 және 19 қазандағы хабарламаларында тауарға деген сұраныс 2020 жылдың екінші жартыжылдығында 70 пайызға дейін өскенін, сол себепті зауыттың әлеуеті жетпей, өнім берушілер тауардың тетіктерін мерзімінде шығаруға шамалары келмей жатқаны жөніндегі жайлар мәлімделген.
Аталған жайлар жөнінде P[...]., limited компаниясының 2020 жылғы 7 және 10 желтоқсандағы хаттарында да баяндалған.
Н[...] жеткізілетін тауарлар 2020 жылғы 6 және
18 қарашада дайын болған.
Ал тауарды әуежай арқылы жеткізетін тасымалдаушы компания мен «IGS[...]» ЖШС арасында шарт тек 2020 жылғы 4 қарашада жасалған және ол тауарды жеткізу уақыты А300-[...] ұшағының бұзылуына байланысты кейінге шегерілген.
Демек, Мекеме өзінің өтінішхатында форс-мажорлық жағдай болды деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы дәлелін таппады деп көрсетуі орынды.
Сол себепті кассациялық сатыдағы сот Мекеменің ол уәжімен келіседі, өйткені жеткізілетін тауар қараша айында дайын болған және оның жеткізілетін уақыты ұшақта болған ақауларға байланысты кешіктірілген.
Жауапкерлердің іске тіркеуге берген құжаттарының ішінде, қазан айында Қытаймен шекарадағы теміржол немесе автокөлік қатынасымен жүк тасымалдау шектелгенін дәлелдейтіндей деректер ұсынылмаған.
Сонымен қатар, апелляциялық сатыдағы сот даулы қатынастарға «Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысының 10тармағын негізсіз қолданған, өйткені мемлекеттік сатып алулар қаулының талаптары қолданылмай, «тікелей шарт тұжырымы бір дереккөзден» сатып алу тәсілі негізінде жасалған.
Сондықтан сот алқасы, апелляциялық сатыдағы соттың Шарттардың 10-3 және 10-4-тармақтарына сілтеме жасай отырып, форс-мажорлық мәнжайлар бойынша жасаған қорытындысы заңға және іс үшін маңызы бар мәнжайларға негізделмеген деп санайды. АПК-нің 65-бабының 3-бөлігіне сәйкес істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес. АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс
Істің мұндай тұрғысында сот алқасы, апелляциялық сатыдағы сот қаулысын өзгертіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің Қоғамнан мемлекет пайдасына 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 3 085 047 теңге мемлекеттік баж салығын, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығын өндірген бөлігінің күшін жойып, жаңадан шешім қабылдаған бөлігінің күшін жойып, осы бөлігінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімін күшінде қалдыру қажет деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының
2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының бірінші сатыдағы сот шешімінің Қоғамнан мемлекет пайдасына 102 834 900 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 3 085 047 теңге мемлекеттік баж салығын, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 183 123 203 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 5 493 696 теңге мемлекеттік баж салығын өндірген бөлігінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдаған бөлігінде күші жойылсын.
Осы бөлікте Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева
Судьялар
Н.Қ.Сұлтанов
Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.