ВС РК - Постановление от 23.02.2022 по делу 6001-21-00-6КА/1113 (Об административном правонарушении)

6кп-15

2022 жылғы 23 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А.Қ.Қыдырбаева,

судьялар М.Т. Балкен, М.Ж. Омарбекова,

прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға М[...] қорғаушысы Ж[...] қатысуымен, кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Түркістан облысы, [...] әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 31 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен,

М[...] (M[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы, [...] әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен М[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 4- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі М[...] қорғаушысының, прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес М[...] заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтКнің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот М[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша М[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде ескермеген.

Сонымен қатар, сот М[...] 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматы Ж[...] заңды некеде тұрғанын, некеден 2009 жылы және 2014 жылы туылған екі кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барын, отбасымен Алматы облысындатұрақты түрде тұрып жатқанын ескермеген.

Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады. Сотпен тағайындалған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңының 16-бабының 2- тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

Сондықтан, М[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы жаза оның Қазақстан Республикасына бес жыл бойы келуге тиым салу қолайсыз салдарға әкеп соғады.

Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген. Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен 25 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. М[...] материалдық жағдайын ескере отыра, алқа ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшерін 51 048 теңгеге дейін азайтады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтКнің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша М[...] (M[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Түркістан облысы, [...] әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 31 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.

М[...] (M[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 51 048 (елу бір мың қырық сегіз теңге) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

М. Омарбекова

Көшірмесі дұрыс Судья А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.