ВС РК - Постановление от 18.04.2025 по делу 6001-25-00-6кп/5 (Об административном правонарушении)

6кп-5-25

2025 жылғы 18 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Е. Мәукен, судьялар Д.А. Шипп, Г.Ғ. Исамберлиева,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры А. Төремұратұлының,

Құқықбұзушы М.А. Мамбеткуловтың қорғаушы адвокаты

А.К. Ақылованың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Махмут Ахметович Мамбеткуловқа (Mambetkulov Makhmut Akhmetovich) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысымен М.А. Мамбеткулов ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында құқық нормаларын қолданудағы бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор А. Төремұратұлының қорытындысын, адвокат А.К. Ақылованың түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы М.А. Мамбеткулов 2024 жылғы 4 қазанда Қазақстан Республикасына келіп, жүріп тұруға рұқсат берілген мерзім өткеннен соң, он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот М.А. Мамбеткуловты кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған.

Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

Істегі құжаттарға сәйкес М.А. Мамбеткулов Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылады, 1961 жылғы 24 сәуірде туған, ұлты - қазақ, егде жаста (63-те). М.А. Мамбеткулов Өзбекистан Республикасынан есептен шығып, Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мақсатында келген. Өзбек Республикасында басқа туысы жоқ, заңды некеде тұрмайды.

Сондай-ақ, іс материалдарына құқықбұзушының ағасы - Сарсенбай Ахметовтің ұлты қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы, Қонаев қаласында тұрады, бұл фактіні растайтын төлқұжаттар тіркелген.

ӘҚБтК-нің 55-бабының 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Бірінші сатыдағы соттың қаулысына сәйкес бұрын М.А. Мамбеткулов әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған.

ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес кiнәлi адамның өкiнуi, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады.

Сол себепті М.А. Мамбеткуловқа тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орнына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы керек.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Махмут Ахметович Мамбеткуловқа (Mambetkulov Makhmut Akhmetovich) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

М.А. Мамбеткуловқа (Mambetkulov Makhmut Akhmetovich) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 92 300 (тоқсан екі мың үш жүз) теңге айыппұл салынсын.

Республика Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Мәукен

Судьялар

Д. Шипп

Г. Исамберлиева Көшірме дұрыс. Судья Е.Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.