6001-23-00-6ап/740
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 2 тамыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар – Г.У.Альжанов, Г.К.Нурбаев болып,
өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер жеке сот орындаушысы А[...] (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) жылжымайтын мүлкін өткізуге беру әрекетін заңсыз деп танып, қаулының күшін жою туралы талап қою арызы бойынща қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысының 2022 жылғы 1 қарашасында қабылдаған, яғни өзінің жылжымайтын жеке мүлкін өткізуге беру туралы қаулысы оның құқықтарын бұзатындығын көрсеткен.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 ақпандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жоюды және іс бойынша талап қою арызын толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған талап қоюшының кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждерін және іс құжаттарын зерттеп,
төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2019 жылғы 31 мамырындағы ұйғарымымен талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...] 4 590 000 тенге қарыз ақшаны өндіру туралы азаматтық ісі бойынша бітімгершілік келісімшарт бекітілген.
Бітімгершілік келісімшарт талаптарының орындалмауына байланысты 2021 жылдың 4 маусымында ЖСО А[...] атқарушылық іс жүргізу қозғаған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қазандағы ұйғарымымен Н[...] қарыз соммасы соңғының кепiлге салынған Шымкент қаласы Ш.Қ[...] көшесі [...] үй [...] пәтер мүлiкінен өндiрiлген.
ЖСО А[...] 2022 жылдың 1 қарашасында борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулы қабылдаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, сот орындаушысы тарапынан заң бұзушылықтар орын алмағанын негіздеген.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды қанағаттандырудан бас тару туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) 57-бабы 1-тармағына сай борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындау мақсатында Н[...] қарыз берешегін жылжымайтын мүлкінен өндіріп алу туралы ұсыныспен сотқа жүгініп, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылдың 13 қазандағы ұйғарымының негізінде даулы қаулы қабылданған. Істің мұндай тұрғысында, ЖСО А[...] дауланып отырған қаулысы өз құзыреті шегінде заңнама талаптары сақтала отырып қабылданған деп есептейді.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Талап қоюшының сотта зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Г.У. Альжанов
Г.К. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.