6001-23-00-3гп/209
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова,
судьялар Т.Ә.Ибрашев, Р.А.Қуанышбаева,
талап қоюшы Қ[...], оның өкілі О[...], жауапкердің өкілі Қ.Қалайбайдың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференц байланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында
Қ[...] «Forte Bank» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – АҚ, Банк) банктік қарыз шартын жарамсыз деп тану, банктік қарыз шарты бойынша төлем жүргізілуін тоқтата тұру, банктердегі есеп-шоттарынан ұсталынған ақша қаражаттарын қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымына жауапкер Банктің келтірген өтінішхаты бойынша түскен электрондық азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қ[...] жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сонымен бір мезгілде, істі қарау барасында заңдылықтың бұзылу жағдайлары анықталғандықтан сот алқасымен Банке қатысты тиісті шаралар қолдану үшін жеке ұйғарым шығарылған.
Өтінішхат иесі Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымын заңсыз және негізсіз шығарылуына байланысты оның күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2022 жылғы 30 мамырда Қ[...] Банкке кепілдемесіз займ (онлайн) алуға арыз ұсынып, өзінің жеке телефон нөміріне келген SMS - коды арқылы қол қойған.
Банкпен Қ[...] 60 ай мерзімге 5 000 000 теңге несие берілген.
АПК-нің 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Апелляциялық сот алқасының жеке ұйғарым шығаруына, азаматтық істі қарау барысында несие беруші Банк қарыз алуға өтініштің жұмыс уақытынан тыс уақытта берілгеніне назар аудармағаны, Банктің Контакторталығы қызметкерімен Қ[...] қойылған сұрақтардың мағынасын тілді білмеуіне байланысты түсінбегеніне көзін жеткізбегені, ақша беру барысында Клиентті анфас суретімен бет-пішінін анықтап, оның жеке басына верификация жасай тұра, банкоматта қомақты қаржыны бетін тұмшалап маска киген адамның алуына жол бергені негіз болған. Алайда, соттың бұл тұжырымымен келісуге болмайды, өйткені көрсетілген негіздер өз дәлелін таппаған.
Сот алқасымен анықталғандай, 2020 жылғы 7 тамыздағы № 01-010873-ВДБП/63 бекітілген «Мобильді-банкингте тіркелген жеке тұлғаларға кепілсіз банктік қарыздар беру процедурасы» Банктің ішкі нормативтік актісіне сәйкес, қарыз беру Астана қаласының уақыты бойынша 24:00 дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Электрондық өтінімдермен жұмыс жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес электрондық өтінімдерді өтініш берушілер 24/7 режимінде бере алатыны, ал оларды өңдеу жұмыстары жұмыс уақытында сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жүзеге асырылатыны анықталған. Онлайн-несие берудің мұндай жұмыс тәртібі Банктің мобильді қосымшасын тұтынушыларға ынғайлы болу үшін және уақыт үнемдеу үшін қолданысқа енгізілген.
Банк тарапынан Қ[...] Контакт-орталығы қызметкерімен сөйлескен аудиожазбалары ұсынылған.
Бұл аудиожазба бойынша Қ[...] бастапқы сөйлесу барысында Контакт-орталығы қызметкері оның қазақша сәлемдесуі нәтижесінде әңгімені қазақ тілінде бастап, сұрақтарды осы тілде қойған,
алайда Қ[...] сұрақтардың мағынасын түсінбейтіндігін айтқан соң, қызметкер сұрақтарды орыс тілінде қайтадан қойған.
Қ[...] қойылған барлық сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, жауаптарында өзінің аты-жөнін айтып, несие бойынша алған соммасы мен мерзімін және оны ешкімнің араласуынсыз дербес ресімдегенін растаған.
Бұдан басқа, Банк клиенттерді қорғау мақсатында онлайн-несие мақұлданғаннан кейін ақша қаражаттарын қолма-қол, оның ішінде банкомат арқылы алу үшін клиенттің тіркеген мобильді телефонына СМС-хабарлама түсіп (әр транзакциясы үшін бөлек код), оның кодын клиенттің өзі ғана білетінінін, аталған СМС-хабарламадағы сандар комбинациясын (код) банкомат терминалына енгізу арқылы жеке басын растау жүргізілетінін, яғни, клиент өзі ғана білетін кодты ешкімге айтпауы тиіс, ондай жағдайда қандай-да бір үшінші тұлға үшін несие қаражатына қол жеткізу мүмкін еместігі анықталған.
Қ[...] банкоматтан несие қаражатын алуды «Forte» мобильді интернет банкингі арқылы жүргізген, банкоматтан ақша алу барысында ол телефон нөміріне түскен СМС-хабарламалар арқылы өзінің жеке басын растап, ақша қаражаттарын қолма-қол алуына жағдай жасаған.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасының Банкке қатысты қабылдаған жеке ұйғарымы істің мән-жайына сәйкес келмейді және дау айтылған сот актісінің күшін жоюға негіз болып табылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасының талаптарын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 наурыздағы жеке ұйғарымының күші жойылсын. «Forte Bank» АҚ-ның өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Б.Ж.Тоқтарова
Т.Ә.Ибрашев
Судьялар
Р.А.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.