6001-20-00-3г/1280(3) ҚАУЛЫ
2020 жылғы 13 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева талап қоюшы «ТЗК[...]» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – ӨК, Кооператив) жауапкер Қазығұрт ауданы әкімдігіне соңғының қаулысын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Ж[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«ТЗК[...]» ӨК-і сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімімен Кооперативтің талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы Ж[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап, төмендегідей уәждер келтірген.
Түркістан облысы, [...] әкімдігінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулысымен «ЗК[...]» ӨК-не Жаңа базар ауылдық округінің аймағында орналасқан жалпы аумағы 97,5 га жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) 49 жылға уақытша пайдалануға берілген. Алайда, 2013 жылғы 15 шілдеде Қазығұрт ауданы әкімдігінің № 350 қаулысымен жоғарыда аталған қаулының күші жойылып, Кооперативке берілген даулы жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына өткізілген. Аталған мән-жайды 2019 жылы 17 мамырда Түркістан облысы, [...] әкімінің орынбасарының 2019 жылғы 2 мамырдағы № 1444 хатын алғаннан кейін біліп сотқа жүгінгенін және талап қоюдың жалпы мерзiмi өтпегенін көрсеткен.
Қазығұрт аудандық әкімдігінің 2013 жылы 31 мамырда және 2013 жылы 26 маусымда қаулыны жүзеге асыру жөнінде және оны орындамаған жағдайда оның күші жойылатыны туралы жолдаған ескертпе хаттарын Кооперативтің бұрыңғы төрағасы Ж[...] алмағанын мәлімдеген.
Сонымен қатар, 2013 жылғы 17 қыркүйекте «ЗК[...]» ӨК-нің бұрыңғы төрағасы даулы жерден бас тарту және қаулының күшін жою туралы өтініші Қазығұрт аудандық әкімдігінің дау нысаны болып отырған қаулы шыққаннан кейін берілгені сотпен зерттелмеген.
«Өндірістік кооператив туралы» Заңының 15-бабының 9, 12тармақтарына сәйкес егер жалпы жиналысқа кооператив мүшелерінің немесе олардың сенімді өкілдерінің жартысынан астамы қатысса ол құқылы деп саналады, егер жалпы жиналыстың шешімі үшін жиналысқа қатысқан кооператив мүшелерінің немесе олардың сенім білдірген адамдарының жартысынан астамы дауыс берсе, ол қабылданды деп саналады. Яғни, «ЗК[...]» ӨК-де жиналыс хаттамасы мен кооператив мүшелері жиналыс жасалмағандықтан жазылған өтініштің күші жоқ деп санайды. Жер кодексінің 43-бабының 11-тармағына сай осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн азаматтар мен заңды тұлғаларға бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
Осы Кодекске сәйкес мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға ауыстыру құқық иеленушілердiң қалауы бойынша жүзеге асырылады. 2002 жылғы 8 ақпандағы №72а қаулыда ауданның жер есебіне тиісті өзгерістер енгізу, жерді пайдалануға құқық беретін құжаттарды, келісімшартты рәсімдеу аудандық жер ресурстарын басқару комитетіне /П[...]/ тапсырылған.
Бірақ, Қазығұрт аудандық әкімдігінің 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулысы әлі күнге дейін орындалмағанын, Қазығұрт аудандық әкімдігі Жаңабазар ауылдық округінде «ЗК[...]» ӨК-не тиесілі жер учаскесі аудан қорына есепке алу туралы қаулы шығармағанына назар аударған.
«ЗҚ[...]» ӨК-і даулы жер учаскесін 2002 жылдан бері пайдаланып, салықтарын төлеп, онда жоңышқа, қалғанына бидай егуде.
2019 жылғы 12 сәуірде Д[...] жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарт жасалғанын, алайда оны үшінші тұлға ретінде және Кооперативтің бұрыңғы төрағасы Ж[...] сотқа шақырмағанын көрсеткен.
Сонымен бірге, 2008 жылы Кооперативтен К[...] бөлініп шығып, даулы жер учаскесінің ішіндегі 3,6000 га жер учаскесін иеленген. Ал, дау нысаны болып отырған қаулымен 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулының күші жойылғанда, К[...] тиесілі жер учаскесі ескерілмей, өрескел заң бұзушылық болған деп есептейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актілерін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.
Қорыта келгенде, судья өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Ж[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья Р. Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс Судья Р. Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.