6001-23-00-3гп/145
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 3 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші Н.К.Шәріпов, судьялар М.Т.Балкен, А.С.Савинова, жауапкерлер Ю[...] мен Ш[...] өкілі - М[...],
Шымкент қаласы әкімдігінің және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Қ[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Ш[...], Ш[...], Ш[...], Х[...] жауапкерлер Ю[...], Ш[...], Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне өтетін жолдағы заңсыз қоршауды өз есебінен бұзуға міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ю[...] мен Ш[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Талап қоюшылар жауапкердің қоршауынан шаруалар өз жерлерін мақсаты бойынша пайдалана алмай, олардың құқықтарының бұзылғанын көрсетіп қоршаған сымтемірді өз есебінен бұзуды міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған және сотпен талап қоюшыларға шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелері жанынан өтетін ұзындығы 230 метр, ені 15 метр жолдағы заңсыз қоршау Ю[...] мен Ш[...] есебінен бұзу міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Ю[...] мен Ш[...] өзінің өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсеткен және істі қарау барысында соттар материалдық құқық нормаларын бұзған деп есептейді. Сондықтан кассациялық өтінішхатта аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Жоғарғы Сот алқасы жауапкерлердің өтінішхатта көрсеткен уәждерін тыңдап, іс-құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылуға, азаматтық іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай заң бұзушылықтар орын алған.
Іс бойынша анықталғандай, талап қоюшылар Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында алаңы 1,2800 шаршы метр және 5,800 шаршы метр жер учаскелерін уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану құқығы негізінде шаруа қожалығын жүргізу үшін алғаны, ал жауапкерлер Қ[...] шағын ауданы, 239 орамында орналасқан алаңы 1,0400 шаршы метр және 0,8600 шаршы метр жер учаскелерін шаруа қожалығын жүргізу үшін алғаны анықталған.
Талап қоюшылардың сотқа талап қоюымен жүгінуіне ешкімнің құқығына берілмеген мемлекетке тиесілі ені 15 метр және ұзындығы 230 метр бос жатқан жер учаскесін жауапкерлердің өз жеріне қоса қоршауға алуы себеп болған. Қазіргі кезде даулы жердің жауапкерлермен қоршап алуына байланысты талап қоюшылардың өз жеріне еркін өтуіне кедергі келтіріп отырғанын негіздеген.
Азаматтық істі қарау барысында жергілікті соттар жауапкерлер қоршап алған жер көпшілік пайдаланатын жолдың жобасына жартылай түсіп тұрғанын, сондай-ақ ол учаскеде көпшілік пайдаланатын жол қарастырылған деген Шымкент қаласының сәулет және құрылыс басқармасы өкілінің сот отырысында берген түсініктемесін басшылыққа алып, жер учаскесінің олардың өздеріне тиесілі емес екенін біле тұра қоршауға алып, талап қоюшылардың өз жерлеріне еркін өту мүмкіндіктерін шектеген деген тұжырымға келген және талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығару арқылы аталған қоршауды өз есебінен бұзуға жауапкерлерді міндеттеген.
А[...] кассациялық өтінішхатында соттардың бұл тұжырымдарымен келіспей, заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Өйткені істі қарау барысында Шымкент қаласының сәулет және құрылыс басқармасының 2021 жылғы 3 қарашадағы хатында даулы жердің жоспарға сай көпшілік пайдаланатын көше немесе жол ретінде қарастырылмағанын сот отырысында анықтады деген уәждерін көрсетіп ал, даулы жердің көпшілік пайдаланатын жол екенін ешқандай құжаттармен дәлелдей алмағандығымен негіздеген. Дегенмен жауапкерлердің ол даулы жерді алған кезде бұрынғы жер иесінің ол жерді
қоршауға алынғанын талап қоюшылар жоққа шығармаған. Ал даулы жерді бірнеше жыл бұрын жердің бұрынғы иесі өзінің алма бағына қоса алғанымен шектелмей, сонымен қатар қосымша алма ағаштарын отырғызғанын көрсеткен. Бұған дәлел аталған жер учаскесіне отырғызған 5-6 метрге дейін өскен алма ағаштары, оларға кемінде 10-12 жыл болғанын уәждеген. Сондай-ақ бұл қоршап алынған даулы жерден басқа талап қоюшылардың өздерінің шаруа қожалықтарына өтетін басқа жолы бар екенін де атап көрсеткен. Қаншама жылдар өткен соң бұл даудың не үшін қазір туындап отырғанын және жергілікті соттардың қандай негіздермен талап қоюды қанағаттандырып отырғаны арызданушыларға түсініксіз екендігімен негізделген.
Жоғарғы Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамай, сот отырыстарында талқыланған жайттарға нақты құқықтық баға бермей, негізсіз сот актілерін қабылдауға жол берген деп тұжырымдайды.
Өйткені жергілікті соттар дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар жайттарды анықтамаған, яғни даулы жердің Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 164-1-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын негізге ала отырып, заңды дұрыс қолданбаған. Демек арызданушылармен көрсетілген даулы жерді талап ету жергілікті атқарушы органдардың құзырында деген негізді уәждерімен келісуге болады.
Азаматтық іс материалынан анықталғандай, сот отырысында жауапкерлермен ұсынылған «СРМ[...]» ЖШС-нің теңгеріміндегі ауыз сумен қамтамасыз ететін 2 желі диаметр 500 мм магистралды су құбыры жүргізілгені туралы 2022 жылғы 26 сәуірдегі хаты жергілікті соттармен дұрыс зерделенбеген. Бұл тұрғыда арызданушылардың даулы жерге жол ашылып, жүк көліктерімен пайдалануы жер астынан өткен су құбырларының жарылуына себеп болып, басқа дауды тудырады деген уәждері де дұрыс.
Дегенмен «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 маусымдағы №6 нормативтік қаулысының талаптарына сай шығарылған сот шешімдері өзге сот дауларының туындауына жол бермеуі керек.
Жергілікті соттармен аталған мәліметтер негізге алынбай, дәлелдерге баға берілмеген.
Сот отырысында зерттелген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2022 жылғы 10 қаңтардағы хатына сәйкес даулы жер учаскесіне жасақталған зерттеу актісі бойынша қоршауға алынған, бірақ кадастр №№[...], [...] және [...], [...] жер учаскелері Шымкент қаласының электрондық картасында, кадастрлық іс қағаздағы координаталарына, жер учаскесінің жоспарына сәйкес талап қоюшымен жауапкерлердің жер учаскелері және межелес орналасқан көршілердің жер учаскелерімен беттеспеген, бұл басқа азаматтардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды.
Сот мәжілісінде зерттелген жер кадастрлық істеріне қарағанда берілген жерлердің схемасы тіркелген. Бұл схема бойынша жерлердің қайда орналасқаны нақты көрсетілген. Сонымен қатар талап қоюшының бөтеннің жер учаскесін пайдалану құқығы - сервитуттың бар екендігін растамады.
Осылайша талап қоюшылардың мемлекетке тиесілі жер учаскесіндегі қоршауды жауапкердің есебінен бұзу туралы уәжі өз дәлелін таппады. Өйткені мемлекетке тиесілі жерді талап ету тек мемлекеттік органдардың құзырында екенін негізге алған жөн.
Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың осы істі қарау барысында АПК-тің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдау туралы тұжырымға келеді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшылар Ш[...], Ш[...], Ш[...], Х[...] жауапкерлер Ю[...], Ш[...], Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне өтетін жолдағы заңсыз қоршауды өз есебінен бұзуға міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
А[...] Ю[...] және Ш[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.К. Шәріпов Судьялар А.С. Савинова М.Т. Балкен
Көшірмесі дұрыс
Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.