ВС РК - Постановление от 21.08.2024 по делу 6001-24-00-6ип/31 (Административное)

6001-24-00-6ип/31

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 21 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Н.Ә.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілдері С.С.Абилхановтың, В.С.Тарскихтың, жауапкердің өкілдері Т.Б.Ахметкалиевтың, Қ.М.Егімбаеваның, Р.С.Уразгалиевтың, Е.Д.Сатаровтың,

аудармашы Г.Н.Нурланованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) «Inter Gold Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) 938 897 000 теңге берешек сомасын өндіру, 286 485 000 теңге тұрақсыздық айыбын өндіру, тарату қорына 4 394 000 теңге сомасын арнайы депозиттік шотқа аударым жасауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер өкілінің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге қатысты жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық өтінішхатында жергілікті соттардың сот актілерімен толық көлемде келіспей, олардың материалдық және процестік құқық нормаларының бұзыуына байланысты күштерін жойып, талап қоюды ішінара қанағаттандыруды сұраған.

Тараптар өкілдерінің түсініктерін, жергілікті соттардың сот актілерімен келісіп, күшінде қалдыру бойынша қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда 1996 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрлігі және «Артель ТРУД» жабық акционерлік қоғамы арасында 5 жыл мерзімге Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Большевик алтын кен орнын әзірлеуді жүзеге асыруға арналған №47 келісімшарт (бұдан әрі - Келісімшарт) жасалған.

2001 жылғы 7 қыркүйектегі Келісімшартқа №1 толықтырумен қолдану мерзімі 2016 жылғы 28 мамырға дейін ұзартылған.

2005 жылғы 1 сәуірдегі Келісімшартқа №2 толықтырумен жер қойнауын пайдалану құқығы «Inter Gold Capital» ЖШС-не ауысқан.

2015 жылғы 28 сәуірде Келісімшартқа №7 толықтыруға сәйкес Келісімшарттың қолдану мерзімі 2030 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады деп көрсетілген.

Келісімшарттың жұмыс бағдарламасына сәйкес:

  • 2020 жыл - 340 832 000 теңге (келісімшартқа №7 толықтыру);

  • 2021 жыл - 311 580 000 теңге (келісімшартқа №8 толықтыру);

  • 2022 жыл - 286 485 000 теңге (келісімшартқа №8 толықтыру) аударым сомаларын құрайды.

Келісімшарттың жұмыс бағдарламасына сәйкес (келісімшартқа №7 толықтыру) тарату қорына 2020 жылы 4 394 000 теңге сомасын аудару көзделген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әpi жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі №318 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оны Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне және Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бөлу жолымен қайта ұйымдастырылған. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің уран өндіруді қоспағанда, пайдалы қатты қазбалар бөлігінде жер қойнауын пайдалануды мемлекеттік басқару саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне берілген.

2023 жылғы 17 сәуірдегі және 2023 жылғы 25 сәуірдегі хабарламалармен талап қоюшы келісімшарт бойынша жіберілген бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоюды, олардың жойылғандығын растайтын барлық қажетті құжаттарды ұсынуды және тұрақсыздық айыбын төлеуді жауапкерден талап еткен.

Жергілікті соттар істі қарау барысында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 392-бабының талаптарын мен келісімшарттың 8 және 14-баптарында көзделген шарттарды назарға алмаған.

АК 392-бабына сәйкес шарт талаптарын түсіндіру кезінде ондағы сөздер мен сөйлемдердің мәнін ескеру қажет.

Келісімшарттың 8-бабына енгізілген №8 толықтыру мәтінінде жауапкердің міндеттеріне: «Келісімшарттың қолдану мерзімі ішінде жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға тиіс... жергілікті атқарушы органның бюджетіне кірістің 10 (оң) пайызынан аз мөлшерінде жыл сайын аударымдар жүргізеді» кіреді делінген.

Осылайша, 8-бабына енгізілген №8 толықтыру мәтінін сөзбе-сөз мағынасы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар жасау жөніндегі міндеттемелер, кіріс болған жағдайда ғана пайда болады дегенді білдіреді.

Келісімшарттың 8-бабына сәйкес Келісімшарттың қолдану мерзімі ішінде жер қойнауын пайдаланушы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жергілікті атқарушы органның бюджетіне кірістің 10 пайызынан аз емес мөлшерінде жыл сайынғы аударымдар жүргізеді.

Ол өз кезегінде Келісімшартпен қарастырылған міндеттемелер тек кіріс пайда болған жағдайда ғана туындайтындығын бекітеді.

Серіктестік іс жүзінде 2020-2022 жылдары Келісімшарт мәні бойынша, яғни табыс әкелетін қызметті жүзеге асырмаған. Іске жауапкерде көрсетілген кезең аралығында пайданың болғаның растайтын құжаттар тіркелмеген.

АК 392-бабынна сәйкес, егер шарт ережесінің сөзбе-сөз мәні түсініксіз болған жағдайда, ол бүкіл шарттың басқа ережелерімен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады делінген. Келісімшартта жауапкердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ақша қаражаттарын аударуы және жұмыс бағдарламасы бойынша тарату қорына аудармалар жүргізу міндеттемелері қарастырылмаған. Келісімшартқа енгізілген №8 толықтырудың 1-қосымшасы бойынша жұмыс бағдарламасының 30-тармағына сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында жауапкердің теріс табысқа ие болғандықтан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар жасауға мүмкіндігі болмаған. 2020 жылы (-23074,2 мың теңге теріс табыс) 2021 жылы (- 23074,2 мың теңге теріс табыс), 2022 жылы (-2374,2 мың теңге теріс табыс). Яғни, табыс жоспарланбаған, ал аударымдар сомасын есептеу кезінде осы сомаларды пайдаланған кезде теріс мәндер өзара қосылады. Бұл жұмыс бағдарламасында көрсетілген аударымдар сомасының болжамды болып табылатынын растайды.

Жер қойнауын пайдалану мәселесі жөніндегі сараптама комиссиясы отырысының 2021 жылғы 26 маусымындағы хаттамасының үзіндісіне сәйкес келісімшарттың 8-бабын ескере отырып, аударымдардың мөлшері кірістің 10 (оң) пайызын құрайды, сондай-ақ, кен орын сақтау бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі жауапкерге 2026 жылға дейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар жасамауға келіскен.

Көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақы төлеу, орындалуы тиісті күнтізбелік жылда келісімшартта көзделген негізгі міндеттемені тоқтатады.

Өз кезегінде жергілікті соттар жоғарыда көрсетілген келісімшарттың талаптарын ескермей, жауапкерден берешек сомасын, тұрақсыздық айыбын, мемлекеттік бажды өндірген және тарату қорына соманы аударым жасауды міндеттеген. АК 272-бабымен мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиіс екендігі қарастырылған.

Келісімшарттың 1.18-тармағымен жұмыс бағдарламасы бұл - алтынды игеру, өндіру және өндеу жұмыстарын қоса алғанда, Большевик кен орнының игеруді жүзеге асыру үшін Кәсіпорын жоспарлаған барлық жұмыс түрлері екені айқындалған.

Келісімшартта жауапкер үшін Жұмыс бағдарламасына сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ақша қаражатын аудару және тарату қорына аудару міндеттемесі көзделмеген.

Ондай міндеттеме тек жұмыс бағдарламасында қарастырылған, ал ол құжат өз кезегінде болжамды және келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылмайды.

Осыған орай, жергілікті соттардың жұмыс бағдарламасының есептеріне сүйенгендері қате, өйткені ол құжатта қарастырылған аударымдар сомалары болжамды болып табылады.

Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдары қате болып табылады және іс материалдарына қарама қайшы келеді.

Осы орайда жергілікті соттармен қабылданған сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуына және істе бар материалдарға тиісті құқықтық баға берілмеуіне байланысты бұзылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша талап қоюшы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жауапкер «Inter Gold Capital» ЖШС-нен берешек сомасын өндіру, тұрақсыздық айыбын өндіру және тарату қорына сомма өндіруді міндеттеу туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкер «Inter Gold Capital» ЖШС-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Г. Дуйсенбаев

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.