ВС РК - Постановление от 10.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/56 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 10 шілде 6001-24-00-6ап/56 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

жауапкер өкілі Д[...],

мүдделі тұлғалар: Жетісай ауданы әкімінің (бұдан әрі – әкімдік) өкілі Ш[...],

А[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Жетісай ауданының ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне конкурстық комиссияның хаттамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 5 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысына жауапкер мен мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 5 шілдедегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Жетісай ауданының жер комиссиясының 2023 жылғы 20 наурыздағы №09-07 хаттамасының №127 лот бойынша Жылы су ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 3,3 гектар жер учаскесінің жеңімпазын А[...] деп тану туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Жауапкер «Жетісай ауыл шарушылығы мен жер қатынастары бөлімі» ММ-нен талап қоюшы Ж[...] пайдасына 1 035 теңге мемлекеттік баж салығын төлеген сот шығыны өндірілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Шешімнің қарар бөлігі «Жетісай ауданының жер комиссиясына 2023 жылғы 20 наурыздағы №09-07 хаттамасының №127 лот бойынша Жылы су ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 3,3 гектар жер учаскесіне жеңімпаз ретінде Ж[...] тану жөнінде қолайлы әкімшілік актісін қабылдау міндеті жүктелсін» деген сөйлеммен толықтырылған.

Жауапкер мен мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкер өкілі мен мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымдарды қолдаған, мүдделі тұлға әкімдік өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Жетісай ауданы, Жылы су ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 3,3 га жер учаскесіне (бұдан әрі - жер учаскесі) уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен конкурс жарияланған (№127 лот).

№127 лоты бойынша 2023 жылғы 20 наурыздағы конкурс қорытындысының №09-07 хаттамалық шешімімен А[...] 5 бал, С[...] 15 бал, Ж[...] 20 бал, А[...] 20 балға ие болып, комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен А[...] жеңімпаз деп танылған.

Өз кезегінде, талап қоюшы Ж[...] сотқа берген талап қоюында бизнес жоспары бойынша конкурс қатысушылар ішінен ең көп 20 балл жинағанын, алайда осы жер учаскесі орналасқан ауыл тұрғыны болса да өзіне балл берілмегенін. Ал, жеңімпаз А[...] 10 балл жинап оған сол жер учаскесі орналасқан ауыл тұрғыны деп қосымша 10 балл қосылғанын. Бұл жағдайда өзіне де 10 балл қосылмай құқығы бұзылған көрсетіп сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда Ж[...] жергілікті тұрғын екендігі жөніндегі мәліметтерін дұрыс тексермей, ал ол бойынша ұсынылған мәліметтерге құқықтық баға бермей, жеңімпаз болған А[...] заңсыз басымдылық бергенін ескеріп, комиссия шешімін заңсыз деп таныған.

Осыдан басқа, апелляциялық сот алқасы Жетісай ауданының жер комиссиясына жеңімпаз ретінде Ж[...] тану жөнінде қолайлы әкімшілік актісін қабылдау міндетін жүктеген.

Соттардың комиссия шешімін заңсыз деп тануы негізді болып табылады.

Қазақстан Р[...] кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1 бабының 14 тармағына сәйкес Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.

Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.

Ж[...] конкурсқа тапсырған полиция департаментінің анықтамасына қарағанда ол Жылы су ауылдық округінің тұрғыны ретінде 2019 жылдың 30 наурызында тіркелген. Яғни, конкурс өткізілген уақытқа санағанда аталған округте тұру мерзімі 5 жылға толмаған.

Б[...], іске тіркелген Жылы су ауылдық округінің комиссиясының анықтамасына қарағанда Ж[...] аталған округте 1988 жылдан бері тұрып келеді.

Осы комиссияның анықтамасына сай А[...] аталған округте туылғаннан бері тұрып келеді. Б[...] А[...] Жылы су ауылдық округінің тұрғыны ретінде қай уақытта тіркелгені жөнінде конкурстық құжаттамаларда мәлімет жоқ.

Яғни, конкурстық комиссия Ж[...] пен А[...] тұрғылықты мекен жайы бойынша деректердегі қайшылықтарды жоймай, даулы лот бойынша жеңімпаз ретінде А[...] тануын заңды деп есептеуге болмайды.

Істің бұл тұрғысында сот актілері күшінде қалдырылып, бірақ апелляциялық саты сотының қаулысынан Жетісай ауданының жер комиссиясына жеңімпаз ретінде Ж[...] тану жөнінде қолайлы әкімшілік актісін қабылдау міндетін жүктеген бөлігі алынып тасталуға жатады.

Сот алқасы конкурс нәтижесі қайта қаралғанда мына мән-жайға да назар аударады.

Жер кодексінің 43-бабына сай жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Жер учаскелері Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі; жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.

Жер комиссиясының 2023 жылғы 20 наурыздағы отырысында бірнеше лоттармен басқа ауылдық округтардың жерлері бойынша да конкурстар өткізілген. Олар бойынша да тиісті ауылдық округ әкімі мен сол округтардың жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген уәкілдері қатысқан. Олар өз округтері аумағында орналасқан жер учаскелеріне қатысты мәселелер бойынша ғана дауыс беруге құқылы. Алайда даулы лот бойынша өз округтері аумағында орналаспаған жер учаскелеріне қатысты мәселелер бойынша жоғарыда көрсетілген ауылдық округтердің өкілдері де дауыс берген.

Бұл мән-жайлар комиссия құрамының құқыққа сыйымсыз екендігін және даулы шешім Кодекс талаптарына сәйкес қабылданбағандығын бекітеді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 5 шілдедегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысының қарар бөлігінен «Жетісай ауданының жер комиссиясына 2023 жылғы 20 наурыздағы №09-07 хаттамасының №127 лот бойынша Жылы су ауылдық округі аумағынан жалпы көлемі 3,3 гектар жер учаскесіне жеңімпаз ретінде Ж[...] тану жөнінде қолайлы әкімшілік актісін қабылдау міндеті жүктелсін» деген толықтыруы алынып тасталсын.

Жауапкер «Жетісай ауданының ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» ММ-нің және мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Г. Нұрбаев

Г. Нұрбаев Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс

Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.