ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-4к/2385 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі соты құрамында: төрағалық етуші-судья Д.А.Әбдіғалиев, судьялар - М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова болып, талап қоюшы - К.С.Өтегенов, жауапкердің өкілі - Б.М.Әбдразақ,
мүдделі тұлғаның өкілі - Жетісай ауданының «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Б.Серікбай,
мүдделі тұлғаның өкілі - Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Н.К.Өтештің қатысуымен,
ашық сот отырысында Айнұр Серікбайқызы Өтегенова, Қуаныш Серікбайұлы Өтегенов, Тилла Өтегенова, Гаухар Серікбайқызы Өтегенова, Нұрлан Серікбайұлы Өтегеновтың Жетісай ауданының әкіміне қарсы, үшінші тұлғаларды қатыстырумен: Жетісай ауданы Қызылқұм ауылдық округінің әкімі, Жетісай ауданының «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы, Жетісай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі, Өтегенов Сансызбай Серікбайұлы, Елеусізова Жанат Әлібекқызы, Өтегенов Әкімқан Сансызбайұлы, Өтегенов Сламқан Сансызбайұлы, Өтеген Әсельхан Сансызбайқызы, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-на қатысты қаулыларды заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс қаралды.
2024 жылғы 20 қарашадағы Жетісай аудандық сотының шешімі мен 2025 жылғы 6 мамырдағы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысына Сансызбай Серікбаевұлы Өтегеновтың кассациялық шағымы туралы келіп түскен іс бойынша
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшылар Жетісай ауданының әкіміне 2001 жылғы 19 желтоқсандағы және 2011 жылғы 21 желтоқсандағы Мақтаарал ауылдық округі әкімінің қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою туралы сотқа жүгінген.
2024 жылғы 20 қарашадағы Жетісай аудандық сотының шешімімен талап қанағаттандырылған.
2025 жылғы 6 мамырдағы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлға - С.С.Өтегенов қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауды сұрайды. Ол бірінші және апелляциялық саты соттары тарапынан материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылғанын көрсеткен. Талап қоюшылар А.С.Өтегенова, Г.С.Өтегенова, мүдделі тұлға С.Өтегеновтің өкілі Р.А.Егизбаева, сондай-ақ мүдделі тұлға - «Азаматтарға
арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі бейнеконференц байланысы арқылы сот отырысына қатысу туралы өтініш білдірген. Алайда, бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында, тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен өткізуге тағайындалған. Бұл туралы тараптарға алдын ала хабар берілген. Аталған жағдай сот отырысының форматын кассациялық сатыда өзгертуге негіз болып табылмайды.
Іске қатысушы өзге тұлғалар белгісіз себептермен кассациялық сот отырысына келмеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысушы тұлғалардың сот отырысына келмеуі, егер олар тиісті түрде хабарланса, сот отырысын өткізуге кедергі келтірмейді.
Талап қоюшы К.Өтегеновтың, жауапкердің өкілі Б.М.Әбдразақтың, мүдделі тұлғалардың өкілдері А.Б.Серікбай, Н.К.Өтешті тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттей келе, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеді.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, «Асық-ата» агрофирмасының мүшелеріне жер және мүлік үлестері бөлінген.
Тилла Өтегенова мен Сансызбай Серікбаевич Өтегенов Киров ауданының әкіміне ұжымнан шыққаннан кейін жер және мүлік үлестерін бөлу туралы өтінішпен жүгінген, сондай-ақ өз отбасы мүшелерін көрсеткен(О.Есекулов, Ж.Елеусизова, А.Өтегенова, Ә.Өтегенов, С.Өтегенов, А.Өтегенова, Г.Өтегенова, К.Өтегенов, Н.Өтегенова).
«Асық-ата» агрофирмасының жалпы жиналысының 1996 жылғы 3 ақпандағы шешіміне сәйкес, Т.Өтегеноваға 2,72 га жер, ал С.С.Өтегеновке 4,08 га жер бөлінген.Жер учаскесі 6,80 га көлемінде екі отбасының үлестерінен құралған: 2,72 га - Т.Өтегенованың отбасына, 4,08 га - С.С.Өтегеновтың отбасына тиесілі болды. Осыған байланысты, Т.Өтегенованың отбасының мүшелері де, сондай-ақ С.Өтегеновтың отбасының мүшелері де жалпы үлестік меншік қатысушылары ретінде (жер үлестері) қаралды. Алайда, 2001 жылғы 19 желтоқсандағы №2621 Мақтаарал ауданы әкімдігінің қаулысымен 6,80 га жер учаскесі 49 жылға шаруашылық жүргізу үшін тек Сансызбай Серикбаевич Өтегеновке уақытша жалпы үлестік жер пайдалану құқығымен берілген.
Осы жер учаскесі бұрын агрофирма «Асық-ата» мүшелері болып табылған, тиісті жер және мүлік үлестеріне құқықтары бар талап қоюшылардың отбасыларына тиесілі жер үлестерінен құралған.
Төменгі сатыдағы соттар дұрыс анықтағанындай, даулы әкімшілік акт қабылданған кезде Т.Өтегенованың отбасының мүшелері әкімшілік процедураға тартылмаған, мәселе қаралуы туралы хабарланбаған және олардың келісімі алынбаған, бұл даулы қаулылар қабылданған кезде қолданыста болған заңнама талаптарына қайшы келеді. Даулы қаулылар шығарылған кезде Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңы әрекет еткен. Аталған заңның 15-бабының 4 және 5 тармақтарына сәйкес, жер үлесінің иелеріне әкімдікке қаралған материалдармен танысу мүмкіндігі, өз арыздары бойынша жеке қатысу құқығы, сондай-ақ іс қаралатын орын мен уақыт туралы алдын ала хабардар ету құқығы берілген.
Сотқа талап қоюшылардың тиісті хабарлануы немесе әкімшілік рәсімге қатысуы туралы жауапкер тарапынан дәлелдер ұсынылмаған.
Кейінгі 2011 жылғы 21 желтоқсандағы №2223 әкімдіктің қаулысымен 2001 жылғы қаулыға өзгерістер енгізіліп, жер учаскесінің үлес иелері тек Сансызбай Өтегеновтың жұбайы мен балалары ретінде анықталған, жер үлесінің басқа иелерінің құқықтары ескерілмей, бұл олардың заңды мүдделерінің әрі қарай бұзылуына әкелген.
АППК 84-бабының 1-бөліміне сәйкес, әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманың бұзылуы нәтижесінде дұрыс емес әкімшілік актінің қабылдануы сол актіні заңсыз деп тану негізі болып табылады.
Шағымда талап қоюшылар әкімшілік процесс қатысушысы емес және әкімдік оларды хабардар ету міндетті емес деген негіздеме дәлелсіз.
АППК-ның 21-23-баптарына сәйкес, әкімшілік процесс қатысушылары - құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері әкімшілік актімен зақымдалған немесе зақымдалуы мүмкін тұлғалар болып табылады. Даулы қаулылар - жер үлестерін бөлуге қатысты, бұл жер үлестері бұрын талап қоюшыларға тиесілі болғаны олар тарапынан көрсетілген. Сондықтан әкімшілік актілер тікелей олардың мүлік құқығына қатысты, бұл оларға әкімшілік процесс қатысушысы мәртебесін береді.
Төменгі инстанция соттары талап қоюшыларды әкімшілік процесс қатысушылары ретінде негіз деп таныған.
Шағымда талап қоюшылардың жер үлестері бойынша құжаттардың түпнұсқаларын ұсынбағаны және соттың олардың көшірмелерін заңсыз қабылдағаны туралы дәлел негізсіз, өйткені талап қоюшы дәлелдемелердің жарамсыз деп танылуы туралы қолданыстағы тәртіппен өтініш білдірмеген, бұл мәселенің кассациялық тәртіпте қаралуына негіз болмайды. Сонымен қатар, іс материалдарынан көрініп тұрғандай, талап қоюшылар дәлел ретінде архивтік құжаттар (жиналыс хаттамалары, үлескерлер тізімдері, мемлекеттік органдар анықтамалары) ұсынған.
Шағымда әкімдіктің №2223 даулы қаулысы А.Ж.Жасузаковқа қатысты деген уәж іс материалдарымен теріске шығарылады. Әкімшілік іс №5144-2400-4/51-дің бірінші томының 29-парағында 2011 жылғы 21 желтоқсандағы 2223 номерлі қаулы көшірмесі бар. Онда 2001 жылғы 19 желтоқсандағы Мактаарал ауданы әкімдігінің 2621 номерлі қаулысына Жанат Елеусизова, Акимхан Өтегенов, Сламхан Серікбаев, Аселхан Өтегенова туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені көрсетілген. Ақарыс Жасузаковқа қатысты шешім қабылданбаған.
Кассациялық шағымда С.С.Өтегенов талап қоюшылардың арызында көрсетілген мекенжайлардың тіркелмегенін, мемлекеттік баж алымының дұрыс төленбегенін және әкімшілік талап арызының дұрыс рәсімделмегенін алға тартады. Алайда, бұл кемшіліктерді шағымданушы нақтыламаған. Мысалы, С.С.Өтегенов мемлекеттік баж алымының төленбеуінің қандай екенін көрсетпеген. Ал іс материалдарында бар түпнұсқа түбіртектерге сәйкес төленген жалпы мемлекеттік баж алымы сомасы 11 076 теңгені құрайды, бұл талапқоюшылардың санына сай келетін талаптарға сәйкес.
Сондай-ақ, сотқа мүдделі тұлғалар қатыстырылмағаны туралы дәлел де қаралмайды, өйткені шағымданушы бұл тұлғаларды нақты көрсетпеген. Іс материалдарынан көрінгендей, жер үлестері тек Сансызбай Өтегенов пен Тилла Өтегенованың отбасыларына тиесілі, және барлығы да іске қатыстырылған.
Кассациялық шағымдағы сотқа жүгіну мерзімінің өтіп кетуі туралы дәйек негізді түрде төменгі соттар тарапынан кері қайтарылған, өйткені мерзім 2024 жылғы 5 қыркүйектегі Түркістан облыстық сотының сот алқасының шешімімен қалпына келтірілген, бұл процессуалдық заң талаптарына сәйкес келеді.
Кассациялық шағымдағы басқа да дәйектер соттың анықтаған фактілік жағдайларын қайта бағалау сипатында болып, сот шешімін жою немесе өзгерту үшін заңда көзделген негіздерді қамтымайды.
Осыған байланысты, төменгі соттар істі дұрыс анықтап, материалдық және процессуалдық құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, шағымданған сот актілерін жоюға негіз жоқ. Осы жағдайларды ескере отырып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сатыдағы сот ҚАУЛЫ ЕТТІ: Жетысай ауданының сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімі мен Түркістан облысы әкімшілік істер бойынша сот алқасының 2025 жылғы 6 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Сансызбайұлы Өтегеновтың кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші Судьялар
М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.