ВС РК - Постановление от 06.05.2025 по делу 6001-25-00-6ап/100 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 мамыр 6001-25-00-6ап/100 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып, жауапкер өкілі Т.Т. Исламовтың, мүдделі тұлғалар:

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) өкілі А.Е. Бектембаевтың,

«Асар Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) А.А. Ибрагимованың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Аско сервис Шетпе» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қоғам) 2024 жылғы 4 мамырдағы №975199-1364139 қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану және қорытындыны қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Асар Эксперт» ЖШС-нің және Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымына Қоғамның кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Қоғамның 2024 жылдың 4 мамырдағы №975199-1364139 санды «ТТ-37А және ТТ-48 құрылысы» объектісі бойынша «Техникалық қадағалауын жүргізу жөніндегі қызметтер» ашық тендер тәсілімен сатып алудың қорытынды хаттамасы заңсыз деп танылған.

Қоғамға Лот №1 (184-1 У, 3577968) «ТТ-37А және ТТ-48 құрылысы» объектісі бойынша «Техникалық қадағалауын жүргізу жөніндегі қызметтер» ашық тендер тәсілімен сатып алу қорытындысын қайтадан қарау міндеттелген.

Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша Қорға, Қоғамға қатысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым қабылданған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Қоғам мен мүдделі тұлға «Асар Эксперт» ЖШС-гі кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкер және мүдделі тұлға «Асар Эксперт» ЖШС-гі өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған, мүдделі тұлға Қор өкілінің кассациялық шағымға берген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Қоғамның ұйымдастыруымен 2024 жылғы 4 мамырда №975199-1364139 санды «ТТ-6кВ құрылысы (ТҚ-73 аумағындағы ТТ-37А, ТҚ-80 аумағындағы ТТ-48) нысанын техникалық қадағалау» бойынша ашық тендер тәсілі арқылы №97519 электрондық сатып өткізілген.

Конкурстық комиссияның 2024 жылғы 4 мамырдағы №975199-1364139 қорытынды хаттамасына сәйкес «АСАР Эксперт» ЖШС-гі жеңімпаз деп танылған, «АскоСервисШетпе» ЖШС-гі екінші жеңімпаз болып танылған.

Талап қоюшы конкурстық комиссиясының қорытындысымен келіспей оған шағым жолдап, өз кезегінде 2024 жылғы 28 маусымда Қор шағымды қабылдауға негіз жоқ екенін көрсеткен.

2024 жылғы 3 шілдеде «АСАР Эксперт» ЖШС-мен қызметтерді сатып алу жөнінде шарт №975199/2024/1 жасалған.

Конкурстық комиссиясының қорытындысымен келіспеген

«АскоСервисШетпе» ЖШС-гі сотқа талап қоюмен жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-на тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуды жүзеге асыру туралы 2022 жылғы 3 наурыздағы №193 тәртібінің (бұдан әрі – Тәртіп) 42-бабының 11-тармағының 3) тармақшасына сәйкес тендерлік баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде ашық тендер нысанасы болып табылатын сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында үлкен жұмыс тәжірибесі бар әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады (осы тармақтың 2) тармақшасына сәйкес жеңімпазды анықтау мүмкін болмаған жағдайда).

Жауапкерлер Тәртіптің аталған нормасын қолданғанда тендер нысанасы «ТТ-6кВ құрылысы нысанын техникалық қадағалау» болғандықтан, тек қана осы нысан бойынша ғана жұмыс тәжірибесі есепке алынуға жатады деп есептеген.

Сөйтіп, «АскоСервисШетпе» ЖШС-нің «ВЛ-кВ әуе электр желілерін салу», «жаңа үйлерді, вахталық кенттерді электрмен қамтамасыз ету», «электр желілерін салу», «қуаттылығы 2х1819 кВт электростанция салу», тағы сол сияқты нысандар бойынша техникалық қадағалау жасаған тәжірибелері, тендер нысанасы болып табылатын қызметтер нарығына жатпайды деген желеумен негізсіз есепке алынбаған.

Сонымен қатар соттар конкурс өткізілген кезде Тәртіптің 42-бабының 11-тармағының 3) тармақшасы Қордың Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 5 сәуірдегі №233 шешіміне сәйкес 3) тармақшасы 2024 жылғы 20 маусымнан бастап күші жойылғандығын да негізді ескерген.

Яғни, жауапкерлер тарапынан өткізілген сатып алу конкурсы бойынша тең мүмкіндіктер мен адал бәсекелестік қағидасының талаптары сақталмаған деп тұжырымдауы іс материалдарымен бекітілген.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының және мүдделі тұлға «Асар Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.