ВС РК - Постановление от 12.08.2024 по делу 6001-24-00-6кп/47 (Об административном правонарушении)

6кп-47-24

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 12 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Б.Б.Шермұхаметовтің, судьялар Н.Қ.Құрманғалиев, Н.Ә.Әбдіқановтың,

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер Комитетінің Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің (әрі қарай - уәкілетті орган) өкілдері А.К.Касенова мен Е.Т.Қияштің,

«Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы» МКҚК-ның (әрі қарай - СКҚА) өкілі Г.С.Сайдалинованың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен «Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорына (әрі қарай - СКҚА) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақмола облысы Степногорск қалалық сотының 2024 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы» (СКҚА) қатысты ӘҚБтК-нің 92-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өткеніне байланысты тоқтатылған. Іс апелляциялық тәртіпте қаралмаған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Ұсынуды қолдаған уәкілетті органның өкілдері Р А.К.Касенова мен Е.Т.Қияштің, СКҚА-ның өкілі Г.С.Сайдалинованың қарсы пікірін, прокурор А.Төремұратұлының сот актісінің күшін жойып, іс қайта сот қарауына жолдансын деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Қаралып жатқан іс бойынша осындай негіз орын алған. МКҚК СКҚА Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде, яғни төлеу мерзімі, 2023 жылдың 25 қаңтарынан, 25 ақпанынан, 25 наурызынан, 25 сәурінен, 25 мамырынан, маусымынан кешіктірмей азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясына 3 006 679 теңге міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу жөніндегі салық міндеттемесін орындамаған. Осыған сәйкес әлеуметтік аударымдар уақытымен төленбеген. Бірінші сатыдағы сот осы іс бойынша ӘҚБтК-нің 92-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудың барлық фактілері бойынша ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігімен белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тартуға екі айлық ескіру мерзімі өтіп кеткен деп санаған.

Соттың бұл қорытындысы дұрыс емес болып табылады. ӘҚБтКнің 62-бабының 2-бөлігіне сәйкес ӘҚБтК-нің 92-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар санатына жатады, оларды жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартуға 5 жыл ескіру мерзімі белгіленген.

Бұл мән-жайлар жергілікті соттың назарынан тыс қалған.

Осылайша, шағымдалған сот қаулысы құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзуына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабына сәйкес қайта қаралуға жатады.

Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауы тиіс.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

«Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Ақмола облысы Степногорск қалалық сотының 2024 жылғы 22 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Судьялар:

Б. Шермұхаметов Н. Құрманғалиев Н. Әбдіқанов

Көшірмесі дұрыс. Судья:

Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.