№6001-22-00-6ап/2450
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 25 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі Ж[...], жауапкердің өкілдері Б[...], Ө[...], мүдделі тұлға А[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] Қарағанды облысы, [...] әкімі мен әкімдігіне Ұлытау ауданы әкімінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №179 шешімін және Ұлытау ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 20 қазандағы №11/341 қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 сәуірдегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Қарағанды облысы, [...] әкімі мен әкімдігіне Ұлытау ауданы әкімінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №179 шешімі мен Ұлытау ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 20 қазанындағы №11/341 қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюды беруге арналған мерзімі қалпына келтірілген.
Осы соттың 2022 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Қарағанды облысы, [...] әкімінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №179 С[...] шаруа қожалығын С[...] атына ауыстыру туралы бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін шешімі мен Ұлытау ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 20 қазандағы №11/341 С[...] шаруа қожалығын А[...] атына ауыстыру туралы бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін қаулысы заңсыз деп танылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Соттармен анықталғандай, Ұлытау ауданы әкімінің 1999 жылғы 13 тамыздағы №236/8 шешімімен талап қоюшы С[...] әкесі С[...] шаруа қожалығын жүргізуге жер көлемі ұзақ мерзімге пайдалануға берілген.
С[...] 2001 жылдың 20 желтоқсанында қайтыс болған.
Аудан әкімінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №179 шешімімен оның баласы
С[...] өтінішіне сай шаруа қожалығы оның атына ауыстырылған.
Кейін, Ұлытау ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 20 қазандағы №11/341 қаулысымен С[...] және А[...] өтініштеріне сәйкес шаруа қожалығының жетекшілігі А[...] атына ауыстырылып, 49 жылға бекітіліп берілген.
Аталған даулы шешімі мен қаулымен талап қоюшы келіспей, талап қоюда мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін шаруа қожалығын оның барлық мұрагерлері арасында мұрагерлік жолымен тапсыру қажеттігін көрсеткен.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, қайтыс болған С[...] мұрагерлерінің мұрагерлік құқықтары бұзылып, Ұлытау ауданының әкімі мен әкімдігінің заңсыз шығарылған шешімі мен қаулысына сай шаруа қожалығы басқа адамға – А[...] заңсыз ауыстырылғанын көрсеткен.
Алайда, жергілікті соттар істі мәні бойынша қарап, келесі мәнжайларды ескермеген.
ӘРПК-нің 136 - бабының бесінші бөлігіне сай, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс бойынша талап қоюшы С[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, өйткені даулы шешімі мен қаулыдан анықталғандай, шаруа қожалығы С[...], кейін А[...] атына ауыстырылған.
Сонымен қатар, даулы шешім мен қаулы 2002 жылғы 9 шілдеде және 2005 жылғы 20 қазанында қабылданған, тиісінше оны қабылдаудың әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам үшін, яғни С[...] үшін де оларды даулау туралы талап қою мерзімі 2003 жылғы 9 шілдеде және 2006 жылғы 20 қазанында аяқталған.
ӘРПК-нің 136 – бабының нормасына сай, көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйым салынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.
ӘРПК-нің 136 - бабының сегізінші бөлігіне сай, сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Бірақ жергілікті соттар ӘРПК-нің аталған талаптарын бұза отырып, талап қою мерзімі аяқталғанына қарамастан, бұл мерзімді қалпына келтіріп, істі мәні бойынша қараған.
ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
ӘРПК-нің 138 - бабының үшінші бөлігіне сай, осы баптың екінші бөлігінің 15) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылғанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік талап қою қайтаруға жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сай талап қоюды осы Кодекстің 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтару кезінде сот шығыстары өтелмейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қарағанды облысы №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 сәуірдегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы С[...] Қарағанды облысы, [...] әкімі мен әкімдігіне Ұлытау ауданы әкімінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №179 шешімі мен Ұлытау ауданы әкімдігінің 2005 жылғы 20 қазандағы №11/341 қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қою кері қайтарылсын.
Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.