ВС РК - Постановление от 04.11.2024 по делу 6001-24-00-3Г/4729 (Гражданское)

№ 6001-24-00-3г/4729

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4-қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мемлекеттік кірістер басқармасы) жауапкерлер «Торговая компания-Asset» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС), «Infratech» ЖШС, «New Trend KZ» ЖШС, «Future Vector» ЖШС арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған аудараралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Мемлекеттік кірістер басқармасының өтінішхатын электрондық істі сұрау арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мемлекеттік кірістер басқармасы сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда салықтық міндеттемелерді азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жауапкерлердің арасында формальды түрде жасалған мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қызылорда облысының мамандандырылған аудараралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтінішхат иесі жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Жергілікті соттармен жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.

Өтінішхат материалынан көрінгендей, департаментпен жауапкерлердің арасында өздерінің жалғандығына байланысты тәуекелдері бар өзара есеп айырысулар белгіленген.

Салық органы электрондық шот-фактураның ақпараттық жүйелері (бұдан әрі - ЭШФ) бойынша салық төлеушілердің қызметін талдау барысында тәукелдерді басқару жүйесін және басқа да ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жауапкерлердің арасында жалған құжат айналымын жасағаны туралы қорытындыға келген.

Осылайша, мемлекеттік кірістер басқармасы жауапкерлер арасындағы өзара есеп айырысулар мен мәмілелерді жарамсыз деп тануға негіз бар деген уәждермен, міндеттемелерді орындау үшін еңбек және материалдық ресурстардың жетіспеушілігін ескере отырып, жасалған мәмілелерді жүзеге асыру мүмкін еместігін көрсеткен.

Сонымен қатар, «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің тәуекел дәрежесінің жоғары екенін, бюджетке төленетін төлемдердің және салық жүктемесінің төмендігі және жауапкерлердің арасында сатып алу-сату жүзеге асырылмағаны жасалған мәмілелердің шынайылығына күмән тудырады деген негіздермен аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Талап қоюдың уәждері «Торговая компания-Asset» ЖШС 2020 жылдың 3 тоқсанында «Infratech» ЖШС, «New Trend KZ» ЖШС, «Future Vector» ЖШС мекен-жайларына жиһаздар жеткізу туралы ЭШФ жажған. Ал, 2020 жыл үшін «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің айналымы 133 499 186 теңгеге жеткен. Дегенмен, салық органының мәліметі бойынша, «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің ЭШФ деректері бойынша 2021 жылдың 4 ақпанында «Modern Office Furniture» ЖШС-нен 16 071 429 теңге сомасына тауарларды сатып алуы орын алған. 2021 жылы көрсетілген тауарды сатып алу 2020 жылғы сатылымға сәйкес келмейді. Мемлекеттік кірістер басқармасы талап қоюда «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің өндіруші компания емес екенін, керісінше, тауарды жеткізуші екенін көрсетіп, оның активтерінің, жалдамалы жұмысшыларының жоқтығымен уәждеген. Аталған тұлға 2020 жылдың 4 тоқсаны және 2021 жылдың 1 тоқсаны үшін салық есебін 0 деп көрсеткен.

Жергілікті соттар талап қоюшының уәждерімен келіспеген. Азаматтық істі қарау барысында іс материалына тіркелген құжаттарды зерделей отырып, «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің жеткізушілерден тауарларды, яғни, кеңсе жиһаздарын сатып алғандығымен негіздеген. Алған тауарлар қоймадан шығару есептері жүргізілген «Қоймалық есеп кітабындағы» жазбамен расталатынын көрсеткен. Сонымен қатар, «Торговая компания-Asset» ЖШС тауарларды төмен бағада алып, жоғары бағада сатқаны оның үстеме пайда табуы пайда көруші кісіпкер ретінде басқа кәсіпкерлермен шын мәнінде мәмілелердің жасалғанын растайды деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, олардың істі бір жақты қарағанын уәждеген.

Кассациялық өтінішхатта талап қоюшы «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің салықтық хабарламаларды орындамағаны, жауапкердің көрсеткен бухгалтерлік құжаттаманы және салық декларациясын ұсынбағаны шарттарды орындау үшін жұмыскерлердің, мүліктің жоқтығы, салықтық есептілікте болмауы, сондай-ақ, ЭШФ үзіндісі мен айналым күндері арасындағы сәйкессіздік туралы уәждерін көрсеткен.

Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенімен, бірақ оған дұрыс баға берілмегенін

өтінішхатта келтірілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған аудараралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.