ВС РК - Постановление от 22.02.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2024 (Административное)

6001-24-00-6ап/2024

ҚАУЛЫ

2025 жылдың 13 ақпаны

Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар - Ж.Б. Ермагамбетова, Б.Т. Нажмиденов ашық сот отырысында талап қоюшы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысына келіп түскен кассациялық шағымы бойынша, Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қорытындысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) Бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы қорытындысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға Қоғамның жұмысты еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қағидаларына сәйкес тиісті деңгейде жүргізбеуі, оқиғаның Т[...] жұмыс орнында және жұмыс уақыты кезінде орын алғандығы негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар өкілдерінің түсініктемелерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, әкімшілік іс метариалдарын зерттеп, шағымның дәлелдемелерін зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған іс бойынша жергілікті соттармен мұндай бұзушылықтар орын алған.

Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, аталған жағдайды еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп бағалаған.

Олар атап айтқанда, Т[...] тарапынан орын алған еңбек тәртібі қағидаларының бұзылуын Қоғамның жұмысты қанағаттанғысыз ұйымдастыруына байланысты деп көрсеткен. Іс материалдарынан белгілі болғандай, 2023 жылдың 18 қыркүйегінде Қоғамда көтергіш машинист болып жұмыс жасайтын Т[...] бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес медициналық байқаудан өтіп, жолдама парағын алып, жұмысқа шыққан.

Жұмыс күнінің соңына қарай, көтергіш агрегаттың жұмыс алаңшаларын жинау кезінде, ол көтергіш агрегаттың платформасының үстімен жүріп бара жатқан кезде тепе-теңдігін ұстай алмай, құлап түскен.

Т[...] жедел-жәрдем шақыртудан бас тартқандықтан, ол қызметтік көлікпен Жаңаөзен қаласының ауруханасына жеткізілді.

Мекеменің 2023 жылғы 26 қыркүйектегі №02-27/100 бұйрығымен арнайы тергеп-тексеру үшін құрылған комиссия Т[...] орын алған жағдайды еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде есепке алуға жатпайды және актімен ресімделмейді деген қорытындыға келді.

Комиссия төрағасы, мемлекеттік еңбек инспекторы С[...] актке ерекше пікірін тіркеп, бұл жағдайды еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп есептейтінін, оның себебі жұмыс жүргізудің қанағаттанғысыз ұйымдастырылуы және зардап шегушінің өрескел абайсыздығы деп санап, жұмыс беруші мен жұмыскердің кінә дәрежесі бірдей екендігін көрсеткен.

Ж[...] Т[...] арнайы тергеп-тексеру нәтижесімен келіспей, Мекемеге өз шағымын жолдаған.

Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы шағымды қарау нәтижесінде жоғарыда аталған мемлекеттік еңбек инспекторы С[...] ерекші пікірімен келісіп, бұл жағдайды еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деген қорытындыға келген.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - ЕК) 1- бабының 1-тармағының 27-тармақшасына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан олардың еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне әсер етуі.

Өндірістік жарақат - жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы (ЕК-нің 1-бабының 1-тармағының 61тармақшасы).

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1055 бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) бекітілген Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандардың 5- қосымшасына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторы өз қорытындысында тергеу жүргізген комиссияның қорытындысымен келіспейтін негіздеме беруі керек.

Өз тұжырымында ол басқа да құжаттармен қоса жәбірленушіге келтірілген зиянның сипаты туралы медициналық қорытындыға сілтеме жасауы тиіс.

Сот алқасы дау айтылып отырған қорытындыда медициналық қорытындыға сілтеме жасалмағандығын, жарақат ауырлығының дәрежесі анықталмағандығын және оған қандай да бір баға берілмегендігін ескереді.

Бұдан басқа, жергілікті соттар аталған жағдайдың жұмыскердің өз бастамасы бойынша әрекет ету нәтижесінде орын алғандығына немесе басқалай екендігіне, қызметтік міндеттеріне жататындығына немесе жатпайтындығына, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп тану үшін еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылғандығына, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер ету дәрежесіне, сондай-ақ, Бұйрықтың 6-қосымшасына сәйкес ресімделген 2023 жылғы 18 қыркүйектегі жұмысшы Т[...] сұрау хаттамасы мен оның Маңғыстау облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторына жолдаған шағымы арасындағы қарама-қайшылықтарға тиісті құқықтық баға берілмеген.

Аталған мән-жайлардың іс үшін елеулі маңызы бар, өйткені дау жұмысшының жарақат алуымен байланысты болып отыр.

Осылайша, соттың белсенді рөлі ұстанымы толық көлемде жүзеге асырылмаған.

Жоғарыда мазмұндалған мән-жайлар негізінде істі қарау кезінде оның толықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілмегендіктен және соттың белсенді рөлі ұстанымы қолданылмағандықтан, осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуге, кассациялық шағым ішінара қанағаттандыруға жатады. Жаңадан қарау кезінде сот талап қоюшының көрсетілген дәлелдемелерін тексеруі қажет.

ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5- тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы шешімінің және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы - ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.