6001-24-00-6ап/1711
ҚАУЛЫ
2025 жылдың 15 қаңтары Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) оның өтінішхатын Шымкент қаласы әкімдігіне қайта бағыттау әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымдарына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж[...] сотқа Департаменттің өзінің өтінішхатын Шымкент қаласы әкімдігіне қайта бағыттау әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатылы сотқа жолдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған іс бойынша тараптардың кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдемелерін зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-те көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Іс материалдарынан талап қоюшының «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі – Басқарма) Шымкент қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен танысуға және оның үзінділерінің көшірмелерін алуға рұқсат сұрағандығы белгілі болды.
Басқарма өз жауабында сұратылған ақпаратты өңірлік геоақпараттық жүйенің ашық картасынан алуға болатындығын көрсеткен.
Басқарманың бұл жауабымен келіспеген талап қоюшы Департаментке Басқарма басшысының тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы өтінішхатын жолдаған, ал Департамент өз кезегінде өтінішхатты Шымкент қаласының әкіміне қайта бағыттаған.
Сот алқасы дауланып отырған Департаменттің әрекеті өздігінен талап қоюшы тарапына жария құқықтар мен міндеттер туындатпайтындығын, оған қандай да бір міндеттер жүктемейтіндігін, қандай да бір құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тыйым салмайтындығын, шектемейтіндігін және бас тартқызбайтындығын, сондай-ақ, оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын әрекет (әрекетсіздік) емес екендігін ескереді.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтара отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардың жоқ екендігін, жария-құқықтық қатынастар негізінен құқық субъектілерінің біреуінің нормативтік-құқықтық актілерден пайда болатын өзінің үстемдік өкілеттіктерін өзгеге қатысты жүзеге асыруына байланысты құқық субъектілерінің арасында туындайтындығын дұрыс көрсеткен.
Сот бақылауына тек әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың әрекеттері жатады.
Осыған орай, сот алқасы іс бойынша мән-жайлар жергілікті соттармен дұрыс анықталғандықтан, процестік нормалар дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ деп есептейді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1-тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Осы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 наурыздағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Судьялар Ж. Ермагамбетова
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.