ВС РК - Постановление от 06.02.2024 по делу 6001-23-00-6кп/92 (Об административном правонарушении)

6кп-92-23

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 6 ақпан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Б.Б. Шермұхаметов, судьялар Н. Құрманғалиев, Е. Мәукеннің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...], «Қазақстан Республикасы Экология және табиғат ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша экология Департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері - Б[...] пен С[...],

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Сарыөзек» аудандық пайдалану бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - «Сарыөзек АПБ» РММ) өкілі - Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Жетісу облысы Кербұлақ аудандық сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі және Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Сарыөзек» аудандық пайдалану бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 328-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Кербұлақ аудандық сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен «Сарыөзек АПБ» РММ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 328-бабының 1-бөлігімен кінәлі

деп танылып, оған 14 431 371 теңге 25 тиын айыппұл салынған.

Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, «Сарыөзек АПБ» РММ-не тағайындалған 14 431 371 теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұл мөлшері 1 844 611 теңгеге дейін төмендетілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсынудың қанағаттандырылуына қарсылық білдірген құқық бұзушының өкілінің, ұсыну дәлелдерін қолдаған уәкілетті органың өкілдерінің түсініктемелерін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптарына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша әрбiр iстiң мәнжайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтап Кодекстің талаптарына сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.

Шығарындылардың технологиялық нормативтерін, төгінділердің технологиялық нормативтерін, эмиссиялардың технологиялық үлестік нормативтерін немесе қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асыру, экологиялық

рұқсатта көрсетілмеген көздерден эмиссияларды жүзеге асыру, сол сияқты қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жұмыс істеп тұрған объектіге жаңадан берілген экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асырғаны үшін жеке тұлғаларға - бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін тиісті төлемақы мөлшерлемесінің он мың пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. (ӘҚБтК-нің 328бабы 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы 15 қарашадағы № 91 судың сынақ хаттамасының негізінде «Сарыөзек АПБ» РММ-мен ақаба суларды сүзгілеу алаңдарына төгу кезінде ластаушы заттардың эмиссиялары нормативтерінен асып кетуі анықталған. Яғни өлшенген заттар бойынша ШРК, ШРТ керегін көрсетуі -219,5, нақты мәні – 962, артуы - 742,5 мг/дм3; Аммоний азоты (тұзды аммоний) - ШРК, ШРТ керегін көрсетуі - 2,0, нақты мәні - 47,2, артуы - 45,2 мг/дм3; Анионды бетүсті - белсенді заттар ШРК, ШРТ керегін көрсетуі -0,109, нақты мәні - 2,54, артуы- 2,43мг/дм3; Мұнай өнімдері ШРК, ШРТ керегін көрсетуі - 0,109, нақты мәні - 1,12, артуы- 1,01 мг/дм3.

Департамент «Сарыөзек АПБ» РММ-нің 2019 жылғы 10 қараша мен 2022 жылғы 9 қараша аралығында қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін айыппұлды 58 035 298 теңге мөлшерінде есептеген.

«Сарыөзек АПБ» РММ-не 2016 жылғы 2 қыркүйек мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін 2, 3, 4 объектілерге қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыруға өкілетті органмен рұқсат берілген.

Бірінші сатыдағы сот, «Сарыөзек АПБ» РММ-не әкімшілік жаза тағайындағанда 2022 жылғы 1 қаңтар мен 9 қараша аралығындағы ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін тиісті төлемақы мөлшерлемесінің он мың пайызы 14 431 371 теңге 25 тиын деп есептеген.

Алайда, сот қаулысының уәждеу бөлігінде бұл кезең не себептен, қандай негіздермен алынғаны нақтыланбаған.

Апелляциалық сатыдағы сот құқық бұзушы «Сарыөзек АПБ» РММ-мен 2022 жылғы 1 қазан мен 9 қараша аралығындағы, яғни 2022 жылғы 10 қарашада № 91 су сынамасын алғанға дейінгі ластағыш заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін тиісті төлемақы мөлшерлемесінің он мың пайызы

1 844 611,36 теңге алынуға жатады деген шешім қабылдаған.

Іс материалдарынан Департаменттің және соттардың айыппұл мөлшері қандай тәсілмен саналғаны жөнінде және қай кезеңді алуға жататыны нақтыланбаған. Сондай-ақ қаулыда, қандай да құқықтық нормаға сілтеме жасалмаған.

Апелляциалық сатыдағы сот ластаушы заттардың шығарындыларының нормативтерінен асатын мөлшердегі шығарындылары туралы дәлелдердің жоқтығын көрсетті. Бұл ретте сот уәкілетті органның есептеулерін ескермей, өз қорытындысын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсынбаған. Сотпен тарапатардың шағымдарын қарау барысында көрсетілген істің мән-жайы жан-жақты зерттелмеген, істегі қайшылықтар жойылмаған, әскери қалашықтың кәрістазарту құрылысының экологиялық заңнамасы талаптарының сақталуына байланысты 2022 жылғы 8-15 қараша аралығында өткізілген тексерудің заңдылығы тексерілмеген, оған дұрыс баға берілмеген. Тексеру өткізгеннен кейін Сарыөзек аудандық пайдалану бөлімі қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылған (ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігі және 331-бабының 1-бөлігімен). Әкімшілік іске бұл жөнінде тиісті құжаттар тіркелмеген, бұл фактілер тексерілмеген. Одан басқа жергілікті соттармен мекеменің қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыруға өкілетті органмен берілген рұқсаты талқыланбаған. Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің болмауына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған апелляциалық сотымен шығарылған сот актісі қайта қарауға жатады. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге апелляциалық сот назар аударып, істі жанжақты қарап, негізді және заңды шешім шығаруға тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Сарыөзек» аудандық пайдалану бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысының күші жойылсын, іс апелляциалық сотқа жаңадан қарауға жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Шермұхаметов

Б.

Судьялар Н. Құрманғалиев

Е. Мәукен Көшірме дұрыс. Судья

Е. Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.