6003-25-00-2к/5252
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Р.Казмуханбетовтың, аудармашы Е.А.Төкештің, талап қоюшының өкілі Р.С.Жумабаевтің, жауапкердің өкілі Ю.Н.Абжанованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Абай облысының Жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріДепартамент) жауапкерлер «Абай облысы Аягөз ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «МонтажКапиталСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС, Серіктестік) мәмілені жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «МонтажКапиталСтрой» ЖШС-нің Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Абай облысы Аягоз ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен ЖШС-нің арасында жасалған 2023 жылғы 14 қарашадағы №1068 жер учаскесін жалға беру туралы және 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №1153 жер учаскесін жалға беру туралы шарттары жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2023 жылғы 15 қыркүйекте Жер қатынастар бөлімімен «Монтаж Капитал Строй» ЖШС-нің арасында № 1153 жер учаскесін жалға алу туралы шарт 4 жылға жасалған және шарт 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін жарамды.
2023 жылғы 14 қарашада Жер қатынастар бөлімімен «Монтаж Капитал Строй» ЖШС-нің арасында № 1068 жер учаскесін жалға алу туралы шарт жасалған.
Департамент тексерісінің нәтижелері бойынша жер учаскесі ұсынылғанда жер заңнамасының нормаларының бұзылуы анықталған, атап айтқанда, әкім жер учаскесін жауапкерге сауда-саттық (аукцион) өткізбестен ұсынған, жер учаскесінің нысаналы мақсаты егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес емес, яғни Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48 және 109-баптарының нормалары бұзылғаны анықталған.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде аталған мән-жайларды негізге алып, Департамент жүргізген 2024 жылғы 17 мамырдағы №62/71 тексеру дауланбағанын және күші жойылмағанын назарға алған.
Сонымен қатар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша жер учаскелері басқару ұйымдары мен мекемелері, банктер, іскер және қоғамдық ұйымдар, байланыс мекемелері аймағына жататындығына қарамастан, жауапкерге жер учаскесін беру кезінде жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде жер учаскесі берілгенін ескерген.
Осылайша, жер учаскесін жалға беру туралы шарттары жасалғанда Жер кодексінің 48 және 109-баптарының талаптары бұзылғаны, демек, саудасаттықсыз жер учаскесін бергені және жер телімдерінің егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын бұзғаны өз дәлелін тапқан.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдары дұрыс деп санайды. Өйткені мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу тәртібі Жер кодексінің 48-баптың талаптарымен реттеледі, ал елдi мекендердiң жерiн пайдалану тәртібі Жер кодексінің 109-бабында анық көрсетілген. Көрсетілген заң бұзушылықтар фактісі даусыз түрде расталған.
Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы сот Департаменттің талап қоюын қанағаттандырып, шарттарды жарамсыз деп тануы заңды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 11-тармақшасында (бұдан әрі-нормативтік қаулы) АК-нің 267-бабына сәйкес, егер мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңнамаға сәйкес келмейтiн нормативтік немесе жеке акті шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа тұлғалардың мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай акт сот тәртiбiмен
жарамсыз деп танылады.
Инвестициялық жоба екендігін растайтын құжаттар жауапкермен сотқа ұсынылмаған. Сондықтан жауапкердің жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын алғаннан кейін, көппәтерлі тұрғын үй салуға барлық рұқсат құжаттарын заңда белгіленген тәртіппен алынып, жобаға инвестиция салынғаны туралы уәжі негізсіз.
Жер кодексінің 43 және 48-баптарының ережелеріне қатысты соттар сауда-саттықтарды (конкурстар, аукциондар) өткізбестен, мемлекеттік меншіктегі жерлерден жер учаскесіне құқық беру Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылатынын назарға алуы тиіс екендігі нормативтік қаулының 17-1 тармағында көрсетілген.
Жауапкердің құрылыс нысаны аяқталған және пайдалануға беруге дайын, жер учаскесі мен ондағы құрылыс объектілері ажырамас түрде байланысты, сондықтан Жер кодексінің 52-бабына сәйкес жер учаскесін ғимаратсыз иеліктен шығаруға жол берілмейді деген уәжі дәйексіз.
Талқыланып отырған жағдайда Жер кодексінің 52-бабының 1-тармағын қолдану мүмкін емес, өйткені, жер учаскесінде орналасқан объектілер тиісті түрде мемлекеттік мекемеде тіркелмеген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «МонтажКапиталСтрой» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар:
А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.