ВС РК - Постановление от 14.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1215 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 ақпан №6001-24-00-6ап/1215 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

талап қоюшының өкілі Е.А.Аскаровтың,

жауапкер өкілдерінің А.Д.Абенованың, Г.Серібайқызы қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Корғаныс министірлігі «20015 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әріӘскери бөлім) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Нұра ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» (бұдан әрі - Нұра ауданы бойынша МКБ-сы) республикалық мемлекеттік мекемесіне қойылған салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға дау айту туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне және жеке ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысына және ұйғарымына жауапкер Нұра ауданы бойынша МКБ-сының келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкерге салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаға дау айту туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылылған.

Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің атына жеке ұйғарым қабылданған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымын қолдап, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2015 жылғы сәуір айында Әскери бөлімімен 2014 жылғы 19 тамыздағы №1092-Л келісімшарты бойынша Ресейден екі дана өте маневрлі көп функциялы екі орындық СУ истребителдер (ұшақтар) импортталған.

2015 жылғы 20 тамызда Әскери бөлім 105115 бюджеттік классификация коды (бұдан әрі – БКК) бойынша «Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған тауарларға қосылған құн салығын» (бұдан әрі – ҚҚС) 2 704 230 108 теңге мөлшерінде бюджетке аударған.

2015 жылғы 7 қазанда Әскери бөлім ф.320 нысандағы тауарды әкелу туралы өтініш және ф.300.00 нысандағы ҚҚС бойынша декларацияны тапсырып, ҚҚС сомасын 2 094 013 427 теңге мөлшерінде көрсеткен.

2015 жылғы 7 қазанда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Есіл ауданы бойынша МКБ-сы) Әскери бөлімнің мекен-жайына аталған ҚҚС сомасын уақтылы төлемегені үшін 37 864 352 теңге мөлшерінде өсімпұл есептеп №14000029504 салықтық берешекті өтеу туралы хабарламаны жіберген. Әскери бөлімнің жеке шотындағы мәліметтерге сәйкес 2015 жылғы 27 қазанда көрсетілген өсімпұл сомасы 105115 БКК бойынша бюджет пайдасына аударылған.

Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №279/36-VII және Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №1-3728 бірлескен шешімі және қаулысымен Астана қаласында жаңа Нұра ауданы құрылып, Есіл ауданының шекаралары өзгертілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 27 сәуірдегі №333 қаулысымен «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі одан Нұра ауданы бойынша МКБ-сын бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастырылған.

Осыған байланысты, Астана қаласы, Қорғалжын тас жолы, 31 үй мекен жайы бойынша орналасқан Әскери бөлім салық органдардың бастамасымен 2023 жылғы 17 мамыр күні Есіл ауданы бойынша МКБ-дан тіркеуден шығарылып Нұра ауданы бойынша МКБ-на қайта тіркелген.

Бұл ретте, жауапкердің мәліметінше салық төлеушінің тіркелу жерінің өзгеруіне байланысты оның жеке шоты Есіл ауданы бойынша МКБ-нан Нұра ауданы бойынша МКБ-на ауыстырылған кезде барлық салық міндеттемелерді орыдалуы мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлар бойынша автоматты түрде тексерілген.

Нәтижесінде 105115 БКК бойынша жоғарыда көрсетілген ҚҚС сомасын уақытылы төлемегені үшін өсімпұл мөлшері қайта саналып түзетілгеніне байланысты 2023 жылғы 17 мамырда Әскери бөлімінде 34 708 989 теңге сомасында берешек қалыптасқан.

2023 жылғы 30 маусымда Нұра ауданы бойынша МКБ-сы Әскери бөліміне аталған өсімпұл мөлшері сомасында салықтық берешекті өтеу туралы № 14000002377 хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жіберген. Одан кейін Әскери бөлім аталған хабарламаға дау айту туралы әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

Талап қоюшы өз талаптарын салықтық заңнамамен көзделген талап қою мерзімі өтуімен, сегіз жыл бұрын салық органының хабарламасы бойынша есептелген 37 864 352,38 теңге мөлшерінде өсімпұл тиісті түрде төленгенімен және хабарлама салық төлеушіге салық берешегі құрылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктіріліп жіберілгенімен негіздеген. Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда дау айтылған хабарлама сенім құқығын қорғау және мөлшерлестік қағидаттарына қайшы келетінін негізге алған.

Атап айтқанда дауланып отырған хабарлама талап қоюшыға заңда көзделген мерзімнен бір айдан астам кешіктіріп жіберілген, оған мемлекеттік кірістер органның басшысының қолы немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылмаған, сонымен қатар ол заңдылық, сенім құқығын қорғау және мөлшерлестік қағидаттарына сәйкес келмейді.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімі және жеке ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысы және ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Нұра ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ.Әлжанов

Ж.Ермағамбетова

Судьялар

Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.