6001-22-00-6ап/1023
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 8 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар Д.А.Токмурзина, Ж.Б.Ермағамбетова болып,
талап қоюшы И[...], оның өкілі М[...],
жауапкер жеке сот орындаушы Б[...] (бұдан әрі - ЖСО Б[...]),
мүдделі тұлға «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның өкілі И[...], мүдделі тұлға Б[...] өкілі А[...],
аудармашы Е[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] Алматы қаласының жеке сот орындаушысы Б[...] 2021 жылғы 10 желтоқсанда жасалған электрондық аукцион хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арыз бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы И[...] ЖСО Б[...] 2021 жылғы 10 желтоқсандағы электрондық аукцион хаттамасын заңсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешімімен И[...] талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша объективті құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Талап қоюшы мен оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2014 жылғы 18 желтоқсандағы сырттай шешімімен И[...] «Цеснабанк» АҚ-ның пайдасына 11 525 811 теңге берешек сомасы, 345 774 теңге мемлекеттік баж төлеу жөніндегі сот шығындарының ақысы өндірілген. Аталған шешім заңды күшіне 2015 жылғы 14 қаңтарда енген, сол күні атқару парағы берілген.
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2017 жылғы 4 қаңтардағы ұйғарымымен, «Цеснабанк» АҚ-ның 2014 жылғы 18 желтоқсандағы сот шешімінің орындау әдісі мен тәртібін өзгерту туралы арызы қанағаттандырылып, талап қоюшының Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ шағын ауданы, АЗТМ-7, [...] үй мекен-жайында орналасқан, жалпы көлемі 91,60 м² тұрғын үйіне өндіру туралы сот ұйғарымы шығарылған.
2021 жылғы 23 маусымда жауапкер атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарған. Аталған күні қаулының көшірмесі және сот шешімін орындау туралы хабарландыру талап қоюшыға пошта жөнелтілімі арқылы жолданған.
2021 жылғы 19 шілдеде жауапкер мүлікті бағалау үшін маман қатыстыру туралы қаулы шығарған.
«AP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2021 жылғы 12 тамыздағы №81/21 бағалау есебіне сәйкес мүліктің нарықтық құны 34 530 180 теңге құраған.
2021 жылғы 12 қарашада жауапкер тыйым салынған мүлікті өткізуге беру туралы қаулы шығарып, осы қаулымен талап қоюшы уақытылы танысып, ол жөнінде қолхат жазған.
2021 жылғы 10 желтоқсанда жасалған электрондық аукцион нәтижелері туралы хаттамаға сәйкес аукцион жеңімпазы болып Б[...] танылған. Мүлік 21 063 410 теңгеге сатылған.
Жергілікті соттар істі қарау барысында талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, заңда белгіленген аукционды өткізу рәсімдері жауапкердің тарапынан сақтақталғанын, заңнаманы бұзуға жол берілмегенін анықтаған. Алқа жергілікті соттардың тұжырымдарымен мынадай негіздер бойынша келіспейді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 318-бабының 1- тармағына сәйкес, кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен жүзеге асырылады.
Іс бойынша соттың 2017 жылғы 4 қаңтардағы ұйғарымымен жалпы ауданы 91,60 ш. м. тұрғын үй түріндегі [...]:2/А кадастрлық нөмірмен кепіл мүлкіне өндіріп алу қолданылғаны анықталған.
ЖСО тыйым салынған мүлікті өткізуге беру туралы 2021 жылғы 12 қарашадағы қаулысында соттың ұйғарымына сілтеме жасай отырып, жоғарыда аталған жылжымайтын мүлік объектісінің сипаттамалары да көрсетілген.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 12 тамыздағы бағалау туралы есеп және аукцион хаттамасында жылжымайтын мүлік объектісінің өзге техникалық сипаттамалары мен кадастрлық нөмірі көрсетілген.
Сот отырысы барысында талап қоюшы өкілі ауданы 170,2 ш.м. тұрғын үйге өндіріп алу туралы сот актісі атқарушылық іс жүргізу материалдарында жоқ екенін түсіндірді. Банктің 2021 жылғы 14 қазандағы ЖСО-ға жолдаған хатында Алматы қаласының Бостандық аудандық сотының 2021 жылғы 15 сәуірдегі сот шешімін орындау тәртібі мен тәсілін өзгерту туралы ұйғарымына сілтеме бар, алайда ұйғарымның өзі талап қоюшыға берілмеген, оның мазмұны жергілікті соттармен тексерілмеген. Ұйғарымды бұрмалау фактісі бойынша сотпен құқық қорғау органдарына өтініш жолданған.
Жергілікті соттармен жоғарыда аталған қайшылықтар жойылмаған, іс және атқарушылық іс жүргізу материалдарында аукцион арқылы өткізілген мүлікке өндіріп алу туралы сот актісі тіркелмеген.
ӘРПК-нің 16-бабына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мәнжайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген Тыйым салынған мүлікті өткізу қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 39-тармағына сәйкес, электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттамада аукционның әрбір қатысушысының атауы, олар ұсынған баға, сондай-ақ әрбір қатысушының ұсынылған лоттың бағасына ЭЦҚ қол қою уақыты көрсетіле отырып, аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетіледі.
Соттармен мүлікті сату бойынша сауда-саттықты өткізу рәсімін сақталуы да тексерілмеген.
Талап қоюшымен ұсынылған Қазақстан Республикасы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының 2022 жылғы 10 маусымдағы жауабынан электрондық аукционға қатысу үшін 2 өтінім берілгені анықталды. Екінші қатысушы С[...] IP мекен - жайынан кірген жоқ.
Сонымен қатар бұл жауап қатысушылардың өтінім беру және аукцион өткізудің кезең-кезеңімен тарихын сұрату арқылы қосымша тексеруді талап етеді.
Соттар істі қараудың толықтығы мен объективтілігін, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының, әкімшілік сот ісін жүргізудің ӘРПК-нің 7, 16-баптарында белгіленген негіз қалаушы қағидаттарының толық орындалуын қамтамасыз етпегендіктен, осы іс бойынша шағым беріліп отырған сот актілері апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құрамда қарауға жіберіле отырып, күшін жоюға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қаңтардағы шешімінің және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 сәуірдегі қаулысы күштері жойылсын.
Іс Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан Д. Токмурзина Ж. Ермағамбетова
Судьялар
Көшірмесі дұрыс Ж. Ермағамбетова
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.