ВС РК - Постановление от 11.10.2022 по делу 6001-22-00-3гп/376 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/376

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 11 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші М.Ж.Бектұрғановтың, судьялар Ш.С.Иманиязованың, А.С.Савинованың, талапкердің өкілі С[...], жауапкердің өкілі Ж[...], Департаментің өкілі К[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Б[...] жауапкер Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі Т[...] себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актіні жарамсыз деп тану, жұмыстан шығару туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімін және Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі заңгер С[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б[...] сотқа жауапкер Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімі Т[...] себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актіні жарамсыз деп тану, 2021 жылғы 12 мамырдағы жұмыстан шығару туралы № 31-К өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақысын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы ұйғарымымен Б[...] жауапкер Сарыарқа ауылдық округі әкімінің себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актісін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 09 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімімен Б[...] талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндерін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының толық көлемде айқындалмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Б[...] Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі аппаратының жетекші маманы болып жұмыс істеген.

2021 жылғы 12 мамырдағы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі Т[...] жұмыстан шығару туралы № 31-К өкімінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 61-бабы 1- тармағының 22) тармақшасының негізінде, Б[...] 2021 жылғы 02 сәуірде сағат 10:00 бастап сағат 18:30 дейін жұмыс орнында болмағаны үшін, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару туралы тәртіптік жаза қолданылып, Б[...] жұмыстан босатылсын деп көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшы еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты жұмыс орнында болмағанын растайтын дәлелдемелер ұсынбаған, істі қарау барысында Еңбек кодексінің 65, 66баптарының талаптары жауапкер тарапынан сақталғаны байқалады және талап қоюшы жауапкермен шығарылған өкімді заңсыз деп тануды

сұрағанда осы нормаларға сілтеме жасамай, басқа негіздер бойынша тануды сұрады деп тұжырымдаған.

Сондай-ақ, сот Б[...] Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіздермен еңбек шарты бұзылған деп қорытындылаған.

Соттың мұндай тұжырымын апелляциялық сатыдағы сот заңды әрі негізді деп тапқан.

Кассациялық сатыдағы сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

Жоғарыда көрсетілген Заңның 45-бабының 1-тармағына сай тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.

Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны үшін жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Еңбек кодексінің 53-бабының 6-тармағына сай Еңбек кодексінің 52бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және Еңбек кодексінің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.

Еңбек кодексінің 66-бабының 1-тармағына сәйкес, осы Кодекстің 65бабының 4-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады. Анықталғандай, жұмыс беруші Б[...] 2021 жылғы 02 сәуірде жұмыс орнында дәлелді себептерсіз болмағанының негізінде даулы өкімді қабылдаған.

Алайда, өкім Еңбек кодексінің 66-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік жаза қолдану мерзімі өткеннен кейін, яғни тәртіптік теріс қылық анықталғаннан күннен бастап бір ай он күннен кейін қабылданған.

Демек, әкімнің 2021 жылғы 12 мамырдағы № 31-К өкімі еңбек заңнамасының талаптары бұзыла отырып заңсыз қабылданған, бірақ, аталған мән-жайларға жергілікті соттар дұрыс баға бермеген.

Сонымен қатар, жауапкердің талап қоюға ұсынған қарсылығының мазмұнынан талап қоюшы өзінің уәждерінің негізі ретінде Еңбек кодексінің 66-бабына сілтеме жасағаны көрінеді.

Мұндай жағдайда, сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қоюшы тарапынан Еңбек кодексінің 65, 66-баптарына сілтеме жасалмағаны туралы тұжырымы істің мән-жайларына сәйкес келмейді деген қорытындыға келеді.

Сондай-ақ, 2021 жылғы 30 наурызда жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан әкім Т[...] аппараттың қызметкерлерін, соның ішінде Б[...] жергілікті қоғамдастық пен ақсақалдар ұйымының бірлескен жиналысына заңсыз қатысуға мәжбүрлеуі және аталған жиналысқа қатысудан жалтаруына байланысты 2021 жылғы 02 сәуірдегі аппарат ұжымымен жиналыс өткізген кезде Б[...] әдепсіздік іс-әрекетке жол бергені бірінші сатыдағы соттың 2022 жылғы 01 ақпандағы жеке ұйғарымында көрсетілген.

Жоғарыдағы оқиғаға байланысты Б[...] көзіне жас алып, 2021 жылғы 02 сәуірдегі жиналыстан шығып, жұмыстан кеткені, содан соң дәрігерге барғаны нақты анықталған.

2021 жылғы 02 сәуірде Б[...] жұмысқа жарамсыз болғаны, сол күні ол Аягөз қаласы әскери госпитальдің терапевт-дәрігеріне жолыққаны, соңғының оған «Энцефалопатия» диагнозы қойылғаны, тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық ем алғаны жөнінде дәрігердің анықтамасында көрсетілген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы Б[...] жұмыс уақытында жұмыста дәлелді себепсіз болмағаны жөнінде түсініктемесін алмай, жауапкермен толтырылған актінің негізінде талап қоюшы жұмыстан заңсыз босатылған деп есептейді.

Алайда, жергілікті соттар талап қоюшымен ұсынылған дәрігерлік анықтамаға тиісті түрде баға бермей, дәлелдеме ретінде қабылдамаған.

Оған қоса, еңбек шарты бұзылғанға дейін әкім Т[...] Б[...] жалақысын аудармау жөнінде бас есепші Ж[...] ауызша бұйрық бергені де бірінші сатыдағы сотпен анықталып, жеке ұйғарымда көрсетілген. Ал іс құжаттарына 2021 жылғы 22 сәуірде Б[...] Аягөз ауданының әкіміне әкім Т[...] іс-әрекетіне шағымданғаннан кейін оның жалақысын төленгені, бірақ сол уақытта қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 2021 жылғы 23 сәуірдегі өкіммен талап қоюшыға сөгіс жарияланғаны туралы құжаттар тіркелген.

Дегенмен, бірінші сатыдағы сот Б[...] 2021 жылғы 02 сәуірде жұмыс орнында дәлелсіз себептермен болмағаны туралы тұжырымға келгенде, жоғарыда аталған мән-жайларды, яғни әкім Т[...] Б[...] деген біржақты теріс көзқарасы, жұмыскердің қолындағы бар медициналық құжаттары, оқиға кезіндегі Б[...] жүкті екендігін ескермеген.

Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 413-бабының 1- бөлігінде көзделген бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексеру туралы талаптарын орындамай, оның тұжырымдарының дұрыстығы және апелляциялық шағым уәждерінің негізсіздігі туралы жалпы тұжырымдармен ғана шектелген.

Мұндай жағдайда, сот алқасы жергілікті соттардың жұмыстан шығару туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы мен сот шығындарын өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруы негізсіз, АПКнің 427-бабы 1-бөлігі 4) тармақшасына сәйкес сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығару туралы тұжырымға келеді.

Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағына сай бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленеді.

Талап қоюшының жалақысы туралы анықтамаға сәйкес оның орташа жалақысы 116 777 теңгені құрайды.

Демек, жауапкерден талап қоюшының бос жүруге мәжбүр болған уақытына 2021 жылғы 12 мамырдан бастап 12 қарашаға дейін жауапкерден талап қоюшының пайдасына барлығы 700 662 теңге мөлшерінде жалақысы еңбек шартын бұзу кезінде төленген өтемақыны, жеке табыс салығы және зейнеткерлік төлемдер шегеріле отырып өндірілуге жатады.

АПК-нің 117 бабының 3-бөлігінің талаптары бойынша егер тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылса, онда іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылады.

Осы жағдайда, талап қоюшы мен жауапкер Салық Кодексінің 616 бабының ережелеріне сай мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімінің және Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша талап кою арызды канағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

2021 жылғы 12 мамырдағы Сарыарқа ауылдық округінің әкімінің талап қоюшы Б[...] жұмыстан шығару туралы № 31-К өкімі заңсыз деп танылып, күші жойылсын.

Б[...] бұрынғы жұмысына ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы қызметіне қайта орналастырылсын.

Б[...] пайдасына жауапкер «Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінен бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін калуларды еспке алмағанда 700 662 (жеті жүз мың алты жүз алпыс екі) тенге өндірілсін. Б[...] өкілі заңгер С[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М.Бектұрғанов

Судьялар Ш.Иманиязова

А.Савинова

Көшірмесі дұрыс Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.