6кп-19-19 көшірме
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 6 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіпте ашық сот отырысында Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2019 жылғы 11 наурыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуымен келіп түскен
Б[...] кызына (ALTYNBUBU BOPO KYZY) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2019 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен Б[...] кызы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.
Ұсынудың уәждерін зерделеп, бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, Б[...] кызына тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасын он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға ауыстыру туралы прокурордың қорытындысын тыңдап, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді. Іс материалдарына сәйкес 2019 жылғы 8 наурызда «Қордай» шекара бақылау бекетінде шекара қызметкерлері Қырғыз Республикасының азаматшасы Б[...] кызының құжатын тексеру кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мерзімнің өтіп кеткенін анықтаған. Аталған факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған. Бірінші сатыдағы сот Б[...] кызының кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауаптылыққа тартқан.
Ұсынуда іс бойынша Б[...] кызының құқық бұзушылық жасаған әрекеті дауланбайды.
ӘҚБтК-нің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаға жаза қолданылғанда жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінезқұлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.
Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы негізгі, сол сияқты қосымша жаза ретінде ӘҚБтК-тің ерекше бөлігінде көзделген шекте қолданылады.
Расында, ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінің санкциясында әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы көзделген. Алайда, бұл баптың санкциясы баламалы, яғни аталған жазадан басқа айыппұл да бар. Сондықтан сот Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге немесе айыппұл жазасын қолдануға құқылы.
Дегенмен, ӘҚБтК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуға тиіс.
Бірақ, сот құқық бұзушылық жасаудың мән-жайын, құқық бұзушының жеке басын, мүліктік және отбасылық жағдайларын ескермей Б[...] кызына әкімшілік жолмен Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы қатаң жаза қолданған.
Б[...] кызы азамат Т[...] некеге отырып, Қазақстан Республикасында бес балалы отбасымен бірге тұрады. Тіркелген құжаттарға сәйкес кәмелетке толмаған балалардың үшеуі Қазақстан Республикасында туылған және Алматы қаласындағы білім беру мекемелеріне барады. ӘҚБтК-нің 40-бабының 2-бөлігінде әкімшілік жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртібін құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзінің де, басқа тұлғалардың да жаңа бұзушылықтар жасауының алдын-алу мақсатында қолданылатындығы көрсетілген. Әкімшілік заңнамасының қағидаттарының біріне ізгілік қағидаты жатады. Мұнда әкімшілік жаза әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадір-қасиетін қорлауды мақсат тұтпайтындығы айтылған.
Аталған жағдайларды ескере отырып, мамандандырылған сот алқасы Б[...] кызына тағайындалған жаза өте ауыр және оның алғаш рет жасаған әрекетіне, жеке басына сәйкес келмейді деп есептейді.
Мұндай жағдайда, Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2019 жылғы 11 наурыздағы Б[...] кызына қатысты қаулысы тағайындалған жаза бөлігінде, әкімшілік туралы заңды дұрыс қолданбауына байланысты өзгертілуге жатады.
Оған ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасы он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әкімшілік айыппұлға ауыстырылсын.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Б[...] кызына (ALTYNBUBU BOPO KYZY) қатысты қабылданған Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2019 жылғы 11 наурыздағы қаулысын өзгертіп, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасы он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 37 875 (отыз жеті мың сегіз жүз жетпіс бес) теңге айыппұлға ауыстырылсын. Қаулының басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Н. Жолдасбеков
Судьялар
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.