ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 наурыз 6001-23-00-6ап/2699 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.Б. Дуйсенбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер Абай облысы, [...] жер комиссиясының 2023 жылғы 25 қаңтардағы № 3 хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 сәуірдегі шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған. Іс бойынша тараптар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жарма ауданы аумағындағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Аршалы ауылдық округінде орналасқан ауданы 270,01га болатын жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша жер комиссиясысының 2023 жылғы 25 қаңтардағы № 3 шешіміне сәйкес жеңімпаз болып «Т[...]» шаруа қожалығы (бұдан әрі – ШҚ) танылған.
Бұл шешіммен келіспеген осы конкурсқа қатысқан Н[...] сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді басшылыққа алған.
Жер комиссиясы конкурсқа қатысушыларға инвестициялық салымдар бойынша 20 балл белгілеген.
«Т[...]» ШҚ басшысы М[...], М[...], А[...] Жарма ауданы Аршалы ауылдық округінде 5 жылдан астам уақыт тұруына байланысты қосымша 10 балл берген. Н[...] 2015 жылдан бастап Алматы қаласында тұруына байланысты оған қосымша балл берілмеген.
«Т[...]» ШҚ басшысы М[...] көп дауысқа (8) ие болып жеңімпаз атанған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-1-бабының 1-бөлігінің 14-тармағына сай осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі. Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және жеңіп алған конкурстық өтінімді айқындайды.
«Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидасының» 23-тармағына сәйкес осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Жергілікті соттар аталған конкурс өткізу кезінде жер комиссиясымен жоғарыда аталған заң нормаларды бұзуға жол берілмегендігін анықтаған. Соттардың тұжырымдары сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 сәуірдегі шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.