Қ А У Л Ы
2025 жылғы 22 қазан №6003-25-00-2к/1663 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында
төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев,
судьялар А.Ж.Аймурзинова, Ч.И. Майшыбаев,
талап қоюшы А.М.Асанов, оның өкілдері Әріпхан С.Б., Битемиров М.Ө., жауапкер А.Жумағулов, жауапкердің өкілі М.Менисбаевтың, үшінші тұлға Б.Жумагуловтың
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Азат Маратұлы Асановтың жауапкерлер Бақдәулет Бақытжанұлы Шыназбекке, Нұрдәулет Батырханұлы Шыназбековке, Алимжан Шыназбекович Жумагуловқа, Айнур Жанкеловна Шораеваға, жеке нотариус Хафез Адилович Джанабековке, жеке нотариус Рабиға Абдрахмановна Атигаеваға, жауапкердің жағында, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Марат Асанович Пилаловқа, Бакытжан Шыназбекович Жумагуловқа, мүдделі жақ «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы, жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіне берген, сенімхатты, сатып алу-сату келісім шарттарын және олардың тіркеулерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 1 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысына үшінші тұлға М.Пилаловтың келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
2020 жылғы 3 желтоқсанда талап қоюшы А.Асанов өзінің жеке меншігіндегі Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді ауылы, С.Асанов көшесі, №16 тұрғын үйді өзінің қалаған бағасына сатуға, келісім шарттарға қол қоюға жауапкер Б.Шыназбекке сенімхат берген. 2020 жылғы 4 желтоқсанда Б.Шыназбек осы сенімхат негізінде тұрғын үйді Н.Шыназбековке келісім шарт бойынша 13 000 000 теңгеге сатқан. 2021 жылғы 1 маусымда тұрғын үйді Н.Шыназбеков А.Шораеваға келісім шартқа сай 13 100 000 теңгеге сатқан. Тұрғын үйге А.Шораева мен А.Жумагуловтың құқықтары тіркелген.
Талап қоюшы А.Асанов талап қоюында жауапкер Б.Шыназбек мәміле бойынша тұрғын үйді сатудан алған ақшасын оған бермегенін көрсетіп, соттан жоғарыда аталған сенімхатты, сатып алу-сату келісім шарттарын және олардың тіркеулерін жарамсыз деп тануды сұраған.
Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Сот шешімінің талап қоюшының сенімхатты және келісім шарттардың тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде іс жүргізу тоқтатылған. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында үшінші тұлға М.Пилалов жергілікті соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін көрсетіп, аталған сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіріп, сот актілерін қайта қарауды сұрайды.
Талап қоюшының және оның өкілдерінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің және олардың өкілінің, үшінші тұлғаның қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Кассациялық сот М.Пилаловтың 2 топтағы мүгедектігі болуы себепті өз мезгілінде сот актілерін шағымдай алмағаны туралы уәжіне сай оның кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады деп санайды.
АПК-тің 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 147 бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюшының даулы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюының негізсіз екені туралы тұжырымымен келіседі, себебі тұрғын үйдің ақшасы берілмегеніне байланысты мәміле жарамсыз деп тануға жатпайды, бұл мән-жай мәміле бойынша мүліктің құнын талап етуге немесе шартты бұзу туралы талап қоюға негіз бола алады. Сондықтан сот актілері заңды әрі негізді.
АК-тің 170-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес сенiмхаттың қолданылуы сенiмхатта көзделген әрекеттердiң жүзеге асуына байланысты тоқтатылады.
АПК-тің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес, азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтын жағдайда іс жүргізу тоқтатылады.
Сенімхат қолданылуы тоқтатылғаны себепті оны жарамсыз деп танудың қажетілігі жоқ болуы, ал мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда оның тіркеуі өздігінен күшін жоятыны себепті азаматтық іс жүргізу осы бөлігінде тоқтатылған.
Талап қоюда келтірілген уәждерге жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, оларға қатысты заң нормалары дұрыс қолданылған, сот актісінің күшін
жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ, сондықтан кассациялық шағым қанағаттандыруға жатпайды.
Апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгеріссіз қалдыруға жататыны себепті бірінші саты сотының шешімі өзгертілген қалпында қалады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Үшінші тұлға М.Пилаловқа сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын, үшінші тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
А.Аймурзинова
Судьялар
Ч.Майшыбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.