6003-25-00-2к/3545
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 6 қаңтар
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Камашевтің, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Диана Олеговна Власоваға, «Oil Exstraction Company» ЖШС-не өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Д.О.Власоваға 10 997 220 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Электрик-12» б/с, 439 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-088-719 жалпы ауданы 0,0613 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. «Oil Exstraction Company» ЖШС-не
13 743 997 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Электрик-12» б/с, 423 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-088-707 жалпы ауданы 0,0753 га;
10 764 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, 233 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-092-364 жалпы ауданы 0,0600 га;
11 122 800 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, Литейная көшесі, 239 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-092-059 жалпы ауданы 0,0620 га;
10 213 152 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, 243 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-092-088 жалпы ауданы 0,0571 га;
10 195 265 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, Литейная көшесі, 231 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-092-314 жалпы ауданы 0,0570 га;
10 374 129 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, Лесная көшесі, 235 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-092-380 жалпы ауданы 0,0580 га;
11 373 960 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Электрик-12» б/с, 442 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-088-1046 жалпы ауданы 0,0634 га ; - 9 517 779 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Электрик-12» б/с, 441 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-088-1045 жалпы ауданы 0,0536 га;
9 962 742 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Электрик-12» б/с, 440 учаске мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-318-088-1042 жалпы ауданы 0,0557 га жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселесі шешілген. Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген соманың мөлшерін азайтуды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 3 шілдедегі №510-2205 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Ш.Қалдаяқов және С.Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 2,9956 га, жер учаскелері сатып алу арқылы «Балабақша» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.
Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шегіне Д.О.Власоваға 2024 жылғы 20 тамыздағы және «Oil Exstraction Company» ЖШС-не 2024 жылғы 15 қазандағы сатып алу-сату шарттарының негізінде тиесілі жоғарыда көрсетілген жер учаскелері (бұдан әрі – жер учаскелері) енген.
Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 27 қаңтардағы № С.163-12.24 қорытындысына сәйкес жоғарыда көрсетілген жер учаскелері бойынша даулы мүліктің нарықтық құны анықталған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін
ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектілердің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскелерінің өтемақы мөлшерін дұрыс анықтаған.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Талап қоюшы өтемақыны салыстырмалы тәсілімен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 29 қаңтардағы және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.