№6003-25-00-2к/5275 (2) ҚАУЛЫ 2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы Түркістан облысы, [...] әкімінің жауапкер «Зейнеткерлер» өндірістік кооперативіне жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағым бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Сайрам ауданының әкімі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
«Зейнеткерлер» өндірістік кооперативінің кадастрлық №[...] жалпы көлемі 1,5 гектар жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесі үшін нарықтық құны оған өтелмегенін, баламалы жер учаскесі ұсынылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы (мемлекеттен сатып алынған немесе сатып алынбаған жер пайдалану құқығымен) жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады. Жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару, егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алған болса, жер пайдалану құқығын сатып алғаны үшін төлемақы құны жер пайдаланушыға өтеле отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ оның қалауы бойынша осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа жер учаскесі берілуі мүмкін. Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Кодекске сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулы қабылданғаннан кейін "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6- тарауында белгіленген тәртіппен келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
Заңының 61-бабының 2-тармағына, 62-бабының 1,2 тармақтарына, 62-1 бабының 2-тармағына, 64-бабының 1-тармақтарына, 65-бабының 12тармағына сай жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерінің жариялылығы сақталған кезде жүргізілуі мүмкін.
Іс құжаттарына қарағанда, «Зейнеткерлер» өндірістік кооперативіне Сайрам ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы №1993 қаулысымен, Сайрам ауданы, Мәртөбе ауылы аумағынан жалпы көлемі 95,225 гектар жер учаскесі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін 48 жылға ұзақ өтеулі уақытша жерді пайдалануға жалға берілген.
Аталған жердің ішінен 1,5 гектар ауыл шаруашылық мақсаттағы жеріне кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі берілген.
Осы жерді мемлекеттік мұқтажы үшін (көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысын салу) алып қою туралы Сайрам ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №41 қаулысы қабылданған.
Аталған қаулы жергілікті «Мәртөбе» газетіне 2024 жылғы 2 ақпанында №5 (6402) және аудан әкімдігінің ресми сайтына ресми түрде жарияланған.
«Зейнеткерлер» өндірістік кооперативіне жер учаскесінің мемлекеттік мұқтажы үшін алынатындығы жөнінде 2024 жылғы 2 ақпанда №457 хабарлама жолданған.
Алайда, жауапкермен Заңның 69-бабының 1-тармағына сай, жазбаша хабарламаны алған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы келісім рәсімдеріне бастамашылық жасалмаған.
Сотта істі қарау барысында жауапкер жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын мемлекеттен сатып алмағаны, жер учаскесінде жылжымайтын мүлік орналаспағаны анықталған.
Сондықтан бірінші сатыдағы сот мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесі өтемақысыз иеліктен шығарылуға жататындығы туралы негізді тұжырым жасаған.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері негізсіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.О.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.