ВС РК - Постановление от 17.11.2021 по делу 6001-21-00-6КА/909 (Об административном правонарушении)

6кп-65/21

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 17 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж.Әлмағамбетова , А.Ж.Рахметулин, прокурор Т[...],

Көліктегі полиция департаменттің (бұдан әрі - уәкілетті орган) өкілдері Ш[...] пен Х[...],

қорғаушы А[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

С[...] (I[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен С[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Алқа, қорғаушының, прокурордың ұсынуды қолдаған, уәкілетті органның өкілдерінің қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы С[...] 2020 жылдың 9 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасында уақытша тіркеліп, көрсетілген мерзім өткеннен соң, он тәуліктен асатын кезең ішінде Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бірінші сатыдағы сот С[...] кінәсі сот отырысында істегі зерттелген дәлелдемелерімен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.

Алайда, сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылық жасаудың нақты мән-жайларын, құқық бұзушының жеке басы туралы мәліметтерді, оның жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың бар-жоқтығын толық ескермеген.

ӘҚБтК-нің 55-бабының 2, 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Сот С[...] әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындағанда оның өз кінәсін мойындағанын, Қазақстанда жақын туыстарының және тұрғылықты жерінің жоқтығын, жұмыс істемейтіндігін, жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын негізге алған.

Бірақ, іс материалдары бойынша С[...] кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымай, жаза тағайындаған кезде ескермеген.

Сонымен қатар, сот қаулыда С[...] Қазақстанда жанұясы және туыстары жоқ екенін негізсіз көрсеткен.

Атап айтқанда, С[...] 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының азаматшасы Д[...] заңды некеде тұрған, олардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын кәмелетке толмаған: Саттар-05.05.2007 жылғы, Ислам23.08.2010 жылғы, Инабат-16.10.2013 жылғы туылған үш балалары бар. Ол жанұясымен Орал қаласы, «Зачаганский» бау-бақша серіктестігі, № 875/2-үйлерінде тұрақты тұрып жатқан.

Алайда, сот істі қарау кезінде бұл мән-жайларды анықтамаған және ескермеген.

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 2-тармақшысына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi(асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Сонымен бірге, тағайындалған жаза «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңында бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

С[...] Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану оған соттың шығарып жiберу туралы шешiмі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салуға әкеп соқтырады. Аталған жазаны қолдану С[...] Қазақстанда тұрақты тұратын жанұясымен тұруға, оларға материалдық және басқа көмек көрсетуге кедергі болады.

ӘҚБтК-нің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды және негізді болуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот қаулысы туралы» № 5 нормативтік қаулысының 19-тармағында соттар ӘҚБтКның Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрлері болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтау қажеттігі, әкімшілік жаза шараларын айқындау кезінде сот қаулының сипаттау-дәлелдеу бөлігінде таңдап алынған әкімшілік жазалау шарасының себептерін келтіруге міндетті екендігі көзделген.

Қаулыда құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын куәландыратын нақты қандай мән-жайлар жазалау шарасын таңдау кезінде ескерілгені көрсетілуге тиіс.

Сот істі қараған кезде заңның жоғарыда аталған ережелерін тиісті дәрежеде орындамаған.

ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.

Сот С[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде қатаң жаза тағайындаған. Сондықтан алқа, С[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, оған жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді. Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылдаған қаулысы ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша өзгертілуге жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша С[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 16 тамыздағы қаулысын өзгертіп, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 72 925 (жетпіс екі мың тоғыз жүз жиырма бес) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

А. Қыдырбаева

Төрағалық етуші

Г. Әлмағамбетова А.Рахметулин

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.