ВС РК - Постановление от 10.08.2021 по делу 6001-21-00-3гп/319 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/319

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 10 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов, прокурор Д[...],

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілі А[...],

«К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі

Т[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысы денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатып алу шартын бұзу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі – А[...]) жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (бұдан әрі – Серіктестік) араларында 2020 жылдың 20 наурызында жасақталған тауарды сатып алу туралы №148 шартты бұзу жөніндегі талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызы қанағаттандырылған. А[...] мен Серіктестік арасында жасалған 2020 жылғы 20 наурыздағы №148 сатып алу шарты бұзылған.

Өтінішхатта Серіктестік апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілгенін көрсетіп, оны қайта қарауды сұраған.

Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың апелляциялық сот алқа қаулысын бұзып істі қайта қарауға сол сотқа жолдау туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сот алқасы тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, компьютерлік томограф жүйесін сатып алу тендер қорытындысының негізінде 2020 жылдың 20 наурызында А[...] (тапсырыс беруші) және Серіктестік (өнім беруші) арасында №148 сатып алу туралы шарты (бұдан әрі – Ш[...]) жасақталған.

Ш[...] техникалық өзіндік ерекшелігі (№1 Қосымша) бойынша Серіктестік шартқа қол қойған күннен бастап 120 күн ішінде А[...] 422 650 000 теңге құрайтын «A[...] SP (TSX-303В)» компьютерлік томограф жүйесін (КТ жүйесі) Жапонияда шығарылған C[...] Corporation керек-жарақтарымен жеткізуге, ал А[...] осы тауарды қабылдап, оның құнын төлеуге міндеттенген.

2020 жылғы 16 шілдедегі Ш[...] №1 қосымша келісімімен тауарды жеткізу мерзімі 60 күнге ұзартылған.

Серіктестік өзіне алған міндеттемесін 2020 жылдың 1 қыркүйегінде орындағаны тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған тауарды тапсырып - қабылдап алу актісімен дәлелденеді.

Маңғыстау облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізіп нәтижесінде 2020 жылдың 27 қарашасында Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (бұдан әрі – Департамент) заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген.

Ұсыныста тапсырыс беруші тауарды сатып алу барысында төмендегі заң бұзушылықтарға жол бергенін көрсеткен, атап айтқанда:

  1. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау Басқармасы КТ жүйесін сатып алу бағасын 390 000,00 мың теңге деп бекіткен, алайда тапсырыс беруші Ш[...] 422 650,00 теңгеге жасақтаған, 2) өнім берушінің КТ жүйесін Қазақстан аумағына алып келуге руқсат құжаттары болмағаны, ал тапсырыс берушіде иондаушы сәулелендіру көздерімен жұмыс істеу лицензиясы болғанымен тараптар негізсіз қосымша келісім жасақтап КТ жүйесінің жеткізу уақытын 60 күнге ұзартқан,

  2. тапсырыс беруші КТ жүйесін сатып алу тендерін өткізу барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысымен бекітілген «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) талаптарының сақтамай, құны 50 000 000 (елу миллион) теңгеден жоғары, сондай-ақ бірегейлендіруге жататын сервистік қызметті талап ететін медициналық бұйымды бірыңғай дистрибьютор – «СФ[...]» ЖШС-і арқылы сатып алмаған.

Ұсыныста аталған заң бұзушылықтарды жою шаралары ретінде 2020 жылғы 20 наурыздағы №148 сатып алу шартының күшін жою мәселесін қарастыру көрсетілген.

Осыған орай, Департамент 2020 жылдың 3 желтоқсанында А[...] жолданған №02-07/28258 хатымен Ш[...] күшін жою жұмыстарын орындауды жүктеген.

Маңғыстау облысының прокуратурасының ұсынысында көрсетілген тендер өткізу барысындағы жіберілген кемшіліктерге сілтеме жасап, А[...] күшін жою туралы талап арызымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартып, Серіктестік қосымша келісімде белгіленген мерзімде КТ жүйесін А[...] жеткізіп сәйкестендірген, сонымен міндеттемесін тиісінше орындаған. Тапсырыс беруші тарапынан жеткізілген тауардың сапасы мен санына қатысты шағымдары болмаған.

Өнім беруші тендерге қатысуға мүмкіндік беретін 2020 жылдың 18 ақпанындағы «Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтер көрсетуге», оның ішінде: Құрамында иондаушы сәулеленудің радиоизотоптық көздері бар немесе иондаушы сәулеленуді генерациялайтын, медициналықты қоса алғанда, аспаптар мен қондырғыларға техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау, кері монтаждау, зарядтау, қайта зарядтау, жөндеу жүргізуге құқық беретін №20003046 лицензиясының иесі болған.

КТ жүйесін бекітілген бағадан 32 700 000 теңгеге жоғары сатып алу және тендер өткізу кезіндегі Қағида талаптарының сақталмауы тендер комиссиясының тарапынан орын алған кемшіліктерге жатады және бұл мәселелер Ш[...] бұзылуына негіз болып танылмайтынын көрсеткен. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың көрсетілген тұжырымдарымен келіспей, Маңғыстау облысы прокуратурасының ұсынысында белгіленген КТ жүйесін сатып алуда орын алған кемшіліктер және соның салдарынан заң талаптарын бұза отырып жасақталған Ш[...] негізінде көтерме бағамен алынған КТ жүйесі халыққа қызмет етпей тұрғанын көрсеткен.

Тапсырыс беруші 2020 жылдың 16 маусымында №2762 хатымен өнім берушіге лицензияның болмауына байланысты Ш[...] өзара келісім бойынша бұзуын сұрап, АК-нің 402-бабында көзделген сотқа дейінгі реттеу талабын сақтаған.

Бірінші сатыдағы сотының шешімінде келтірілген тұжырымдары іс бойынша маңызы бар мән-жайларға сәйкес келмейтініне және заң нормаларының қате қолданылғанына байланысты апелляциялық сот алқа АК-ің 401-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының негізінде талап қою арызын қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес, апелляциялық шағым прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен келтірілген құқық нормалары сақталмаған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің (бұдан әрі - АК) 7- бабының 1) тармақшысына сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден туындайды.

Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi екендігі АК-нің 380-бабының 1-тармағында көзделген.

АК-нің 393-бабының 1-тармағы бойынша тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi. Ш[...] мәнi туралы ережелер, заңдарда елеулi деп танылған немесе шарттардың осы түрi үшiн қажеттi ережелер, сондай-ақ бiр тараптың мәлiмдеуi бойынша келiсiмге қол жеткiзуге тиiстi барлық ережелер елеулi ережелер болып табылады.

А[...] мен Серіктестік арасында жасалған Ш[...] олардың уәкілетті қызметкерлері өз еркілерімен қолдарын қойып, Ш[...] елеулі ережелері бойынша келісімге келгендері мәлім. Тараптар заңнаманың осы талаптары сақталмағаны жөнінде мәлімет етпеген, бұл тұралы сотқа түсінік бермеген.

Осыған орай және аталған Ш[...] жарамсыз деп тану туралы АК-нің 157 бабының 3-тармағына сай мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор бұл Ш[...] жарамсыз деп тану туралы талап қоймағандықтан АК-

нің 386-бабының 1-тармағының негізінде Ш[...] оны жасасқан кезден бастап күшiне енiп, тараптар үшiн мiндеттi болып табылады. АПК-нің 225 бабының 2 бөлігінде белгіленгендей сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.

АК-тің 401-бабының 1-тармағына сәйкес егер осы Кодексте, басқа да заң құжаттары мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келiсуiмен өзгертiлуi және бұзылуы мүмкiн.

Талап қоюшы Ш[...] АК-нің 401-бабының 2-тармағында көрсетілген негіздемелер бойынша, атап айтқанда: 1) екінші тарап шартты едәуір бұзған кезде; 2) осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде сот шешімімен бұзуды талап еткен.

Апелляциялық сот алқа Ш[...] аталған норманың 2) тармақшасына сәйкес бұзып, шарттың бұзылуына әкеп соғатын Азаматтық кодекстің немесе басқа заңнаманың нормаларына, сондай ақ Ш[...] көрсетілген негіздемеге сілтеме жасап келтірмеген.

АК-нің 401 бабының 2-тармағының 2-бөлігіне сәйкес тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса, бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 36-бабының 5-тармағы бойынша атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаны берудің ерекше шарттары «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

Өнім берушінің КТ жүйесін Қазақстан Республикасына алып келуге лицензиясының болмауы шарт талаптарының едәуір бұзылуы деген талап қоюшының уәждерін бірінші сатыдағы сот дұрыс негізсіз деп таныған. Өйткені Серіктестіктің тендерге қатысуға мүмкіндік беретін 2020 жылдың 18 ақпанындағы «Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтер көрсетуге», оның ішінде: «Құрамында иондаушы сәулеленудің радиоизотоптық көздері бар немесе иондаушы сәулеленуді генерациялайтын, медициналықты қоса алғанда, аспаптар мен қондырғыларға техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау, кері монтаждау, зарядтау, қайта зарядтау, жөндеу жүргізуге» №20003046 лицензиясының иесі болған.

Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 13 қазандағы №719 бұйрығымен бекітілген «Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидаларының бекіту туралы» талабына сәйкес КТ жүйесін Қазақстан Республикасының аумағына енгізу лицензия арқылы жүзеге асырылады. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің импортына лицензия алу үшін өтініш берілгенде, өтініш беруші міндетті түрде, өзінің толық атауын (мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы, БСН/ЖСН), сондай ақ түпкі пайдаланушының толық атауы (мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы, БСН/ ЖСН), лицензияны сұрау үшін негіз (шарт, келісімшарт, келісім) көрсетілуі тиіс.

Аталған талаптар КТ жүйесін Қазақстанға алып келуге рұқсат беретін лицензия шарт жасалғаннан кейін берілетінін белгілейді, себебі түпкі пайдаланушының атауы және лицензияны сұрау шарт жасалғанға дейін анық болуы мүмкін емес.

Бірінші сатыдағы сот, шарт бойынша тауарды жеткізу мерзімінің ұзартылғаны оған өнім берушінің керекті рұқсатының болмауы емес, керісінше тапсырыс берушінің заңнамамен белгіленген рұқсаты болмағаны себеп болған,- деген тұжырымға келген.

Бұл тұжырым, Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының талаптарымен негізделген, яғни аталған Заңның 9-бабының 45) тармақшасына сәйкес, медициналық компьютерлік рентгендік томографтармен жұмыс жасау қосымша лицензия алуды қажет етеді. Ал тапсырыс берушінің «медициналық компьютерлік рентгендік томографтармен» жұмыс істеуге мүмкіндігін беретін қосымша лицензиясы болмаған.

Осыған қарамастан Серіктестік қосымша келісімде белгіленген мерзімде КТ жүйесін А[...] жеткізіп, сәйкестендірген, міндеттемесін тиісінше орындаған. Тапсырыс беруші тарапынан жеткізілген тауардың сапасы мен санына қатысты шағымдары болмаған.

КТ жүйесін бекітілген бағадан 32 700 000 теңгеге жоғары сатып алу және тендер өткізу кезіндегі Қағида талаптарының сақталмауы – тендер комиссиясының тарапынан орын алған кемшіліктер.

Талап қоюшы жауапкердің шарт талаптарын бұзғанын, соның нәтижесінде шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соққаны жөнінде дәлелдемелерді ұсынбағандықтан, бірінші сатыдағы сот талап қою арызды негізді, материалдық құқық нормаларына және азаматтық іс бойынша белгілі болған мән-жайларға сай қанағаттандырусыз қалдырған. Талап қоюшы келтірген КТ жүйесін сатып алу тендерін өткізу кезіндегі және мәмілені жасау кезіндегі заң бұзушылықтар Ш[...] бұзылуына негіздеме деп танылуға жатпайды.

Осы тұрғыда апелляциялық сот алқа қаулысының материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданбауына байланысты күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысының күші жойылып, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

«К[...]» ЖШС-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов Ғ. Мырзаке Н. Сұлтанов

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.