6001-22-00-6ап/589
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 25 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Ш.Т.Даниярова., Е.Д.Умралиев., талапкер өкілі С[...] жауапкер өкілі С[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «КПҚК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банкроттық басқарушысы С[...] жауапкер «Қызылорда облысының инновациялық-индустриялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі №55-НҚ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы ұйғарымына талапкер өкілі С[...] келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «КПҚК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) банкроттық басқарушысы жауапкер «Қызылорда облысының инновациялық-индустриялық даму басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік мекемесінің 2003 жылғы 28 сәуірінде жасалған келісім шарттың қолданылуын біржақты тәртіппен тоқтату туралы 2017 жылғы 11 қыркүйектегі №55-НҚ бұйрығы Қазақстан Республикасы «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының талаптарына қайшы қабылданғандығын көрсете келе, даулы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою туралы сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы ұйғаруымен талап арыз әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтын болғандықтан, кері қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы ұйғаруымен бірінші саты сотының ұйғаруы күшінде қалдырылған.
Талапкер өкілі С[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін, істің мән-жайларына біржақты қарағанын көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талапкер өкілі кассациялық шағымды қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсінігін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, 2003 жылғы 28 сәуірде Басқарма мен Серіктестік арасында № 104 келісімшарт жасалып, «Жаңақорған» кенішінен доломит өңдіру карьері, көлемі 56,0 гектар жер учаскесін пайдалану (жалдау) құқығы 2028 жылдың 26 тамызына дейінгі мерзімге табысталған. Серіктестік келісімшарт міндеттемелерін және заң талаптарын орындамағаны үшін Басқарманың 2017 жылғы 11 қыркүйектегі № 55-НҚ бұйрығымен тараптар арасында жасалған келісімшарт бір жақты тәртіппен тоқтатылған.
2018 жылғы 28 наурыздағы соттың шешімімен «КазПром-Қызылорда» Компаниясы» ЖШС-і банкрот деп танылып, банкроттық рәсімі қозғалған.
Жергілікті соттар, тараптар арасындағы дау шарттық міндеттемелердің орындалмауының салдарынан туындағанын, сондықтан талапкер бұндай талаппен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінуге құқығы бар екенін түсіндіріп, талап қою арызын кері қайтарған.
Сот алқасы төмеңгі саты соттарының тұжырымдары материалдық және процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп таниды.
ӘРПК 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда тараптар арасындағы дау жария-құқықтық қатынастардан емес, шарттық міндеттемелердің және заң талаптарының орындалмауының салдарынан туындаған, осыған орай жергілікті соттардың талап арызды қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.
Талапкер өкілінің кассациялық шағымында келтірген, яғни жергілікті соттар істің мән-жайларына біржақты қарады деген уәждерін, сот алқасы негіссіз деп санайды, себебі олар жалпылама көрсетіліп, қандайда бір дәлелдемелермен бекітілмеген.
Жоғарыда аталғандар негізінде төмеңгі саты соттары тарапынан материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге негіздер жоқ деп санайды. Мұндай жағдайда талапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. «КПҚК[...]» ЖШС-нің банкроттық басқарушысы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Дуйсенбаев
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Умралиев
Көшірмесі дұрыс Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.