Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4323(2) (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4323(2)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшылар А.Б.Ауелбаеваның, Г.Ш.Наурзбаеваның,

Д.К.Тасбулатованың,

жауапкер өкілі А.А.Керимовтың қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшылар Дамеш Касеновна Тасбулатованың, Айгул Битимгалиевна Ауелбаеваның, Гульмира Шаншархановна Наурзбаеваның жауапкер «BN GIobaI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйрықтарды заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақыларын өндіру, моральдық зиянның өтемақысын өтеу жөніндегі электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшылар сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап қоюлар ішінара қанағаттандырылған, «BN Global» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгінің (бұдан әрі - Серіктестік) 2024 жылғы 21 мамырдағы № 17, 2024 жылғы 22 маусымдағы № 10, 11, 12 бұйрықтары заңсыз деп танылып күші жойылып, Д.К.Тасбулатованың Г.Ш.Наурызбаеваның А.Б.Ауелбаеваның әрқайсысының пайдасына лажсыз бос жүрген уақыттарына 556 947 теңгеден жалақылары, 100 000 теңгеден моральдық зиянның өтемақысы және 200 000 теңгеден өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығыстары өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылып, Серіктестіктен мемлекет кірісіне 27 784 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Бірінші сатыдағы сот Серіктестікте шын мәнінде штат санының қысқаруы жүргізілмегені жайлы тұжырымға келген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен шешім өзгертілген, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінде, қанағаттандырудан бас тарту жайлы жаңа шешім шығарылып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Апелляциялық сатыдағы сотпен сот шешімінің өзгертілуіне, жұмыс беруші тарапынан жұмыскерлермен еңбек шартын тоқтатуда еңбек заңнамасының талаптарының сақталғаны, Серіктестікте расында штат санының қысқаруы орын алғаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымдарын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, өздерінің қудалауға ұшырап бұған дейін осы негіздермен заңсыз еңбек

шарттары бұзылғанына негіздеп, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Бұл іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі- Кодекс) 52бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға жатады.

Кодекстің 53-бабының 1-тармағының талабы бойынша егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу кезінде еңбек шартын бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының № 9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі-Қаулы) 13-тармағына сәйкес, соттар жұмыс берушінің (заңды тұлғаның) таратылуына, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары) байланысты еңбек шарты бұзылған адамдарды жұмысқа қайта алу туралы істерді қарай отырып, ұйымның (заңды тұлғаның) таратылғантаратылмағанын, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметінің тоқтатылғантоқтатылмағанын, жұмыскерлер санын немесе штатын қысқарту шын мәнінде жүргізілген-жүргізілмегенін, заңнамалық актілерде көзделген жұмыскерлерді босату тәртібінің сақталған-сақталмағанын, олардың орнына басқа адамдардың алынған-алынбағанын тексеруге міндетті.

Іс құжаттарынан анықталғандай, соттың 2024 жылғы 15 ақпандағы шешімімен, Серіктестіктің 2024 жылғы 20 мамырдағы №15 бұйрығы негізінде талап қоюшылар 2024 жылғы 20 мамырдан бастап жұмыстарына қайта орналастырылған.

Серіктестіктің 2024 жылғы 21 мамырдағы №17 бұйрығымен жұмыс берушінің еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша 21 маусымға дейін бос тұрып қалу жарияланған.

Бос тұрып қалуға байланысты талап қоюшыларға орташа жалақыларының 50% мөлшерінде ақы төленген. Штат саны қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартының бұзылатыны жөнінде талап қоюшылар 2025 жылғы 21 мамырдағы хаттармен хабардар етілген.

Серіктестіктің 2024 жылғы 22 маусымдағы №10, 11, 12 бұйрықтарымен, Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 3) тармақшасы негізінде талап қоюшылармен еңбек шарттары бұзылған.

Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендегенде бұзылуы мүмкін.

«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-І Заңының 6-бабына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестік коммерциялық ұйым болып табылады, өз қызметіне байланысты міндеттерді атқарады. Анықталғаны, Серіктестік пен «Салтанат» жеке кәсіпкері арасында 2023 жылғы 1 қыркүйекте жасалған №880759/2023/1 қызметтерді сатып алу туралы шарты бойынша, Серіктестік тапсырыс берушіге ғимараттарды/бөлмелерді тазалау қызметін көрсетуге міндеттенген.

Шарт сомасы 35 411 556 теңгені құраған.

Осы тараптар арасында 2024 жылғы 4 қаңтарда жасалған қосымша келісім шартымен, шарт сомасы 13 043 324 теңгеге төмендетіліп, осыған байланысты қызмет көрсететін жұмысшылар саны 22-ден 14 азайтылған.

2023 жылғы 5 қаңтарда Серіктестікпен бекітілген штат кестесі бойынша тазалаушы штаты – 18, 2024 жылғы 5 қаңтардаға штат кестесі бойынша - 14 бірлік болып бекітілген. Серіктестіктің басқа тапсырыс берушілермен 2024 жылғы 1 наурызда жасалған № ІІBN/2024 шартының мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанда (шарт бойынша 11 штат бірлігі), 2025 жылғы 5 қаңтарда жасалған №W04BN/2025 (шарт бойынша 11 штат бірлігі) шартының мерзімі 2025 жылғы 28 ақпанда аяқталған.

Аталған мән-жайлар талап қоюшылармен АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес іске қатысты, жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы сотпен олар Серіктестікте штат санын қысқарту шын мәнінде жүргізілген растайтын дәлелдемелер ретінде қабылданып, шешім шығаруда дұрыс негізге алынған.

Сонымен бірге сотта талап қоюшылардың орнына кейіннен басқа қызметкерлердің жұмысқа алынғандығы анықталмаған.

Өз кезегінде, Серіктестік коммерциялық ұйым болғандықтан, штат санын қысқарту жайлы шешім қабылдау оның дербес шешімі болып табылады, ол үшін міндетті түрде экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендеуі міндетті емес.

Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарда Кодекстің 52-бабының 1- тармағының 3) тармақшасының қате көрсетілуі, Қаулының 30-тармағының талабына сәйкес олардың заңсыздығына әкеп соқтырмайды.

Жауапкердің Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 103бабының 2-тармағының 2)-тармақшасының талабы бойынша мансап орталығына штат саны қысқартылатыны жайлы хабарлағанын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтардың талап қоюшыларға жолданғанын растайтын дәлелдемелердің ұсынбауы, даулы бұйрықтарды заңсыз деп тануға негіз болып табылмайды. Бұлар дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқтырмағандықтан, мәні бойынша дұрыс бұйрықтардың күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары сот қаулысында ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмағандықтан олар қосымша уәждеуді қажет етпейді.

Осы мән-жайларға байланысты сот қаулысына өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

Судьялар

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.