6001-24-00-6ап/1261
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 16 қаңтар
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,
жауапкер өкілі Т[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өзінің ашық сот отырысында талап қоюшылар Б[...] мен Б[...] жеке сот орындаушысы Н[...] .М[...] (сот орындаушы, ЖСО) атқарушылық іс жүргізуді қозғау, мүлікке тыйым салу және оны өткізуге беру туралы қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 ақпандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысына талап қоюшылардың өкілі А[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Талап қоюшы Б[...] және Б[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, уәждерінде сот орындаушысы М[...] атқарушылық істерді заңсыз қозғағанын, ұсынылған атқару парақтары заң талаптарына сай толтырылмағанын, үлестік меншік иелері ретінде талап қоюшылардың құқықтары бұзылғанын негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 ақпандағы шешімімен талап қоюшы Б[...] және Б[...] талабы ішінара қанағаттандырылған.
Сот орындаушысы М[...] 2023 жылғы 22 және 27 қарашадағы тыйым салынған мүлікті өткізуге беру туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
2023 жылғы 26 желтоқсандағы сатушы Қ[...], сатып алушы П[...] және ЖСО М[...] арасында жасалған мүлікті сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Талап арыздың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылардың өкілі А[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған бөлігімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшылар және оның өкілі, сонымен қатар мүдделі тұлғалар өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілі Т[...] кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін жан-жақты талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2022 жылғы 29 наурыздағы шешімімен талап қоюшылар Б[...], Б[...], сонымен қатар мүдделі тұлғалар Қ[...], Б[...], Б[...], Қ[...], марқұм Б[...] 2017 жылғы 28 желтоқсанда қайтыс болған А[...] мұрагерлері ретінде танылған.
Мұра қалдырушы А[...] келесі мүліктердегі ½ үлесіне ашылған:
Жаңақорған кенті, М[...] көшесі, № 64 мекекенжайдағы сауда орталығы, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі (бұдан әрі - №1 мүлік);
Жаңақорған кенті,Қ[...] көшесінде орналасқан қойма, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі (бұдан әрі - №2 мүлік);
М[...] көшесі №129 мекенжайында орналасқан қонақ үй, дәмхана, жазғы асхана, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі (бұдан әрі - №3 мүлік).
Аталған мүліктердің ½ үлесі ортақ бірлескен меншік құқығымен Қ[...] тиесілі. Мұрагер Б[...] мұраны қабылдағаннан кейін, 2020 жылғы 9 наурызда қайтыс болып, оның мұрагерлік үлесі кәмелетке толмаған балаларына өткен (балалардың заңды өкілдері С[...] мен Н[...]). Сот шешіміне сәйкес мұралық мүлікті мұрагерлер арасында бөлу тәртібі белгіленіп, даулы мүліктердің құны сотқа ұсынылған бағалау есептерінің негізінде келесіше анықталған:
№1 мүлік - 73 212 200 теңге, №2 мүлік -27 908 375 теңге, №3 мүлік - 38 386 785 теңге.
Дауланып отырған мүліктің ½ бөлігі немесе 69 753 680 теңгенің мүлкі Қ[...] тиесілі екенін ескеріп, сот келесі ½ бөлікті жеті мұрагердің арасында бөліп, әрбір мұрагердің үлесін 9 964 811 теңге мөлшерінде анықтаған (73 212 200+27 908 375+38 386 785 /2 /7).
Сот №1 мүлікті сату арқылы Б[...], Б[...], Н[...], Б[...], Б[...], Қ[...] үлестері ақшалай 9 964 811 теңгеден өтелгеннен кейін №2 және №3 мүліктер толығымен К[...] атына аударылатыны жөнінде шешім қабылдаған.
Осы сот шешімінің негізінде берілген атқару парақтары негізінде ЖСО М[...] 2023 жылғы 27 қарашада және 2023 жылғы 6 желтоқсанда № № 3906/23-43-3416, 3907/23-43-3416, 3908/23-43-3416, 3964-23-43-3416, 3965/2343-3416 атқарушылық істерін қозғаған. Атқарушылық іс жүргізу барысында мүлікке тыйым салу, оны өткізу туралы қаулылар қабылдаған.
2023 жылғы 26 желтоқсанда сатушы К[...], сатып алушы П[...] және ЖСО М[...] арасында мүлікті сатып алу-сату шарты жасалған.
Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 216-бабының 1 және 3-бөліктерін басшылыққа алып, жылжымайтын мүлікті иемденіп отырған талап қоюшының мүддесін ескеріп, оның мүлікті сатып алуына мүмкіндік беру керек деп тұжырымдаған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды. Іс құжаттарынан белгілі болғандай, аталған сот шешімімен №1 мүлікте жеті мұрагердің (Б[...], Б[...], Б[...], Б[...], Б[...], Қ[...], К[...]) 69 753680 теңге мұрагерлік үлесі (9964811тг х 7) және 3 458 520 теңге мөлшерінде К[...] тиесілі мүлік өтемі бар. Мұнымен қоса К[...] оның мүлкі есебінен №2 және №3 мүліктер берілген.
Жергілікті соттар Азаматтық кодекстің 218-бабының қағидаларын негізге алып, осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтатынын көрсеткен.
Яғни, талап қоюшылардың нақты мөлшердегі ақшалай өтемді алуға, осы өтемнің төленуін талап етуге ғана құқығы бар. Сот шешімі заңды күшіне енуіне байланысты талап қоюшылар ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтқан. Сондықтан кассациялық шағымда көрсетілген олардың мүлікке қатысты құқықтары бұзылғаны, мүлікті бағалауға қатыстырылмағаны, келісімдері алынбағаны жөніндегі уәждері негізсіз болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшылар өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық алқа сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 ақпандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылардың өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Б.Т. Нажмиденов
Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.