КСАД РК - Постановление от 28.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/13 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 28 тамыз 6003-25-00-4к/13 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшының өкілі М.Нурманов, жауапкер Қазығұрт ауданы әкімінің өкілі Изтайтың О.Ә, қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Абдуахап Ибадуллаевтың жауапкерлер Қазығұрт ауданы әкіміне, «Қазығұрт ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне,

мүдделі тұлғалар ретінде: Міроқап Ибадуллаұлы Тайтелиевке, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалын тарта отырып,

Қазығұрт ауданы әкімінің 2012 жылғы 2 шілдедегі №333 шешімін заңсыз деп тану, 2012 жылғы 20 маусымдағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесін жалға беру жөніндегі конкурстық комиссиясының №4 қорытынды хаттамасының №21 және №22 лоттары бойынша Міроқап Ибадуллаұлы Тайтелиевке тиесілі бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қою бойынша,

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қаңтардағы қаулысына түскен талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаппен жауапкерлерге жүгініп, сотқа талап арыз түсірген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешімімен Абдуахап Ибадуллаевтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі М.О.Нурманов, өзінің кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Кассациялық сот, талап қоюшы мен жауапкер өкілдерінің пікірлерін тындап, кассациялық шағымының және оған қарсы пікірдін уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 4- тармағына сәйкес, соттар істі сот талқылауына дайындау кезінде тараптардың өзара қатынастарының сипатын, даулы құқықтық қатынастардың туындау себебі мен уақытын анықтаулары, тараптарға жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын беруге ұсыныс жасаулары қажет.

Жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат - жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдардың) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесін иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған (жалға алған) мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу балансы.

Жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат.

Сәйкестендіру құжаттарына жер учаскесіне жеке меншік құқығын, тұрақты жер пайдалану құқығын және уақытша жер пайдалану (өтеулі, өтеусіз) құқығын беретін актілер жатады. Нормативтік қаулының 7, 8 - тармақтарына сай, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АҚ) 118-бабының 1, 2- тармақтарына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы АК-де және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310 Заңында (бұдан әрі - Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы заң) көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.

Егер АК-де және Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы заңда өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалығы) мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап туындайды, өзгереді және тоқтатылады.

Іс құжаттарынан белгілі болғанындай, Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 2 шілдегі №333 қаулысының қосымшасына сәйкес ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру жөніндегі конкурыстың жеңімпаздары деп танылған 33 жеке тұлғаға жерге орналастыру жобаларына сай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.

Жоғарыда аталған қаулының 19 тармағымен конкурстың жеңімпаздары деп танылған М.И.Тайтелиевқе Жігерген ауылдық округіндегі ауылшаруашылығы мақсатындағы барлығы 1,45 гектар, оның ішінде суармалы-егістік 0,85 гектар, жайылым - 0,6 гектар жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жылға жалға берілген. 2012 жылғы 2 шілдеде Қазығұрт ауданы әкімінің №333 қаулысы негізінде М.И.Тайтелиевке Жігерген ауылдық округінен: Кадастрлық №19-289-052-2380 жалпы алаңы - 0,85 га суармалы егістік жер учаскесіне 2012 жылғы 23 тамызда сәйкестендіру құжаты рәсімделген;

Кадастрлық №19-289-052-2381, жалпы алаңы - 0,6 га жайылым жер учаскесіне 2012 жылғы 23 тамызда сәйкестендіру құжаты рәсімделген.

2012 жылғы 23 тамыздан 2024 жылға дейін кадастрлық №19-289052-2380 жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты жаңартылмаған, қайта рәсімделмеген және орналасқан орнын жылжыту фактілері орын алмаған.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы А.Ибадуллаевтың кадастрлық №19-289-052-1008 жалпы алаңы - 2,8 га оның ішінде -2,52 га суармалы егістік, 0,28га - жайылым жер учаскесінің шартты белгелері бойынша орналасқан орындары жылжымағандығы анықталған.

Жауапкер М.Тайтелиевтің кадастрлық №19-289-052-2380 жер учаскесі жер кадастрлық ісіндегі сызбалармен, координат бұрылыстары Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры дерекқорының электронды картасымен орналасқан орындарымен сәйкес келетіні анықталған. Талап қоюшы А.Ибадуллаевтың кадастрлық №19-289-052-1008 жер учаскесі мен жауапкер М.Тайтелиевтің кадастрлық №19-289-052-2380 жер учаскесі Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры дерекқорының электронды картасында орналасқан орындары бір-бірімен беттесулері орын алмағандығы анықталмаған.

Сонымен қатар, сот отырысында жер мамандарың 2024 жылғы 30 шілдедегі қорытындысымен төмендегі мән-жайлар анықталған:

2001 жылғы 15 мамырдағы №9 Қазығұрт ауданы әкімінің қаулысы және осы қаулыға негіз болған Қазығұрт аудандық жер учаскесіне құқық беру комиссиясының 2001 жылғы 25 сәуірдегі №3 қорытынды хаттамасымен «Жұма» өндірістік кооперативінен Көкібел ауылдық әкімшілігінен жаңадан ұйымдасқан А.Ибадуллаевтың «Көкі-баба» шаруа қожалығының жер үлесіне лайық барлығы - 67,91 гектар, оның ішінде егістік - 22,49 гектар, одан суармалы егістік- 2,52 гектар, жайылым - 44,98 гектар, 0,44 гектар өзге жерлер алты жанұяның үлесіне бөліп берілген, оның ішінде:

кадастрлық №19-289-052-1008, жалпы алаңы - 2,8га - оның ішінде 2,52га суармалы егістік, 0,28га жайылым жер учаскесіне шаруа қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқығымен 49 жылға жалға беру жөнінде 2003 жылғы 19 сәуірде жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарт рәсімделген.

2003 жылғы 19 сәуірден 2024 жылға дейін кадастрлық №19-289-0521008 жер учаскесіне талап қоюшымен сәйкестендіру құжаты жаңартылмаған, қайта рәсімделмеген және орналасқан орнын жылжыту фактілері орын алмағандығы анықталған.

2012 жылғы 2 шілдеде №333 Қазығұрт ауданы әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы» қаулысы, мәтінінде ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру жөніндегі конкурстың жеңімпаздары деп танылған 33 жеке тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілсін деп көрсетілген.

Осы қаулының қосымшасында аталған 33 жеке тұлғаның тізімі жазылғанын, ал осы қаулының үзіндісінде әр 33 тұлғаның аты- жөндері жазылып берілген, себебі осындай үзінді бойынша оларға сәйкестендіру актілерін рәсімдеуге, мемлекеттік тіркеуден өткізуге ыңғайлы және қаулының саны, мерзімі және мәтіні өзгертілмеген.

2012 жылғы 2 шілдедегі Қазығұрт ауданы әкімінің «Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы» №333 қаулысы М.Тайтелиевтің кадастрлық №19-289-052-2380 жер учаскесі үшін берілген №333 қаулыдағы мәтінімен қарама-қайшылық жоқ, қаулылардың қабылданған мерзімі, саны, жер учаскесінің көлемі бір-біріне сәйкес келеді. Аталған жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Қазығұрт ауданы әкімінің 2012 жылғы 2 шілдедегі №333 шешімін заңсыз деп тану, 2012 жылғы 20 маусымдағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесін жалға беру жөніндегі конкурстық комиссиясының №4 қорытынды хаттамасының №21 және №22 лот бойынша М.И.Тайтелиевке тиесілі бөлігі заңды- деген дұрыс тұжырымға келген.

Осыған байланысты, талап қоюдың қанағаттандырылуға жатпайтын туралы негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.