ВС РК - Постановление от 09.03.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1826 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1826

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 9 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшының өкілі М[...],

жуапкердің өкілі С[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Атырау облысы, [...] әкімінің жауапкер Құрманғазы аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 29 наурыздағы № 4 хаттамалық қорытындысының 4-тармағын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотының 2022 жылғы 24 наурыздағы ұйғарымы мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының 2022 жылғы 24 наурыздағы ұйғарымымен талап қою ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігі 14) тармақшасы сай кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Құрманғазы ауданы бойынша жер комиссиясы отырысының 2021 жылғы 29 наурыздағы № 4 хаттамалық қорытындысының азамат С[...] 2021 жылғы 3 наурыздағы «Кнашинский» каналы бойынан туристік база үшін 0,3 га жер учаскесін 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы табысталған.

Аудан әкімінің 2022 жылғы 28 қаңтардағы заң сараптама негізінде аталған жер комиссиясының шешімімен талап қоюшы келіспей, хаттамалық қорытындысының 4-тармағын заңсыз деп тануды сұраған.

Бірініші сатыдағы сот, ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігі 14) тармақшасы негізінде талап қоюды кері қайтарып, осы талап қою бойынша жауапкер ретінде жер комиссиясының бұрыңғы төрағасы Б[...] және 2021 жылғы қазіргі кезде таратылған құрамы болғанын көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы ұйғарымды күшінде қалдырып, бірақ талап қоюдың кері қайтару негізін ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігі 11) тармақшасы, яғни іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жатпаса талап қою қайтарылуға жатады деп көрсеткен.

Сот алқасы соттардың талап қоюды кері қайтару туралы шешімімен келісіп, алайда талап қоюды кері қайтару негіздермен сот алқасы келіспей, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 2-бөліміне сай жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде қабылданады. Өтініш беруші жер комиссиясының хаттамалық шешіміне оны алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен сотқа шағым жасай алады.

Осылайша, жоғарыда аталған заң нормаларының мағынасынан жер комиссиясы шешімдерінің әрқайсысы әкімнің тиісті қаулы қабылдауы үшін негіз болып табылады. Өтініш беруші жер комиссиясының шешіміне шағымдану құқығына ие, әкімге мұндай құқық берілмеген, тиісінше мұндай талап қоюға өкілеттігі жоқ.

Жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда әкім прокуратура органдарына тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы. ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, арызға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Көрсетілген жағдайларда талап қою оны ұсынуға өкілеттігі жоқ адам берген талап ретінде қайтарылуға тиіс болды.

Осыған байланысты даулы ұйғарымдар талап қоюды қайтару негіздері түзетіле отырып, күшінде қалдырылуға тиіс.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотының 2022 жылғы 24 наурыздағы ұйғарымы мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.