6001-21-00-3гп/503
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 2 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Б.Ж.Тоқтарова,
судьялар Ш.Т.Даниярова, А.С.Савинова,
прокурор Д[...], талап қоюшы А[...], оның өкілі Б[...], жауапкердің өкілі Д[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті» ММ-нің (бұдан әрі – Полиция департаменті) 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 43-ж/қ бұйрығын заңсыз деп тану, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
А[...] өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, істің мән-жайларына дұрыс құқықтық баға берілмегенін көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшы мен оның өкілінің өтінішхатты қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Істі қарау кезінде мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс бойынша анықталғандай, А[...] Қызылорда қалалық полиция басқармасының (бұдан әрі – Полиция басқармасы) жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымында қызмет атқарған. 2021 жылғы 20 қаңтарда А[...] өзінің басшысы К[...] қызметін ауыстыру үшін 200 000 теңге пара берген. 2021 жылғы 21 қаңтарда А[...] осы оқиғаға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағымданған.
2021 жылғы 22 қаңтарда сағат 12:00-де Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 366-бабының 2-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс бойынша жүргізілген жасырын тергеп-тексеру әрекеттері барысында Қ[...] А[...] пара алғаны үшін ұсталған.
Орын алған оқиға бойынша ОПД-нің кадр саясаты басқармасының жеке құрам жөніндегі инспекциясы 2021 жылғы 29 қаңтарда А[...] құқық қорғау органдарынан шығару жөнінде қорытынды берген.
ОПД-нің тәртіптік комиссиясының негізінде А[...] құқық қорғау органдарынан шығару туралы 2021 жылғы 29 қаңтарда № 47 шешімі қабылданған.
Департаменттің 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 43 ж/қ бұйрығымен «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 4), 5), 7) тармақшаларын өрескел бұзып, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 1, 2-тармақтарының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 2-бөлігі 5-тармағы 2), 3) ,6) ,7), 11) және 13) тармақшаларының, 4-бөлігі 8-тармағы 2) тармақшасының, 4-бөлігі 10-тармағы 2) тармақшасының талаптарын бұзғаны үшін А[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 12), 13) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан жұмыстан шығарылған.
А[...] құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде еңбек ету барысында өзінің қызметін ауыстыру үшін басшысы Қ[...] пара беріп, соңғыға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілгенін, өзіне мәлім болған мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекеттер жөнінде уақытылы Полиция басқармасын немесе Департаментті ескертпегенін көрсетіп, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 22-тармағында берілген түсіндірулерді қолданып, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.
Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарын істің белгіленген мән-жайларына және материалдық құқық нормаларына сәйкес негізделген деп таниды.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы №380-IV Заңының 1-бабының 15-тармағына сай тәртіптік теріс қылық қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармауы немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі қағидаларын) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарында қолданыстағы қызмет әдебі қағидаларын) бұзуы, сол сияқты құқық қорғау қызметінде болуға байланысты белгіленген шектеулерді сақтамауы болып табылады. Осы заңның 16-бабы 1-тармағы 4), 5) ,7) тармақшаларының талаптарына сай қызметкерлер өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға, қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға, Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Мемлекеттік қызметтің әдеп кодексінің талаптарын сақтауға міндетті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 2-бөлімі 5-тармағының 2), 3), 6), 7), 11), 13) тармақшаларына сай мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға, жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс. Әдеп кодексінің 4-бөлімі 10-тармағының 2) тармақшасына сай төмен тұрған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне мәлім болған қызметтік әдеп нормаларының бұзу жағдайлары және мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа және әдеп жөніндегі уәкілге дереу хабарлауға тиіс.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының
52-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
Бұл ретте, жергілікті соттар А[...] қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланып, қызметін ауыстыру үшін өз басшысына ақша қаражатын пара ретінде беруі құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық болып табылады деген дұрыс тұжырымға келген.
Жоғарыда аталғандар негізінде жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтаған, материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермеген.
Өтінішхатты қанағаттандыру және шағым жасалып отырған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін құқықтық негіздер жоқ. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 17 мамырдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
А[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Б. Тоқтарова
Судьялар
Ш. Даниярова
А. Савинова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.