ҚАУЛЫ
2026 жылғы 17 маусым №6003-26-00-4к/699 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшы Т[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Агенттік) зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту әрекеттерін заңсыз деп тану, заңбұзушылықтарды жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысына берілген талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа аталған әкімшілік талап қоюмен жүгініп, Агенттік тарапынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан негізсіз бас тартылғанын көрсеткен.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Агенттіктің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту әрекеттері заңсыз деп танылып, соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, жіберілген кемшіліктерді жою міндеті жүктелген.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысымен 2025 жылғы 25 маусымдағы МАӘС-тің шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, МАӘС-тің шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Жауапкер мен мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттары келіп түсті.
Іске бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қарауға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және өткізу нысаны туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.
«Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңның (бұдан әрі- Заң, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күші жойылды), 64- бабының 1-тармағына сәйкес еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, арнайы атақтар, сыныптық шендер берілген мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметкерлері, сондай-ақ 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім кию құқықтары жойылған адамдар құқылы:
әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген, кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызметте болудың шекті жасына толған;
әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметте арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген, кемінде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына, өз еркі бойынша немесе денсаулық жағдайына байланысты қызметтен босатылған кезде шығарылған;
офицерлер, прапорщиктер (мичмандар), арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің орта, аға және жоғары басшы құрамындағы адамдар, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әскери қызметте және арнаулы мемлекеттік әрі құқық қорғау органдарындағы қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты, штаттардың қысқаруына немесе денсаулық жағдайына байланысты қызметтен босатылған, арнаулы атақтары, сыныптық шендері бар адамдар, егер олардың жалпы еңбек өтілі жиырма бес жыл және одан көп болып, оның кемінде он екі жыл алты айы үздіксіз әскери қызметті, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметті, мемлекеттік фельдъегерлік қызметті құраса.
«Құқықтық актілер туралы» Заңның 1, 2-тармақтарына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші оның қолданысқа енгізілуіне дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды. Осы баптың 1-тармағындағы
қағидадан ерекшелік ретінде, нормативтік құқықтық актінің немесе оның бөлігінің кері күші сол актінің өзінде немесе қолданысқа енгізу туралы актіде көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер мұндай акт азаматтарға жүктелген міндеттерді жоятын немесе олардың жағдайын жақсартатын болса, қолданылады.
Кассациялық сот іс материалдарын зерделеп және кассациялық шағымның уәждерін талқылай келе, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығы туралы қорытындыға келеді, оның негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді. Тараптар келтірген уәждерге тиісті құқықтық баға берілген.
Анықталған мән-жайлардан Т[...] 2014 жылғы қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарынан босатылған сәтте 49 жаста болғаны, оның жалпы еңбек өтілі 27 жылды, оның ішінде ішкі істер органдары мен қаржы полициясы органдарындағы қызмет өтілі 24 жыл 1 ай 7 күнді құрағаны анықталды.
Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшыға еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға жеткілікті құқықтық негіздердің жоқ екенін дұрыс көрсеткен. Жұмыстан босатылған кезде қолданыста болған зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнама мұндай төлемдерді тағайындауды жоққа шығарған, Заңның 64-бабының 1-тармағында көзделген қажетті талаптар Т[...] болмаған.
Т[...] жұмыстан шығарылған сәтте «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 82-бабында көзделген қызметте болудың шекті жасына жетпеген. Т[...] еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындауға қажетті барлық міндетті талаптар мен критерийлер жиынтығы болмаған.
2022 жылғы 11 шілдедегі Заңға енгізілген өзгерістер қолданылуға жатпайды, өйткені «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының нормаларына сәйкес нормативтік құқықтық актінің күші қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға таралмайды, ал аталған өзгерістерде нормативтік құқықтық актінің кері күші көзделмеген.
Осыған ұқсас негіздер бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 212-бабының ережелері де даулы құқықтық қатынастарға қолданылмайды. Аталған нормаларды сөзбе-сөз түсіндіруге сүйенсек, қарастырылып отырған жағдайда олар қолдануға жатпайды, себебі Т[...] құқық қорғау органының қызметкері болмаған.
Бұған дейін талап қоюшы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне және Қызылорда облысы Полиция департаментіне қатысты осыған ұқсас талаптармен азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінген, сол дәлелдерді келтірген. Астана қаласының Алматы аудандық сотының 2016 жылғы 4 ақпандағы және 2022 жылғы 14 желтоқсандағы МАӘС-нің заңды күшіне енген шешімдерімен, сондай-ақ
апелляциялық және кассациялық тәртіпте өзгеріссіз қалдырылған сот актілерімен Т[...] талап қоюлары қанағаттандырудан бас тартылған. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігі мен 452-бабында шағым жаңа дәлелдердің болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда, қаулының уәждеу бөлігінде сот актілеріне өзгерістер енгізуге немесе олардың күшін жоюға негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетілетіні көзделген. Кассациялық шағымның уәждері өзінің мазмұны, мәні және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген дәлелдермен бірдей. Бұл дәлелдер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар төмен тұрған соттармен дұрыс анықталғандықтан, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіз таппайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев Г. Ыдырысова М. Қасымов
Төрағалық етуші
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.