Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1260 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1260

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 10 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, А.Есдаулетов прокурор М[...], талап қоюшының өкілі Ш[...], жауапкердің өкілі К[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Д[...] «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электрондық форматтағы азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Д[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, талап қоюшының пайдасына республикалық бюджеттен 150 000 теңге моральдық зиян және заң өкілінің көмегіне 100 000 теңге өндірілген, сот шығыстары бюджет қаражатына жатқызылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінде шешімнің күші жойылып, талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа сот актісі шығарылған. Жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылып, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырылған.

Талап қоюшы шағымында қаулыда баяндалған апелляциялық сатыдағы сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне және материалдық, процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін және прокурордың алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай-АК) 923- бабы 1-тармағына сәйкес заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану, қамау немесе еңбекпен түзеу түрiндегi әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолдану, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне заңсыз орналастыру салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекет өтейдi.

«Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі №7 нормативтік қаулысының 1-тармағында, қылмыстық жауапкершiлiкке негiзсiз тарту, процестік мәжбүрлеу шараларын заңсыз қолдану, негiзсiз соттау фактiлерi өрескел заң бұзушылық болып табылатынына және оның нәтижесiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiне елеулi нұқсан тиетiнiне, оларға және мемлекетке материалдық зиян және моральдық залал келтiрiлетiнiне қылмыстық iзге түсу органдарының және соттардың назары аударылсын делінген.

Іс бойынша шығарылған сот актілерінің мазмұнынан Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 12 қазандағы үкімімен Д[...] Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 297-бабы 3-бөлігінің 2), 4) тармақтары бойынша кінәсіз деп танылып, оның қылмыстық құқықбұзушылықты жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты ақталған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 4-тарауының талаптарына сай, 2020 жылдың 12 және 21 қазандағы эпизодтар бойынша ақталған Д[...] келтірілген залалды өтеу құқығы танылған.

Дауды шешіп, талапты ішінара қанағаттандыра отырып, бірінші сатыдағы сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу құқығын талап қоюшыға таныған сот үкіміне сүйенген.

Мұндай қорытындымен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа сот актісін шығара отырып, келесі мән-жайларды негізге алған.

Аталған сот үкімімен Д[...] ҚК-нің 296-бабының 2 және 4- бөліктері бойынша (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 58бабының 3-бөлігі негізінде түпкілікті 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Осылайша талап қоюшы тағылған айып бойынша толық көлемде емес, кейбір қылмыстық эпизодтар бойынша ішінара ақталған, ал қалған баптар бойынша жазасын өтеп, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгiлi бiр бөлiгiнiң айыпталған қылмыста болмауы талап қоюшыға моральдық зиян келтiрiлдi деп қорытынды жасауға негiз бола алмайды, себебі осы нақты жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде талап қоюшының құқықтары мен бостандықтарының шектелуі, оған процестік мәжбүрлеу шараларын қолданылуы, оның сотталған қылмыстарымен тікелей байланысты болған деген тұжырымы негізді болып табылады.

Талап қоюшының жеке мүлiктiк емес игiлiктері мен құқықтары бұзылғандығын растайтын дәлелдемелер анықталған жоқ.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде тиісті заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Ормаханов

Судьялар А.Рамазанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.