ВС РК - Постановление от 18.11.2021 по делу 6001-21-00-6ап/9 (Административное)

6001-21-00-6ап/9

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 18 қараша Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Қ.С.Мусин,

судьялар С.Ү.Баймаханов, Г.К.Нурбаев болып, талап қоюшының өкілі А[...],

жауапкерлерлер:

«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...], «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Қ[...],

мүдделі тұлғалар:

«Q[...]» жауапкершілігі шекетеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі М[...],

«Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» мемлекетік мекемесінің өкілі Қ[...],

«АСL[...]» ЖШС-нің өкілі И[...]

қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда қаласының мемлекеттік сатып алу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – «Мемлекеттік сатып алу бөлімі») жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) және «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет) нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 тамыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Мемлекеттік сатып алу бөлімінің» ұйымдастыруымен:

  • «Қызылорда облысы, [...] елді мекенінде ауыз су желілері» (№ 5312908-1 санды конкурс);

  • «Қызылорда қаласындағы СПМК-70/4 ауданда сыртқы инженерлік желілері бар тұрғын квартал. Ауыз су және кәріз желілері» (№ 5313351-1 санды конкурс);

  • «Қызылорда қаласы "СПМК-70/2" учаскесіндегі тұрғын үй кварталының инженерлік желілерінің құрылысы. Су және кәріз желілері» (№5313390-1 санды конкурс);

  • «Қызылорда облысы Белкөл, [...] су желілері» (№5313220-1 санды конкурс) жұмыстары бойынша ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілген.

Конкурстық комиссияның 2021 жылғы 25 ақпандағы шешімімен «АА[...]» ЖШС-гі, «АСL[...]» ЖШС-гі (екі конкурс бойынша) және «СКҚС[...]» ЖШС-гі жеңімпаз болып танылған.

Конкурстарға қатысқан әлеуетті өнім беруші «Q[...]» ЖШСнің конкурс нәтижелеріне берген шағымы негізінде 2021 жылғы 18 мамырда Депатамент аудиторлық тексеру актісін жасап, онда жұмыс тәжірибесі бойынша «Q[...]» ЖШС-не берілген бір пайыз (1 %) мөлшерінде шартты жеңілдіктің орнына 5 пайыз (5 %) есептелуі керектігін көрсеткен. Тексеру қорытындысымен Департамент 2021 жылғы 19 шілдеде «Мемлекеттік сатып алу бөліміне» «Анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы» нұсқама (бұдан әрі – Н[...]) берген. Талап қоюшы Н[...] келіспей, оның күшін жою жайлы талаппен сотқа жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 тамыздағы шешімімен Мемлекеттік сатып алу бөлімінің талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

«Мемлекеттік сатып алу бөлімі» кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талабын қанағаттандыруды сұраған.

Талап қоюшы мен мүдделі тұлғалар «Q[...]» ЖШС-гі, «АСL[...]» ЖШС-гі, «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» мемлекетік мекемесі өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

ӘРПК-нің 154-бапбына сай с оттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Шағымдалып отырған сот актілері бұл талаптарға сәйкес келмейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Шығыс-Қазақстан облысы бойынша филиалының 2020 жылғы 20 қаңтардағы бұйрығымен «НС[...]» ЖШС-нің атауы «Q[...]» болып өзгертіліп, қайта тіркеуден өткен. Оның бизнес сәйкестендіру нөмірі өзгермеген.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан әрі –Қағида) 155-тармағының талаптарына сай конкурстық комиссия конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды қолдануға және есептеуге міндетті. Егер әлеуетті өнім берушінің бас мердігер ретінде жұмыс тәжірибесі болған жағдайда, конкурстық комиссия сатып алынатын жұмыстар нарығында әлеуетті өнім берушінің тәжірибесі болуының әрбір жылы үшін, оның ішінде конкурс мәні болып табылатын жұмыстардың осындай (ұқсас) түрлері бойынша бір пайыз (1 %) мөлшерінде шартты жеңілдік беруі қажет.

Конкурстық комиссия «Q[...]» ЖШС-нің 2020 жылғы жұмыс тәжірибесін ғана есепке алып, 1 пайыздық шартты жеңілдік берген. Комиссия бұл Серіктестіктің 2011 жылдан бастап «НС[...]» атауымен әрекет еткен уақытындағы жұмыс тәжірибесін ескермеген.

Төменгі сатыдағы соттар конкурстық комиссияның шешімдері Қағида талаптарына қайшы қабылданғанын негізге алып талапты қанағаттандырусыз қалдырған.

Алайда, соттардың мұндай тұжырымын заңды және негізді деп санауға болмайды.

Конкурстық комиссияның шешімдері Қағида талаптарына қайшы қабылданған деген Департаменттің қорытындысы және онымен келіскен төменгі саты соттарының тұжырымдары да сотта зерттелген дәлелдемелермен бекітілген.

Бірақ Департамент әкімшілік акт - Н[...] қабылдағанда ӘРПК-нде көзделген әкімшілік рәсімдер қағидаттарының бірі – мөлшерлестік қағидатын елеулі түрде бұзған.

ӘРПК-нің 10-бабына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.

Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі. «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңның (әрі қарай – Заң) 4-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау қағидатына негізделеді.

Істегі құжаттарға қарағанда «Q[...]» ЖШС-гі конкустық комиссияның шешімдеріне Департаментке 2021 жылдың 25 ақпанында шағымданған. Департамент аудиторлық тексеруді 2021 жылы 18 мамырда аяқтап, даулы Н[...] 2021 жылғы 19 шілдеде, яғни шағым берілгеннен кейін алты айға жуық мерзім өткен соң қабылдаған.

Бұл уақыт аралығында, конкурс жеңімпаздары мен тапсырыс беруші араларында келісім шарттар жасалып, жұмыстар басталып кеткен және жұмыс көлемдерінің басым бөлігі орындалған.

Ал, «Q[...]» ЖШС-гі болса Н[...] берілгенге дейін төрт конкурс бойынша жарияланған жұмыстардан өз еркімен бас тартқан. Бұл Серіктестік конкурс жеңімпаздары мен тапсырыс беруші араларында жасалған келісім шарттарды жарамсыз деп тану жайлы сотқа берген төрт талап қою арызын 25.06.2021 ж., 03.07.2021 ж., 08.07.2021 ж. және 27.07.2021 ж. қайтып алған.

Сот алқасының отырысында «Q[...]» ЖШС-нің өкілі М[...] осы мән жайларды қуаттап, шағымдарының тағдыры шешілгенге дейін ЖШС басқа жұмыс көлемдерін тапқандарын. Сондықтан даулы конкурстар бойынша жұмыстарды игере алмайтындықтан конкурсқа одан әрі қатысудан бас тартқандарын және конкурстық комиссияның шешімін қайта қараудың қажеттігі жоқ екені туралы түсінік берді.

«Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» мемлекетік мекемесінің өкілі Қ[...] сот алқасының отырысында Н[...] берілген уақытқа жұмыс көлемдерінің басым бөлігі орындалып қойғанын. Қазіргі уақытқа төрт объектінің біреуі пайдалануға берілгенін, біреуі бойынша жұмыс толық аяқталғанын, екі объект бойынша 90 пайыздан аса жұмыс көлемі атқарылғанын мәлімдеді.

Жауапкерлердің өкілдері аталған фактілерді теріске шығарған жоқ.

Істің бұл тұрығысында Н[...] көрсетілгендей конкурстарды Қағида талаптарына сәйкестендіру, яғни конкурстар қорытындысын қайта қарау конкурсқа қатысушылардың да, қоғам мүдделерінің де әділ теңгерімін қамтамасыз етпейді.

Жоғарыда айтылған мән-жайлар 2021 жылдың 19 шілдесіне Н[...] мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті, пропорциялы және ол мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы әрі тиімді жұмсау мақсатына қол жеткізу үшін қолайлы болмаған.

Конкурс жеңімпаздарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынатын қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болмайды.

Себебі конкурс нәтижелерін қайта қарау яқталуы жақын әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды тоқтатуға және орындалған жұмыстар бойынша жұмсалған мемлекеттік қаражатты мердігерлерге қайтаруға әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар бұл ауыз суға және кәріз желілеріне мұқтаж тұтынушылардың да мүдделеріне тиімді емес.

ӘРПК-нің 6-бабының 4-бөлігіне сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Осы Кодекстің 116-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот талқылауы барысында сот әкімшілік қалау шектерінің артып кетпеуін және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әкімшілік актіні қабылдау мақсаттарына сәйкестігін (мөлшерлестігін) тексеруге міндетті.

Төменгі саты соттары бұл талаптарды жеткілікті орындамаған. Сонымен қатар, Департамент даулы Н[...] қабылдағанда конкурстық комиссия мүшелерінің қаншалықты кінәлі екендіктеріне де жете баға бермеген.

Ал «Q[...]» ЖШС-гі конкурстық комиссияға Серіктестіктің атауы өзгеруіне байланысты қайта тіркелгені жөніндегі құжаттарды ұсынбаған.

Конкурстық комиссия Заңның 5 бабында көзделгендей конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде:

  1. конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді; 2) конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұрату құқығын пайдаланбаған.

«Q[...]» ЖШС-гі мен конкурстық комиссияның жіберген кемшіліктері конкурстар қорытындысы бойынша қате шешім қабылдауға соқтырған. Оған «Q[...]» ЖШС-нің аталған әрекетсіздігі де ішінара ықпал еткен.

Істің мән-жайын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгендіктен сот алқасы істі жаңадан қарауға жібермей Н[...] күшін жою туралы жаңа шешім шығаруға жатады деп есептейді.

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 616-бабының 17) тармақшасына сай мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Яғни мемлекеттік мекемелер жауапкер болған жағдайда соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылмаған.

АПК-нің 117-бабының 1 бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот мемлекет кірісіне шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріліп алынады.

Сол себепті талап қойылған кезде төленуге тиісті болған мелекеттік баж жауапкер Департаменттен өндірілуге жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 тамыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

«Қызылорда қаласының мемлекеттік сатып алу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2021 жылғы 19 шілдедегі «Анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы» нұсқамасының күші жойылсын. «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен мемлекет пайдасына 14 585 (он төрт мың бес жүз сексен бес) теңге өндірілсін.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Қ. Мусин

Судьялар С. Баймаханов

Г. Нурбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.