ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 наурыз 6001-22-00-6ап/1932 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Ақтөбе қаласы әкіміне, «Ақтөбе қалалық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (ММ), «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қаулыны заңсыз деп тану, кадастрлік істің күшін жою, әрекеттер жасауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюшы К.Ж[...] қаласы әкімінің 2004 жылғы 29 маусымдағы қаулысын заңсыз деп тану, Ақтөбе қаласы, [...] кадастрлік ісінің күшін жою туралы талап қоюы қайтарылған.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшы Ж[...] әрекеттер жасауды міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюы да қайтарылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылып, 2022 жылғы 5 шілдедегі ұйғарымы бұзылған және талап қоюшы Ж[...] әрекеттер жасауды міндеттеу туралы талап қоюы сотта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолданған.
Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының бірінші саты сотының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымын күшінде қалдырған бөлігімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
Мүдделі тұлға У[...], өзінің өтінішхатында кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлғаның сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқа тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы К.Ж[...] қаласы, [...] тұрғыны У[...] 602 шаршы метр жер учаскесін табыстау туралы Ақтөбе қаласы әкімінің 2004 жылғы 29 маусымдағы қаулысын (бұдан әрі – әкім қаулысы), осы қаулы негізінде жасалған жер кадастрлық ісін даулап, дауланып отырған жер учаскесіне қатысты уәкілеттік мекемелер арқылы тиісті әрекеттер жасауды міндеттеуді сұраған.
Жергілікті соттар, талап қоюдың әкімнің қаулысын заңсыз деп тану, кадастрлік ісінің күшін жою туралы бөлігін ӘРПК-ның 138-бабының екінші бөлігінің 11), 15) тармақшаларына сілтеме жасай отырып қайтарып, төмендегідей тұжырым жасаған.
ӘРПК-ның 136-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Соттар, талап қоюшының жоғарыда көрсетілген мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелсіз деп таныған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы Ж[...] пен мүдделі тұлға У[...] араларында 2014-2017 жылдар аралығында жер дауы бойынша бірнеше азаматтық істер қаралған, сол азаматтық істерді қарау барысында дауланып отырған қаулы зерттелген. Талап қоюшының денсаулығына байланысты сотқа табысталған құжаттар (2021 жылғы желтоқсан және 2022 жылғы ақпан) өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге негіз болып табылмайды деген соттардың уәждері негізді болып табылады.
ӘРПК-ның 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес сот (судья), сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сонымен қатар, ӘРПК-ның 102-бабының екінші бөлігіне сай жарияқұқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
Осы Кодекстің 4-бабына сай әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Талап қоюшы күшін жоюды сұрап отырған жер-кадастрлық ісі әкімшілік акт болып табылмайды.
Жер кадастры – жер туралы мәліметтер жүйесі, мемлекеттік кадастрлардың құрамдас бөлігі.
ӘРПК-ның 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай сот (судья), іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Істің бұл тұрғысында сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.