Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/1143 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 10 қыркүйек №6003-25-00-2к/1143 Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында

төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А. Бакытжанова, Ч.И. Майшыбаев, талап қоюшының өкілі Б.Абдрасулов, жауапкердің өкілі А.А.Сабыржанов

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Шымкент қаласының Абай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне қойған санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысына жауапкердің өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Талап қоюшы «Су ресурстары - Маркетинг» ЖШС-і талап қоюында жауапкерді Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 мөлтек ауданы, Б.Момышұлы және Абдраманов көшелерінің қиылысындағы №1579 жер учаскесінде орналастырған балалар ойын алаңы құрылысын мәжбүрлеп алдыру (көшіру) арқылы диаметрі 1200 мм-лік кәріз құбырының санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіруге міндеттеуді сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер аталған жер учаскесінің санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына келтіру міндеттелген.

Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 62 545,46 теңге топосызба мен 3 722 теңге мемлекеттік баж түріндегі сот шығындары өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірлерін, прокурордың соттың шешімі өзгеріссіз қалдыруға жататыны туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 бабының 5 бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық

нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188 бабының 1, 4 - тармақтарына сай, меншiк құқығы - субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы. Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәденитұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидаларының 98тармағына сай санитариялық-қорғаныш жолағының ені су құбырының шеткі жиегінен екі жаққа қарай су құбырының диаметрі 1000 мм және одан артық болғанда қашықтық кемінде 20 метр болып қабылданады.

3.01.01.2008 Құрылыс нормалары және ережелері талаптары бойынша су және кәріз құбырларының осьтерінен қандай да бір құрылыс нысанына дейінгі ара қашықтық, су қорғау белдеуінен 5 метрден кем болмауы тиіс.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Шымкент қаласындағы су шаруашылық ұйымдары қызметімен, суларды реттеу, жеткізу, ауыз сумен қамтамасыз ету, су объектілерін пайдаланатын, оларға қызмет көрсететін заңды тұлға. Жоғарыда аталған жер учаскесінде талап қоюшыға тиесілі диаметрі 1200 мм кәріз құбыры жүргізілген. Жер учаскесі уақытша пайдалану құқығында.

Алайда, жауапкер осы жер уческесінің үстінде, яғни кәріз құбырының қорғау аймағында, балалар ойын алаңшасы құрылысын орналастырған.

Бұл мән - жайлар 2024 жылғы 5 қаңтардағы тексеру актісі мен топосызба арқылы дәлелденген.

Мұндай жағдайда жергілікті соттардың жауапкерді кәріз құбырының санитариялық қорғау белдеуін қалпына келтіруге міндеттегені жоғарыда көрсетілген заң талаптарына сай келеді, себебі осы заңдарға сай су және кәріз құбыры жүйелерінің үстінде және санитариялық қорғау белдеуінде кез келген құрылыс нысанын орналастыруға тиым салынған. Меншік иесі ретінде жауапкер өз өкiлеттiгi мен құқықтарын жүзеге асыруы барысында басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн

бұзбауға тиiс және азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.

Сот актілері талап қою қанағаттандырудан бас тартқан бөлігінде шағымдалмаған, АПК-тің 449 бабына сай кассациялық сот істі кассациялық шағым шегінде қарайды.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждерге бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, сот шешімі заңды және негізді, оның күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысы – өзгеріссіз, жауапкердің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

Ғ.Бастаубаев

Судьялар

А.Бакытжанова

Ч.Майшыбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.