ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2705 (Административное)

6001-24-00-6ап/2705

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшының өкілі Ж.А.Абишевтың, жауапкердің өкілі

Қ.Н.Нұржановтың қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Роза Муратовна Аяпбергенованың жауапкер «Түркістан облысының прокуратурасы» мемлекеттік мекемесіне тексеру нәтижелері туралы анықтамасын дәлелдеме ретінде жарамсыз деп танып, күшін жою және тексеру нәтижелері туралы анықтамасын лауазымды адамдарының кінәлілік әрекеттер жасағандықтарының дәлелдемелері ретінде тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Р.М.Аяпбергенова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Түркістан облысының прокуратурасы» мемлекеттік мекемесінің анықтамасын даулаған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Сот алқасы талап қоюшының өкілі Ж.А.Абишевтың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкердің өкілі Қ.Н.Нұржановтың кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы жауапкер Түркістан облысының прокуратурасымен Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Р.Аяпбергеноваға қатысты тексеру жүргізгенін, нәтижесінде Р.Аяпбергеноваға заң бұзушылықтар жасаған деп негізсіз кінәлағандығын, тексеру барысында тексеру нәтижелері туралы анықтамасы жасақталғанын, бұл анықтама заңсыз әрі негізсіз қабылданғанын көрсетіп, прокурордың тексеру нәтижелері туралы анықтамасын дәлелдеме ретінде жарамсыз деп танып, күшін жоюды және тексеру нәтижелері туралы анықтамасы лауазымды адамдарының кінәлілік әрекеттер жасағандықтарының дәлелдемелері ретінде тануды сұраған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымымен талап қою ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11)-тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығына байланысты кері қайтарылған.

ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігінің негізінде жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:

  • әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

  • әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Осы ретте әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған белгілі бір міндеттерді жүктейтін, сондай-ақ өзге де жолмен оның жағдайын нашарлататын акт немесе әрекет (әрекетсіздік) даудың нысанасы болып табылады.

Әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың мұндай әрекеттері сот бақылауына жатады.

Талап қоюшымен дауланып отырған прокурордың тексеру нәтижелері туралы анықтамасы талап қоюшының жария-құқықтық қатынастардағы құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, сондықтан әкімшілік акт болып табылмайды.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдарымен сот алқасы келіседі.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 мамырдағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.