ВС РК - Постановление от 16.10.2024 по делу 6001-24-00-3Г/1142(3) (Гражданское)

№ 6001-24-00-3г/1142(3)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 16-қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мемлекеттік кірістер басқармасы) жауапкерлер: «ASTANA RECYCLING PLANT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, дара кәсіпкерлер «Самарова И.Л.» Самарова Ирина Леонидовна, «Снаб Трейд» Асланов Заурбек Сабырбекович, «М-Транс» Баламамедов Девран Мейдановичтың арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13-қарашадағы шешімін, Астана қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы Мемлекеттік кірістер басқармасының өтінішхатын электрондық істі сұрау арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мемлекеттік кірістер басқармасы сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда салықтық міндеттемелерді азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жауапкерлердің арасында формальды түрде жасалған мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13-қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Өтінішхат иесі жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сотпен жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.

Өтінішхат материалынан көрінгендей, департаментпен жауапкерлердің арасында өздерінің жалғандығына байланысты тәуекелдері бар өзара есеп айырысулар белгіленген.

Салық органы электрондық шот-фактураның ақпараттық жүйелері (бұдан әрі - ЭШФ) бойынша салық төлеушілердің қызметін талдау барысында тәукелдерді басқару жүйесін және басқа да ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жауапкерлердің арасында жалған құжат айналымын жасағаны туралы қорытындыға келген.

Осылайша, мемлекеттік кірістер басқармасы жауапкерлер арасындағы өзара есеп айырысулар мен мәмілелер жарамсыз деген уәждермен, міндеттемелерді орындау үшін еңбек және материалдық ресурстардың жетіспеушілігін ескере отырып, жасалған мәмілелерді жүзеге асыру мүмкін еместігін көрсеткен.

Азаматтық істі қарау барысында жергілікті соттар талап қоюшының уәждерімен келісе отырып, Серіктестік пен «Самарова И.Л.» дара кәсіпкері шарт талаптарын орындағанын және ол бойынша төлеп жасағанын анықтаған.

Сонымен қатар, істі қарау барысында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158 бабының 1 тармағынын талаптарына сілтеме жасаған, мұнда мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Жергілікті соттар дауды қарап, шешім қабылдау кезінде талап қоюда көрсетілген мән-жайлар бойынша дәлелдемелерге негіздеген.

Өтінішхат иесі соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, талап қоюшының келтірген нақты дәлелдемелерді зерделемегенін, олардың істі бір жақты қарағанын уәждеген.

Арызданушы кассациялық өтінішхатта, мемлекеттік кірістер басқармасының ЭШФ бойынша салық төлеушілердің қызметін талдауды жүзеге асыру барысында Серіктестік пен «Самарова И.Л.» дара кәсіпкері арасында айналым сомасы 229 117 895 теңгеге өзара есептеулерінің жалғандығы бойынша тәуекелділігін анықтаған. Демек, бұл тараптардың арасында 2022 жылы 5 қаңтарда екі шарт жасалған. Бұл тұрғыда, шарт бойынша жұмыстар мен қызметтерді көрсету үшін еңбек ресурстары, техника мен жабдықтардың болуы қажет деп есептейді. Өйткені, оларсыз жұмыс пен қызмет көрсету мүмкін еместігін көрсеткен.

«Самарова И.Л.» дара кәсіпкерінің қызметіне талдау жасап, 2021 жылдың 1, 2 жартыжылдығында және 2022 жылдың 1 жартыжылдығында қызметкерлердің орташа саны 0 тең болған. Ал, мұлік салығы мен көлік құралдары бойынша есептесулер мүлдем ұсынылмаған. Қосымша құн салығы тіркеуде жоқ.

Сонымен қатар, шартта көрсетілген жеке тұлғалармен есеп айырысу және орындалған жұмыстар актілері туралы мәліметтердің жоқ екені, тараптардың арасындағы мәмілелердің жалғандығын растайды деп есептейді.

Сондай-ақ, тергеу департаментінің баянатында «Самарова И.Л.» дара кәсіпкері бойынша жұмыстарды орындамау және қызметтер көрсетілмей шот-фактураны жазып беру, тауарларды жөнелтумен байланысты, оның іс-әрекеттер жасаудан жалтару белгілерінің көрінетінін уәждеген.

Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенімен, бірақ оған дұрыс баға берілмегенін өтінішхатта келтірілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья, ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 13-қарашадағы шешімін, Астана қалалық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы «Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.