Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3943 (Гражданское)

Evaluation Only. Created with Aspose.Words. Copyright 2003-2015 Aspose Pty Ltd.

2026 жылғы 22 қаңтар №6003-25-00-2к/3943 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы К[...] және оның өкілі С[...], жауапкер өкілі С[...], үшінші тұлға М[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Қ[...] және Е[...] сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және автокөлікті өзгенің заңсыз иелігінен қайтару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы К[...] аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлерге алданып қалғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлер арасында 2024 жылғы 16 сәуірде жасалған 2020 жылы шығарылған «TOYOTA CAMRY» үлгісіндегі, шанақ номері [...], автокөлігін (бұдан әрі - «TOYOTA CAMRY» автокөлігі) сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп танылған, жауапкер Е[...] иелігіндегі автокөлік мүлік иесі талап қоюшы К[...] қайтарылып, жауапкер Қ[...] талап қоюшы К[...] пайдасына 115 852 теңге мемлекеттік баж, 300 000 теңге өкілдік ақысы және 36 920 теңге сот шығыстары өндірілген.

Жауапкер Е[...] кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 158160-баптарында мәмілелердің жарамсыздығының негіздері айқындалған.

«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 6-тармағына сай соттар мәмілелерді жарамсыз деп тану және олардың жарамсыздығының салдарларын қолдану туралы істерді қарауға кірісе отырып, талап қоюшының сотқа жүгініп отырған талап қоюының нысанасы мен негізін, iс үшiн маңызы бар қандай мәнжайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастары қандай екенін айқындауға және осыған байланысты даулы құқықтық қатынас реттелетін материалдық құқық нормаларын қолдануға және осы нормалардың негізінде талап қоюды шешуге тиіс (АПК-нің 225-бабының бірінші бөлігі).

Анықталғаны, талап қоюшы К[...] «TOYOTA CAMRY» автокөлігі, азамат Қ[...] «Hyundai SANTA FE» үлгісіндегі, шанақ номері [...], мелекеттік белгісі [...], 2020 жылы шыққан автокөлік (бұдан әрі - «Hyundai SANTA FE» автокөлігі) тиесілі болған.

Талап қоюшы К[...] азамат Қ[...] өзінің «TOYOTA CAMRY» автокөлігін «Hyundai SANTA FE» автокөлігіне ауыстыруға келіскен. 2024 жылғы 18 наурызда жасалған сатып алу-сату шарттары негізінде талап қоюшы К[...] өзінің «TOYOTA CAMRY» автокөлігін жауапкер Қ[...], ал азамат Қ[...] өзінің «Hyundai SANTA FE» автокөлігін талап қоюшы К[...] сатқан.

2024 жылғы 29 наурызда талап қоюшы К[...] «Hyundai SANTA FE» автокөлігін азаматша М[...] сатып алу-сату шарты негізінде сатқан.

2024 жылғы 16 сәуірде жауапкерлер арасында Даулы шарт жасалып, «TOYOTA CAMRY» автокөлігі жауапкер Е[...] меншігіне тіркелген.

2024 жылғы 19 сәуірде азаматтар М[...] мен Т[...] арасында жасалған сатып алу-сату (айырбастау) деп аталатын шарт негізінде «Hyundai SANTA FE» маркалы автокөлігі «C[...]» автокөлігіне айырбасталған.

Азамат Т[...] арызы негізінде «Hyundai SANTA FE» автокөлігінің сәйкестендіру нөмірін заңсыз қолдан жасау фактісі бойынша 2024 жылғы 14 маусымда Шымкент қалалық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалған.

Шымкент қаласы бойынша сот-сараптамалар институтының 2024 жылғы 11 маусымдағы №70 қорытындысына сәйкес « Hyundai SANTA FE » автокөлігінің бастапқы шанақ нөмірі механикалық өзгеріске ұшырағаны анықталған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешімімен М[...] мен Т[...] арасындағы 2024 жылғы 19 сәуірде жасалған «C[...]» маркалы автокөлігін « Hyundai SANTA FE » автокөлігіне айырбастау шарты жарамсыз деп танылған.

Осы соттың 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен 2024 жылғы 18 наурызда талап қоюшы К[...] пен жауапкер Қ[...] арасында жасалған «TOYOTA CAMRY» автокөлігін сатып алу-сату шарты және азамат Қ[...] пен талап қоюшы К[...] арасында жасалған «Hyundai SANTA FE» автокөлігін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Соттар талапты қанағаттандыру барысында жауапкер Е[...] адал сатып алушы деп тануға негіз жоқ, себебі талап қоюшы К[...] пен жауапкер Қ[...] арасында жасалған мәміле сот шешімімен жарамсыз деп танылған деп асығыс тұжырым жасаған.

Дегенмен, бірінші сатыдағы сот талап қоюшының АК-тің 157-бабының 2-тармағының және 158-бабының 1-тармағының талаптарына сілтеме жасауы негізсіз болып табылады, себебі Даулы шарт тараптардың ерік білдіру бостандығымен жасалған, нысаны, мазмұны және мәмілеге қатысушылар бойынша барлық маңызды шарттар орындалған, мазмұны бойынша келісім заң талаптарына сай келеді деген дұрыс қорытындыға келген.

Нормативтік қаулының 13-тармағына сәйкес соттар мәміленің жарамсыздығының салдарларын қараған кезде адамды адал иеленуші деп тану туралы жауапкердің қарсы талап қоюы талап етілмейді, өйткені бұл мәселені шешу іс бойынша дәлелдемелерге баға беру кезінде соттың міндетіне кіреді.

Орынды сақтық, парасаттылық, құнттылық танытқан адал алушының мүдделері, егер меншік иесі сотта мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқанын, не біреуінен немесе екіншісінен ұрланғанын не бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен олардың иелігінен шығып қалғанын дәлелдемеген жағдайда ғана қорғалуға жатады.

Талап қоюшы К[...] «TOYOTA CAMRY» автокөлігін сатып алу-сату шартын өз еркімен жасаған және шарт бойынша өзіне тиесілі келісілген қаражатты (мүлікті) алған, ол автокөлікті жоғалтпаған, одан ұрланбаған немесе еркiнен тыс өзге жолмен иелігінен шығып кетпеген.

Сонымен қатар, «TOYOTA CAMRY» автокөлігінің соңғы меншік иесі жауапкер Е[...] пайдалануға жарамсыз екендігі анықталған «Hyundai SANTA FE» автокөлігін сатып алу-сату шартына немесе жоғарыда аталған тұлғалардың арасындағы автокөліктерді айырбастау шарттарына қандай да бір қатысы жоқ, ол Даулы шартты жауапкер Қ[...] жеке дара өзінің

атынан және ақылы түрде жасаған, Даулы шарт жасалған кезде жауапкер Қ[...] «TOYOTA CAMRY» автокөлігінің меншік иесі болған және құқықтық жағынан бұл мәмілені жасауға кедергілер болмаған.

Өз кезегінде, жауапкер Е[...] әрекетінде АК-тің 158-160баптарында көзделген мәмілені жарамсыз деп тануға соқтыратын мән-жайлар анықталған жоқ.

Істің мұндай тұрғысында жауапкер Е[...] адал алушы деуге толық негіздер бар, ал тек ғана талап қоюшы К[...] пен жауапкер Қ[...] арасындағы мәміленің жарамсыз деп танылуы жауапкер Е[...] жосықсыз иеленуші деп санауға өздігінен негіз бола алмайды.

Бұл жағдайда анықтауға мүмкін болмайтын жасырын ақаулары бар «Hyundai SANTA FE» автокөлігін сатып алған талап қоюшы К[...] ғана емес, адал алушы жауапкер Е[...] да құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуға жататыны соттардың назарынан тыс қалған.

Талап қоюшы К[...] сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаппен дұрыс жүгінбеген, өйткені Даулы шарт жасалған сәтте оның жарамсыздығына әкеліп соқтыратын мән-жайлар болмаған (автокөлік сол кездегі меншік иесінен ақылы түрде алынған, ол кезде алғашқы мәмілелер күшінде болған, мәміле ерікті жасалған және заңға сәйкес рәсімделген, автокөлікте құқықтық ауыртпалықтар болмаған, АК-тің 159-бабында көрсетілген негіздер жоқ және т.б.).

Алдағы уақытта талап қоюшы К[...] өзіне келтірілген материалдық шығындарын кінәлі тұлғалардан өндіріп алу құқығы да сақталған.

Нормативтік қаулының 14-тармағында мәміленің жарамсыздығының салдарларын қолдану кезінде, егер сот бір (бірінші) жарамсыз мәмілені жасаудың нәтижесінде даулы мүлікті келесі мәмілелердің негізінде жаңа алушының қайтадан иеліктен шығарғанын анықтаса, екіжақты реституция салдар ретінде қолданылмайтынын соттардың ескергені жөн екендігі бекітілген.

Сондықтан, соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 қаңтардағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысының күштері жойылсын.

Талап қоюшы К[...] жауапкерлер Қ[...] және Е[...] сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және автокөлікті өзгенің заңсыз иелігінен қайтару туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Талап қоюшы К[...] жауапкер Е[...] пайдасына кассациялық шағым бергені үшін төленген 57 926 (елу жеті мың тоғыз жүз жиырма алты) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Жауапкер Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.