6001-24-00-6ап/2651
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
талап қоюшы У.Ж.Суюнбаев, жауапкер өкілі Е.Е.Қаипжанның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап қоюшы Убаидулла Жуманович Суюнбаевтың жауапкер Түркістан облысының әкіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарында 2022 жылғы 6 мамырда өткен кеңестің №05-3235 хаттамалық тапсырмасындағы кәсіпкерлік объектілерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде орындамау әкімшілік әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысы, Арыс аудандық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 шілдедегі қаулысына жауапкер Түркістан облысының әкімі өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы У.Ж.Суюнбаев жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Түркістан облысы әкімінің Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының 2022 жылғы 6 мамырдағы №05-3235 хаттамалық тапсырмасындағы және 2022 жылғы 2,3,4 тоқсандағы кәсіпкерлік объектілерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде орындамау іс-әрекеті (әрекетсіздігі) заңсыз деп танылған.
Түркістан облысының әкіміне Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің бірінші орынбасарымен өткен 2022 жылғы 6 мамырдағы №05-3235 хаттамалық тапсырмасын 2 ай мерзім ішінде орындау міндеттелген. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы, жауапкер өкілі Е.Е.Қаипжанның кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсінігін, талап қоюшы У.Ж.Суюнбаевтың сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы У.Ж.Суюнбаев Түркістан облысы, Арыс қаласы, Макатаев көшесі №2 мекенжайда орналасқан тігін цехының меншік иесі болып табылады.
Түркістан облысы әкімінің 2019 жылғы 27 маусымдағы №4 шешіміне сәйкес 2019 жылдың 24 маусымынан бастап Түркістан облысының Арыс қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласы №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыс салдарынан У.Ж.Суюнбаевтың тігін цехына зақым келген.
Аталған жарылыстан соң Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2019 жылғы 29 маусымдағы Түркістан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша түзілген хаттамалық тапсырмасына сәйкес «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлік палатаға «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы Арыс қаласында 300-ден астам коммерциялық нысанды қайта жаңғырту» тапсырылған.
Аталған тігін цехы жоғарыда көрсетілген жарылыс салдарынан келтірілген
залалды өтеу тізіміндегі нысандар қатарына енгізілген.
Жарылыс салдарынан келтірілген залалды өтеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша дайындалған жоспардың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының әкімдігіне «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келісе отырып, жарылыс салдарынан зақым келген коммерциялық объектілердің тізімін нақтылап, коммерциялық нысандардың келтірілген шығындардың есебіне келіспеген кәсіпкерлердің нысандарына қайта шығындарын есептеуді, келтірілген шығындарды жергілікті бюджет есебінен немесе демеушілер есебінен қалпына келтіру тапсырылған.
Талап қоюшы У.Ж.Суюнбаевтың ғимаратына келтірілген залалды анықтау мақсатында «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің тапсырмасы бойынша «Авангард-ОК» акционерлік қоғамына және «AiGroup KZ» акционерлік қоғамына құрылыс жұмыстарына жүргізілетін сметалық шығындарды анықтау тапсырылған, аталған мекемелермен дайындалған сметалық құжаттардан белгілі болғандай, бірінші мекемемен дайындалған тігін цехын қалпына келтіру құны 25 308 761 теңге, ал «AiGroup KZ» АҚ-мен сметалық шығын 78 812 013 теңге құрайтыны көрсетілген.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының басшылығымен 2021 жылғы желтоқсанда өткен кеңестің хаттамалық №11-10/5889 тапсырмасына сай Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен әзірленген ісшаралар жоспарына сай, Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарын өтеуді жергілікті бюджет (демеушілік қаражат) «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қаражаты есебінен қарастыру көзделген.
Сонан соң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарында 2022 жылғы 18 ақпанда өткен кеңеспен бекітілген №11-10/5889 іс-шара жоспарына сәйкес тиісті жұмыстарды үйлестіру басқа мемлекеттік органдармен қатар Түркістан облысының әкіміне де тапсырылған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының басшылығымен өткен 2022 жылғы 6 мамырдағы кеңестің №05-3235 хаттамалық тапсырмасына және 2022 жылғы 2,3,4 тоқсандағы кәсіпкерлік объектілерге осы жарылыс салдарынан келтірілген залалды өтеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы хаттамалық тапсырманың 2-тармағында кәсіпкерлік нысандар бойынша кәсіпкерлер келтірілген шығынға келіспеген жағдайда бағалау компанияларының көмегімен бағалау жүргізуді 2022 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау тапсырылған.
Хаттамалық тапсырманың 4-тармағында Түркістан облысының әкімдігіне ағымдағы жылғы 20 маусымға дейінгі мерзімде заңнамада белгіленген тәртіппен:
-Арыс қаласындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын 2019 жылғы игерілмеген қаражат мөлшерінде жергілікті бюджеттен қаржыландыру,
-зардап шеккендерге коммерциялық объектілер бойынша өтемақы төлеу үшін бюджеттен тыс қаражат тарту тапсырылған.
Сонан соң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарында 2022 жылғы 6 мамырда өткен кеңестің №05-3235 хаттамалық тапсырмасының 4-тармағында көрсетілген тапсырманың орындалуы бақылаудан алынған. Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, жарылыс орын алғаннан бері бес жылға жуық уақыт өтсе де, Түркістан облысы әкімдігі Үкімет тарапынан жүктелген тапсырманы орындамаған, себебі Қазақстан Республикасы Үкімет тарапынан берілген тапсырманың орындалуы жөнінде бақылаудан алынғаны жөнінде тиісті белгі қойылуы, оның іс жүзінде орындалғаның айғағы бола алмайды деген тұжырымға келген. Жергілікті Әкімдік тарапынан жарылыс салдарынан талап қоюшы У.Ж.Суюнбаевқа келтірілген залалды өтеу жұмыстары және де Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан берілген жарылыс салдарынан келтірілген залалды қалпына келтіру тапсырмасы орындалмаған. Нәтижесінде У.Ж.Суюнбаевтың тігін цехы пайдалануға жарамсыз, адам өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіру қалпында тұр.
Бүгінгі күнге Түркістан облысы әкімдігі «Атамекен» ҰКП-на және ҚР ИИДМ-ге ірі кәсіпкерлік субъектілері, ірі компанияларға және отандық кәсіпорындарға жолданған хатпен шектелген.
Мұндай жағдайда, Түркістан облысының әкімі тарапынан талап қоюшының ғимаратының техникалық жағдайын жан-жақты зерттеп, қажет болған жағдайда, оған тиісті сараптама жүргізіп немесе техникалық қорытынды жасап, ғимаратты қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдауы тиіс болатын.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Арыс аудандық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Түркістан облысының әкімінің өкілі Қаипжан Ернар Ержанұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж.
Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев
Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.