ВС РК - Постановление от 29.06.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1174 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 29 маусым 6001-23-00-6ап/1174, (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры – Д[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі – Ә[...],

мүдделі тұлғалар-

«ЦЦТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі – К[...],

«КДС-Франчайзинг» жеке мекемесінің өкілі – Щ[...],

«IP[...]» ЖШС-нің өкілі – А[...],

аудармашы – Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының Білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Білім бөлімі) жауапкер Д[...] 2022 жылғы 11 қарашадағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы (бұдан әрі – Нұсқама) заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымына және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Нұсқама заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Сондай-ақ осы сотпен анықталған бзушылықтар бойынша Департаментке қатысты жеке ұйғарым қабылданған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысы және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы немесе оның өкілі сот алқасының отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, мүдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2022 жылғы 28 сәуірде тапсырыс беруші әрі ұйымдастырушы болып табылатын Білім бөлімі тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен өнім беруші «ЦЦТ[...]» ЖШС-мен жалпы сомасы 17 822 044,99 теңгеге «INDIGO – электронды балабақша: компьютерлік бағдарламасына қосымша сервистік және техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтерді» (бұдан әрі - электронды балабақша: компьютерлік бағдарламасына қосымша сервистік және техникалық қызмет көрсету) мемлекеттік сатып алу туралы №332 шарт жасаған.

«IP[...]» ЖШС-нің шағымы негізінде Департамент электрондық аудиторлық іс-шара жүргізіп, нәтижесінде жылғы 21 қазанда №103 санды аудиторлық есеп жасалып, 11.11.2022 жылғы 11 қарашада №65 санды аудиторлық қорытынды шығарылған. Бұлардың негізінде Білім бөліміне Нұсқама берілген.

Білім бөлімінің уәкілетті органдарға жолдаған шағымы нәтижесіз қалғандықтан ол Нұсқаманы даулап сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда Білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабы 3-тармағының 3-тармақшасының талаптарына сәйкес келеді деп тұжырымдаған.

Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамаған және қолданылуға жататын заңды дұрыс қолданбаған.

Заңның 4-бабына сай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру:

  1. мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

  2. осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

  3. әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік, сатып алуға қатысушылар арасында сөз байласуға жол бермеу;

  4. мемлекеттік сатып алу процесінің, оның ішінде өнім берушілердің коммерциялық құпияға заңды құқықтары сақтала отырып (мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін), ашықтығы мен айқындығы;

  5. отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

  6. мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;

  7. сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;

  8. инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

  9. сатып алынатын тауарлар құрамындағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау қағидаттарына негізделеді. Білім бөлімімен бұл қағидаттар өрескел бұзылған.

Заңның 39-бабы 3-тармағының 3-тармақшасының талаптарына сәйкес, сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген тұлғадан осы жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылады.

«Электронды балабақша: компьютерлік бағдарламасына қосымша сервистік және техникалық қызмет көрсету» қызметіне қатысты айрықша құқықтарға ие тұлға тек қана «ЦЦТ[...]» ЖШС-гі екендігі ешқандай делелдемелермен бекітілмеген. Керісінше Қазақстан Республикасының аумағында осындай қызмет көрсететін тұлғалар – әлеуетті өнім берушілер жеткілікті.

Кассациялық шағым иесінің және ашықкөз деректеріндегі мәліметтеріне қарағанда басқа өңірлерде конкурс тәсілімен өткізіліп келе жатқан аталған қызметтерді мемлекеттік сатып алуларға «IP[...]» ЖШС- нен басқа «IS[...]», «IF[...]», «I[...]» ЖШС-лары қатысып, жеңімпаз болып отырған. Бұл мән-жайларды басқа тараптар да теріске шығарған жоқ.

Соттардың «IP[...]» ЖШС-гі әлеуетті өнім беруші болмағандықтан Департамент оның шағымы бойынша тексеру жүргізуі заңсыз деген тұжырымы да негізсіз.

С[...] бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүзеге асырғандықтан басқа әлеуетті өнім берушілердің өз қызметін ұсынуға шектеу қойылып, Заңның 4-бабында көзделген мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер бермей оның құқығын бұзған. Сондықтан «IP[...]» ЖШС-нің Департаментке жүгіну құқығы заң нормаларымен тиым салынбаған.

Осы Заңның 41-бабының 1-тармағына сәйкес, осы Заңның 39бабының 3- тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу мұндай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осы Заңның 13бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген өзге де тәсілдермен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайларда жүзеге асырылады.

Жоғарыда айтылғандай «Электронды балабақша: компьютерлік бағдарламасына қосымша сервистік және техникалық қызмет көрсету» қызметін өзге тәсілдермен мемлекеттік сатып алу мүмкін болған. Істің бұл тұрғысында істі жаңадан қарауға жібермей, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жайлы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Департамент тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмегендіктен жеке ұйғару мен оны күшінде қалдырған апелляциялық саты сотының да қаулысының күші жойылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымы және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымының күші жойылсын.

«Маңғыстау облысының Білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.