ВС РК - Постановление от 23.12.2024 по делу 6001-24-00-6КГ/19 (Об административном правонарушении)

6кг-19-24

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 23 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.М.Мәукен,

судьялар Н.К.Құрманғалиев, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры А.Төремұратұлының, аудармашы Р.А.Таласпаеваның, Түркістан облысы бойынша экология Департаментінің өкілі С.А.Маннаповтың,

адвокат Е.А.Кимнің қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарының кассациялық наразылығымен келіп түскен,

жеке кәсіпкер Туламетов Жамшидбек Равшановичке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 328-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен жеке кәсіпкер (бұдан әрі - ЖК) Ж.Р.Туламетовке қатысты ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс бойынша құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылған. Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, жаңа қаулы шығарылған.

ЖК Ж.Р.Туламетов ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қызметіне 3 жыл мерзімге тыйым сала отырып, 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде - 2 584 400 теңге айыппұл салынған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары кассациялық наразылықта соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзуына байланысты соттың қабылдаған қаулысы қайта қарауға жататынын көрсеткен. ЖК Ж.Р.Туламетовтің экологиялық рұқсатты талап ететін қоршаған ортаға антропогендік әсермен байланысты қандай да бір қызметті жүзеге асырмайтынын, оның мұнай өнімдерін жинаумен, сақтаумен немесе кәдеге жаратумен айналыспағанын, мұндай қызмет түрі конкурстық негізде жүргізілетінін көрсетіп, оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп санап, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдыруды, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды сұраған. Сот алқасы, наразылықты қолдап, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, іс жүргізуді тоқтату жөніндегі бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы адвокаттың және наразылыққа қарсы болған уәкілетті орган өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылық уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.

ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әрбір істің мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективті анықтап, Кодекстің талаптарына сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.

Аталған Кодекстің 766-бабының 1)-3)-тармақтарында көзделгендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері; осы Кодексте әкімшілік жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға; жеке тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлілігі, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.

Іс материалдарына сәйкес Түркістан облысы бойынша Экология Департаментімен Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылында орналасқан ЖК Ж.Р.Туламетовке тиесілі қиыршық құм тас қоспасын өндіру карьеріне қауіпті мұнай өнімдерінің қалдықтарын (нефтешлам) экологиялық рұқсат құжатынсыз қабылдап, көму жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінің 106, 350 және 344-бабының талаптарының бұзылғаны анықталған.

Аталған факті бойынша ЖК Ж.Р.Туламетовке қатысты ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бірінші сатыдағы сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарын негізге ала отырып, экология департаменті маманының әкімшілік хаттама толтыру іс-әрекеттері заңсыз деп табылуына байланысты және әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқтығы туралы қорытындыға келіп, ЖК Ж.Р.Туламетовке қатысты іс жүргізуді тоқтатқан. ӘҚБтК-нің 829-6-бабы бойынша сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ адамды әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар бар ма деген мәселелердi анықтайды; қосымша материалдарды талап етіп алдырады.

Іс материалдарындағы Сайрам ауданы әкімі орынбасарының хатына сәйкес Сайрам ауданы Қарамұрт ауылдық округі, 076 орам аумағындағы жер көлемі 17 га, кадастрлық номері 19-295-076-1811 карьер Л.А.Шарасуловтың атына тіркеліп, 19.09.2005-19.09.2030 жылдар аралығында ЖК Ж.Р.Туламетовке құмды шағал қоспасын өндіруге №205 келісім-шарты берілген.

2021 жылғы 15 сәуірдегі №205 келісім-шартқа өзгерістер енгізу туралы №4 қосымша келісімге сәйкес, «шөгінді тау жынысын (құмқиыршық тас қоспасын)» өндіру болып өзгертілген.

Қызмет түріне қарағанда ЖК Ж.Р.Туламетов экологиялық рұқсатты талап ететін қоршаған ортаға антропогендік әсермен байланысты қандай да бір қызметті жүзеге асырмайды және ол мұнай өнімдерін жинау, сақтау немесе иелік ету және кәдеге жарату қызметімен де айналыспайды.

2024 жылғы 5 қаңтарда аталған карьерге белгісіз тұлғаның мұнай өнімдерінің қалдықтарын заңсыз төгу фактісі бойынша ЖК Ж.Р.Туламетов кінәлілерді анықтап, жауаптылыққа тарту туралы құқық қорғау органына арызбен жүгінген. Бұл мән-жай Сайрам ауданы полиция басқармасының мұнай қалдықтарын төккен автокөлік жүргізушісіне қатысты материалдар заңды процессуалдық шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданғаны туралы жауап хатымен қуатталады.

Аталған хатта баяндалғандай, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖСШ-нің мұнай өңдеу зауытынан түзілген қауіпті қалдық – мұнай қалдықтарын (нефтешлам) Түркістан облысы Сайрам ауданы 420370104, 69.956182 координаталық нүктедегі жер теліміне (құм-тас қоспасын өндіру карьерінің аумағына) «Мерседес» маркалы мемлекеттік номері КЗ 792 АЕХ жүк көлігінің (К.Я.Ахмедовке тиесілі) жүргізушісі заңсыз орналастырған.

Іс материалдарына тіркелген жүргізуші К.Я.Ахмедовтің түсініктемесінен көрінгеніндей, ол жоғарыда көрсетілген жүк көлігін жалға берген, тікелей өзі пайдаланбаған.

Алайда жергілікті соттармен аталған материалдар зерттелмеген, карьердің өндірістік қызметі тоқтатылғаны немесе өндіріс жүріп жатқаны, карьер иесі ЖК Ж.Р.Туламетовтің мұнай қалдықтарын орналастыруға қатысы бар-жоқтығы анықталмаған, оларға қандай да болмасын құқықтық баға берілмеген.

Яғни, жергілікті соттармен әкімшілік іске қатысты мән-жайларды толық және жан-жақты зерттеп, заңды шешім қабылдаудың шаралары қабылданбаған.

Апелляциялық саты мұнай қалдығы төгілген карьер ЖК Ж.Р.Туламетовке тиесілі деген негізбен ғана оны кінәлі деп тауып, әкімшілік жаза тағайындаған.

ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот қаулысы заңды және негізделген болуға тиіс.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы аталған заң талаптарына сай келмейді, күші жойылуға жатады.

Айтылғандар негізінде кассациялық алқа құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылуға, іс жаңадан сол соттың қарауына жолдануға жатады деп санайды.

Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге назар аударылып, істі жан-жақты қарап, бірінші сатыдағы соттың қаулысында көрсетілген процессуалдық бұзушылықтарды тексеріп, негізді және заңды шешім шығарылуы тиіс.

Кассациялық наразылық ішінара қанағаттандырылуға жатады.

Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жеке кәсіпкер Жамшидбек Равшанович Туламетовке қатысты Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан қарауына жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кассациялық наразылығы ішінара қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Е.Мәукен

Судьялар Н.Құрманғалиев

Г.Исамберлиева Көшірмесі дұрыс Судья Г.Исамберлиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.