Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/725 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 23 сәуір №6003-26-00-2к/725 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Қ[...] және жауапкер М[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк) жауапкер М[...] (бұдан әрі - жауапкер) несие қарызды кепіл мүліктен өндіру туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Банк аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер қарызды қайтармай жүргенімен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Банк кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 317бабының 1-тармағында борышкер кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған кезде кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiндігі белгіленсе, осы баптың 2-тармағында кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн жағдайлары нақтыланған.

Тиісінше, АК-нің 272-бабына сәйкес міндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.

Анықталғаны, 2022 жылғы 9 қыркүйекте Банк (қарыз беруші) пен жауапкер (қарыз алушы) арасында №KZ6/2022/F/L/019545 займ шарты (бұдан

әрі - шарт) жасалып, оған сәйкес соңғыға 6 266 000 теңге несие берілген, мақсаты - тұрғын үй сатып алуға.

Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 9 қыркүйекте тараптар арасында №KZ6/2022/W/P/01047 жылжымайтын мүлікті кепілге беру шарты жасалып, жауапкер Қызылорда қаласы, [...] (бұдан әрі - жылжымайтын мүлік) кепілге қойған.

2024 жылғы 24 қазандағы №ПР/1 «Global Capital» жауапкершілігі шектелуі серіктестігімен жүргізілген бағалау есебіне сәйкес кепіл мүлкінің нарықтық құны 12 108 302 теңгені құраған.

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы шешімімен жауапкерден Банктің пайдасына несие шарты бойынша қарызы 6 669 176 теңге және мемлекеттік баж 200 075 теңге өндірілген.

Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Қ[...] 2024 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен аталған шешімнің негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғап, жауапкердің жұмыс орнына жалақысынан және өзге де табысынан өндіру туралы қаулы жолданып, Банктің пайдасына барлығы 1 300 458 теңге және де сот орындаушының қызмет ақысына барлығы 262 339 теңге ұсталған.

Соттар талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімдерін кепіл мүліктен берешекті өндіру туралы талап қою төлем кестесі негізінде төлем жасаудың мерзімі аяқталмай қойылған, бүгінгі күні атқарушылық құжатқа сәйкес жауапкерден несие қарызы өндіріліп тұр, жауапкер тарапынан міндеттемені тиісінше орындамау, төлеуден жалтару фактісі анықталмаған деп негіздеген.

Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарын іс құжаттарына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп санайды, себебі, соттардың аталған тұжырымдары талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды және ондай негіздер азаматтық заңнамамен көзделмеген.

Жауапкер тарапынан қарызды ерікті түрде қайтару міндеттемесі ұзақ уақыт бойы тиісті түрде орындалмауда, талап қою сотқа түскен кезге берешек сомасы 6 043 352 теңгені құраған.

Кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 12 108 302 теңге, берешек сомамен салыстырғанда қарыздың мөлшері кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10% жоғары және міндеттеме алты айдан астам орындалмаған.

Кассациялық сот аталған мән-жайларды, шарт және заң талаптарын басшылыққа алып, несие алушы Банк алдында қалыптасқан қарыз сомасын өтемегенін, кепіл берушінің міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмағанын ескеріп, Банктің қарызды кепілге қойылған жылжымайтын мүліктен өндіру туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, Банктің талап қоюы және кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының талап қоюын қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер М[...] 2022 жылғы 9 қыркүйектегі №KZA/2022/F/L/019545 банктік қарыз шарты бойынша барлығы 6 043 352 (алты миллион қырық үш мың үш жүз елу екі) теңге қарызын кепіл беруші М[...] меншік құқығы негізінде тиесілі Қызылорда қаласы, [...] мекен-жайы бойынша орналасқан, жалпы ауданы 49,6 шаршы метр, тұрғын ауданы 35,2 шаршы метр, тұрғын бөлменің саны 3, жылжымайтын мүліктен бастапқы сату бағасын 12 108 302 (он екі миллион бір жүз сегіз мың үш жүз екі) теңге деп белгілеп, өндірілсін.

Жауапкер М[...] талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының пайдасына бірінші сатыдағы сотқа талап қоюмен жүгінгені үшін төленген 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге және кассациялық шағым бергені үшін төленген 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін. Талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.