Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Чаcтное определение от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2783 (Гражданское)

Ж Е К Е Ұ Й Ғ А Р Ы М

2026 жылғы 2 шілде №6003-26-00-2к/2783 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілдері Б[...] және Т[...], жауапкер өкілі Б[...], аудармашы Т[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының (бұдан әрі - Филиал) жауапкер «МК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 28 қантардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2025 жылғы 14 тамызда тараптар арасында №872 «Жобалау (жобалаусметалық) құжаттамасын әзірлеу» жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып (бұдан әрі - Шарт), оған сәйкес Серіктестік 27 667 946,88 теңге құрайтын ««Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының №3 СС-да АҮҚ-220/35/6кВ КРУ-6 кВ, ЩСН-0,4 кВ басқару, өлшеу панельдерін және кабельдік байланыстарды реконструкциялау» жұмыс жобасына жобалау-сметалық құжаттаманы (бұдан әрі - ЖСҚ) әзірлеуді Шарт жасалған күннен бастап 8 ай ішінде, яғни 2026 жылғы 14 сәуірге дейін орындауға, ал Филиал орындалған жұмысты қабылдап, төлем жүргізуге міндеттенген.

Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық ерекшелікке сай Шарт жасалғаннан кейін Серіктестік Филиалға:

  • 3 жұмыс күні ішінде жобаның бас инженерін тағайындау туралы бұйрықты, осы жобаны әзірлеуге жауапты өз қызметкерлерінің тізімін, олардың міндеттері мен өкілеттіктерін жазбаша түрде беру;

  • 5 жұмыс күні ішінде жұмыс жүргізу кестесін ұсыну, жоба сараптамасының оң қорытындысын алу үшін көрсетілген шарттармен шектелмей, барлық жұмыстарды орындау;

  • 10 жұмыс күні ішінде өзінің жауапты қызметкерлерінің тексеру және ақпарат жинау үшін жобалау объектісіне шығуын ұйымдастыру қажет болған.

Алайда, Серіктестік тарапынан аталған мерзімдер бұзылып, тиісті ақпараттар Филиалға берілмеген.

Филиал бұл жөнінде Серіктестікке 2025 жылғы 19 тамызда №27-2817/1279 хат арқылы ескертіп, тиісті ақпарат беру жөнінде сұрау салған,

Серіктестік сол күнгі №73 хатымен тек ғана жұмыс жүргізу кестесінің жобасын ұсынып, Шарт бойынша жұмыстарды атқару үшін бастапқы деректерді ұсынуды сұраған.

Филиал 2025 жылғы 26 тамыздағы №27-28-17/1313 хатымен Серіктестікке сұратылған бастапқы деректерді ұсынып, бір қатар ескертулер болуына байланысты (оларды көрсете отырып) жұмыс жүргізу кестесі бекітілмегенін хабарлаған және техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдауды сұраған.

Осыған қарамастан, Серіктестік техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдамау себепті Филиал 2025 жылғы 2 қыркүйекте №27-2817/1354 тағы да ескерту хат жолдаған.

Серіктестік 2025 жылғы 3 қыркүйектегі №77 хатымен техникалық ерекшелікке сай тапсыруы тиіс ақпаратты жолдай отырып, өзінің жауапты қызметкерлерінің тексеру және ақпарат жинау үшін жобалау объектісіне шығуын 2025 жылғы 5 қыркүйекте ұйымдастыратынын хабарлаған.

2025 жылғы 3 қыркүйекте Филиал Серіктестікке мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Шартты бұзу туралы хабарлама жіберген.

2025 жылғы 29 қазанда ЖСҚ әзірлеу жөніндегі мерзімдердің сақталмауына байланасты Филиалмен Шарт біржақты бұзылған.

Осыған орай, Филиал 2025 жылғы 5 қарашада Серіктестікпен Шарт бойынша міндеттемелер орындалмауына байланысты осы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Cеріктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотының 2026 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен аталған сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылған, Серіктестіктің кассациялық шағымы қанағаттандырылған.

Себебі, бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде аталған талап қою тиісті емес талап қоюшымен берілгенін ескермеген. Апелляциялық сатыдағы сот осы мән-жайға дұрыс баға бермеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 41-бабының 1-бөлігінде өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылатыны бекітілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабының 3-тармағына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлік бөліп береді және олар оның бекiткен ережелері негiзiнде әрекет етеді.

Филиал тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі Филиал заңды тұлға емес, ал талап қоюшының заңды тұлға болуы міндетті шарт, мұндай жағдайда талап қою құқығы «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Осы мән-жайларға соттар дұрыс баға бермеген, істі қараған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған.

Сол себепті, кассациялық сот «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының назарына осы іс бойынша орын алған заң бұзушылықтар жөнінде мәлімет үшін хабарлау қажет деп санайды.

АПК-тің 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

АПК-тің 268, 269, 270-баптарын басшылыққа алып, сот

Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар фактілері жөнінде мәлімет үшін назарына жеткізілсін.

Жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы 1 (бір) ай мерзімде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.